Home » Жаңалықтар » «БАЛАFEST» — ТІҢ БАСТЫ ИДЕЯСЫ – ЭКОСАУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ

«БАЛАFEST» — ТІҢ БАСТЫ ИДЕЯСЫ – ЭКОСАУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ

Балалардың түрлі бағыттағы шығармашылығын дамыту, қолдау мақсатындағы жасалып жатқан игі шаралардың қатарында «Алматы БАЛАFEST» фестивалін айтуымызға болады. Биыл үшінші мәрте  өткізілгелі отырған фестивальдің аудандық іріктеу кезеңдері басталып та кетті. Қашан да жаңалықтың жаршысы болып жүретін Наурызбай ауданы алғашқылардың бірі болып белсенділік танытты. №188 мектеп-гимниясында өткен фестивальге Наурызбай ауданына қарасты жалпы білім беретін  12 мектеп қатысып, бақ сынасты. Астын сызып айтарлық дүние, биылғы фестивальдің тақырыбы «Жасыл Алматы» деп аталып, экологиялық ахуалға бағытталыпты. Соңғы уақытта табиғи апаттардың жиілеп кетуі, қоршаған ортаның бұзылуы ұйымдастырушыларды да алаңдатып, өскелең ұрпақтың назарын аударғысы келгендігі қуантты. Фестивальдің басты мақсаты осы екендігін аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова да нақтылап берді:

Бұл фестиваль оқушыларды, ата-аналарды және педагогтерді бір арнаға тоғыстырып, үштіктің нәтижелі, табысты жұмыс жасауына септігін тигізеді. Сондай-ақ оқушылардың өмірлік белсенділігін және азаматтық ұстанымын қалыптастырады,  патриоттық сананы нығайтады, ғылыми ойлауын дамытып,  дарынды балаларды анықтайды. Ал биылғы фестивальдің басты мақсаты етіп экология мәселесін алдық. Жас ұрпақтың бойында табиғи ресурстарды қорғауға деген сүйіспеншілікті дамытып, экосауаттылықты арттыру – қоғамдағы өзекті мәселенің бірі деп айта аламын,- деп Салтанат Амангелдіқызы барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. №188 мектеп-гимназиясының директоры Базаргүл Мұхтарқызы да барлығына сәттілік тілеп, мұндай іс-шаралар жастардың таным көкжиегін арттыратын жеткізді.

   

Қара өлеңмен және жас мамандарының флешмобымен басталған іс-шара көркін белгілі «Алатау серілері» тобының әншілері рухты әндерімен қыздырды. Одан бөлек мектептің талантты оқушылары да өз өнерлерін паш етті. Фестиваль аясында қоршаған ортаны гүлдендіру мақсатында жасалған мектеп ауласындағы гүлзарларға көшеттер отырғызылып,   жазғы спорт алаңында  қызықты «ТИМБИЛДИНГ» ұйымдастырылды.

    

 Байқау «Қиял әлемі», «GREEN OASES», «Эко қала»  бағыттары бойынша өтті. Біріншісінде қолөнер жасаудан бақ сынаса, екіншісінде ландшафтық экожобалар таныстырылды. Ал өз  арманындағы Алматы қаласының жаңа бейнесі «Эко қала» бағыты бойынша таныстырылды.  Әділқазы құрамында Бостандық, Жетісу, Алатау ауданының ұстаздарынан бөлек «Іле Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің  ғылыми зерттеу бөлімінің маманы Жапарқұлов Тұңғыш Мойынбайұлы мен парктің эколог-ағартушысы Абилова Самал Нарынбайқызы болды. Ұсынылған номинациялар бойынша оқушылардың жұмыстарын жан-жақты саралаған, бағалаған әділқазылар келесі оқушыларды әр номинация бойынша жеңімпаз деп тауып, қалалық байқауға жолдама берді.  «Қиял әлемі» номинациясы бойынша №206 мг оқушылары Азанқұл Нұрқанаттың, Камиева Айарудың, №188 мг оқушысы Инкар Кожанованың, №157 ЖББМ оқушысы Орынбай Мұхаметқалидың жұмыстары үздік деп танылса, «GREEN OASES» номинациясы бойынша №192 ЖББМ оқушысы Айзере Құлмырза,  №200 мг оқушылары Абдумаулен Нұрасыл, Нұрлыбай Батыржан, №207 мл оқушысы Сәрсенбек Іңкәр ала шықты. №188 мг оқушылары Дидарқызы Айдана, Акрамова Диана, 174 мг оқушылары Айару Мирзақызы, Қаутай Қалина, №200 мг оқушылары Қалиғажы Алтынай, Тұңғатар Қалина «Эко қала» номинациясы бойынша озық болды.  Бұл фестиваль балалардың таланты мен шығармашылығын тағы бір жарқырата көрсетуге бағытталған мүмкіндік алаңына айналды және соны дәлелдей алды.

 

Меруерт Мәулетқызы,
Алматы қаласынан

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.