Алматы қаласы Алатау ауданы
№180 жалпы білім беретін мектептің
7 «Д» сынып жетекшісі Изимханова Жанат Оразбаевна
2020 жылдың 18 мамыр күні «EL ARNA» және «Balapan» телеарналарында екі тілде кезекті Республика көлемінде «Адалдық сағаты» акциясы жүргізілді. Алматы қаласы Алатау ауданындағы №180 жалпы білім беретін мектеп оқушылары, соның ішінде өзім жетекшілік ететін 7 «Д» сынып оқушылары да онлайн форматта ұйымдастырылған бейне дәрісті тамашалап, өз ойларын ортаға салды. Сыбайлас жемқорлыққа карсы іс-қимыл агентігінің Парасаттылық департаменті директорының орынбасары Ғанижан Асанұлы мұндай адалдық сағаттарының басты мақсаты оқушыларға жақсы біліммен қатар әділдік, парасаттылық, сенім құндылықтарының маңызын түсіну болып табылатындығын атап өтті.
Еліміздің ертеңгі тірегі болатын оқушыларға білім беріп отырған №180 жалпы білім беретін мектептің ұстаздары ұлы ағартушы Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек» деп айтқандай, сапалы біліммен қатар саналы тәрбиеде беруде. «Адалдық сағаты» оқушылардың бойында адалдық пен әділдік, адамгершілік пен парасаттылық қасиеттерін дамытуға өз үлесін сөзсіз қосуда.
Бүгінгі сабақ ұлтымыздың ұлы перзенті, дана, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175-жылдық мерей тойына арналды. Онлайн дәрістің тақырыбы – «Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай». Президент Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайды білу – өзіңді тану. Өзін-өзі тану және адамның тұрақты дамуы, ғылым мен білімнің басымдығы – жетілудің көрінісі. Бүгінде Абайдың сөзі жас ұрпақтың бағдары болуы тиіс», – деп атап өтті.
Біздің ұлы Абай атамыздың еңбектерін оқып қарасақ, үнемі адал еңбекті, елін сүйетін адалдық қасиеттерді дәріптегенін көреміз. Сондай еңбектерінің бірі 37-қара сөзінде адал еңбекпен жасалған іс, адамшылықтың белгісі екенін түсіндіреді. «Әрбір істі өз қолыңмен, адал еңбегіңмен жасауың керек, жай ғана көшіріп алып жүре берсек, мектебімізді бітіргенде өзіне сенімсіз, жеткілікті білімі жоқ оқушы болып шығамыз. Оның қандай пайдасы болады. Қорытындылай келсек, адал еңбек қана алға жетелейді», — дейді 7 «Д» сынып оқушысы Тұтқабай Ақбота.
«Толықтай келісемін. Көшіріп жазу, алдау кейін алауыздыққа, жемқорлыққа алып келеді. Сондықтан, барынша қазірден бастап өз-өздерімізді тәрбиелеуіміз қажет, кітап оқып, Абай атамыздың қара сөздерін түсініп, өздерімізді жетілдіруіміз керек!», — деп санайды 7 «Д» сынып оқушысы Кенже Есімхан.
Абайдың артына қалдырған өнегесі – өшпес әрі ұмытылмас мұра. Мен әрбір қазақ баласының Абай атамыздан үлгі алуы тиіс деп ойлаймын. Осындай видеолардан оқушылар өздеріне керекті қасиеттерді алып, рухани кемелденеді деп сенемін. Сыбайлас жемқорлыққа карсы іс-қимыл агентігінің Парасаттылық департаментінің оқушыларға тигізіп жатқан пайдалары үшін үлкен алғысымды білдіремін.