Алматы қаласындағы «Азаматтық авиация академиясы» жанындағы Авиация колледжінде «Жалпы білім беретін пәндер циклдік – әдістемелік бірлестігі» атты онкүндіктің салтанатты ашылуы болды. «Білім әлеміне саяхат» деп аталған онкүндіктің басты мақсаты – студенттердің нақты ғылымға деген қызығушылығын оятып, оқып-үйрену белсенділігі мен танымдық қабілетін арттыру. Сонымен қатар, шәкірт рухына отансүйгіштік, әсемдік, тапқырлық қасиетін дарыту болып отыр.
Онкүндіктің ашылу салтанатында алғышқы болып сөз алған колледж директоры Сәретбаев Әлжапар Нұрмұханұлы, авиация саласына дайындап отырған мамандықтың қай-қайсысы болсын жауапкершігі мол екенін ешқашан естен шығаруға болмайтынын айтты. Себебі, біз адам өмірін арқалаған мамандық иесіміз. Біз күнделікті біреудің әкесін, анасын, біреудің тіпті жалғыз ұлын не қызын алып ұшамыз. Сондықтан, техник-механик бір бұранданы бос бұраса ол ұшақты жойқын апатқа ұшыратуы мүмкін. Сол себепті, біз колледжден түлеп ұшқан мамандық иесіне өз мамандығы бойынша шеберлігін меңгеріп қана қоймай, жауапкершілік сезінуді үйретіп шығарамыз. Бүгінгі Жалпы білім беретін пәндер ұйымдастырып отырған онкүндіктің мақсаты да осы — деді, ол өз сөзінде.
Жиын барысында бірлестік оқытушыларымен тәжірибе алмасып, әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Онкүндікке радионавигация, радиолокация және байланыс технигі, техник-электрик және әуе тасымалын ұйымдастыру жөніндегі агенті бойынша мамандық дайындайтын бөлім шәкірттері қатысып, білім жарыстырды. Олар өз білімдерін қойылым арқылы көрсетті. «Вакансия жәрмеңкесі» атты қойылым өте тартымды өтті. Қойылым сценарийі бойынша осы коллдежді бітіріп кеткен шәкірт жұмысқа тұру үшін вакансия жәрмеңкесіне барады. Балалар әлеуметтік серіктестік жәрмеңкесінде қойылған сұрақтарға жауап бере алмай қалады. Осылай көңілдері түсіп отырғанда олардың жанына Алдар Көсе келеді.
– Балалар неге көңіл-күйлерің түсіп кеткен. Не болды? — деп сұрайды.
– Біздің түйіндемемізді қарастырамыз деп алып қалды — деп мұңаяды жас мамандар.
– Олай болса менімен бірге жүріңдер — деп, Алдар Көсе жастарды білім әлеміне саяхат жасауға ертеді. Жас мамандар Әл-Фараби, Чарьлз Бейбич сияқты ғалымдар кейпіндегі білім үйретіп тұрған мұғалімдермен бетпе-бет ұшырасады. Олар жалпы білім беру пәндері туралы білімдерін тереңдетіп, пысықтай бастайды. Әсіресе, техник-механик мамандығы бойынша ТМХ-239-2мт оқитын шәкірттер жасаған құлтемір жайлы білім өте тартымды болды. Олар информатиканың бес дәуірін – шотпен есептеуден бастап соңғы жасанды интеллектіге дейінгі құлтемірді жасаған екен. Роботтехника және ардуино информатика пәні бағыттарының бір жобасы – өрмекші, квадрокоптер, тікұшақ, погрузчик, ит кескіні іспеттес құлтемірдің жасалу техникасы жас мамандарды қатты қызықтырды. Жас мамандар қалауынша өздері білгісі келген сұрақтарға ғалымдардан жауап алды.
Сонымен, әсем ән мен төгілген күй күмбірі мерекелік іс-шараның шырайын келтіріп, жиналған қауымның көңіл-күйін көтерді. Онкүндік аясында өткізілетін іс-шаралардың сипатын әр пән өзі жайлы қызықты ақпаратпен, түрленген кейіпкерлермен таныстырып өтті.
Жиын соңында жалпы білім беретін пәндер онкүндігінің ашылу салтанатын ұйымдастырушылар Суименова Лаура Ақылбайқызы мен Сериккажина Ақбота Серікқажықызы 23 сәуірге дейін жалғасатын іс- шараларға бағдар жасады.
Әдістемелік бірлестік оқытушылары кәсіби шеберліктері мен шәкірттерінің еңбегін ұйымшылдықпен көрсетіп, көптің ризашылығына бөленді.
«BILIM AINASY»
Алматы қаласы