Home » Жаңалықтар » Мен новатор ұстазбын

Мен новатор ұстазбын

Алтынғаным ЖУМИНА,
Әбіш НЖББ мектебінің шағын орталық тәрбиешісі,
Қазталов ауданы, БҚО

             Қай кәсіп иесі де қолына қалам ұстатып, әріп танытатын мұғалімнің алдынан өтеді. Ел болашағын тәрбиелейтін ұстаздық мамандықтың жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары.

Осы жолды таңдағанда мен де алдымда қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты іске бел буып тұрғанымды жан-дүниеммен сезіндім. Сол себепті білім әлеміндегі оқытушылық қырымды әр кез дамытып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне өз үлесімді қосып келемін.

Жалпы новатор ұстаз болуды бүгінгі заман әрбір педагогтан талап етеді. Мен де жаңашылдықпен жұмыстану мақсатында «Ойын арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың сенсорлық және танымдық қабілеттерін арттыру» атты шығармашылық тақырыпты таңдадым. Осы ретте көптеген іс-шаралар, ертеңгіліктер, ұйымдастырылған оқу қызметтерін өткіздім.

Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндермен жұмыстанатындықтан, олардың денсаулығын нығайту мақсатында ұлттық ойындарға көбірек көңіл бөлемін. Елімізде Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен ұлттық құндылықтарымызды рухани жаңғыртуға, ұлттық ойындарымызға назар аударуға басымдық беріліп келеді. Осы үрдісті біз де білім ордасында жалғастырып, жас ұрпаққа ұмытыла бастаған ұлттық ойындарымызды ойнатамыз.

Мектеп жасына дейінгі балаларға дидактикалық ойындар арқылы сенсорлық тәрбие берудің де маңызы зор. Сол себепті ұйымдастырылған оқу қызметтерінде дидактикалық ойындарды көбірек қолданамын. Сонымен бірге бала бойына адамгершілік қасиеттерді ойын, салт-дәстүр, мақал-мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар, айтыс өлеңдер арқылы сіңіру – ата-ана мен тәрбиешілердің басты міндеті. Адамгершілік дүниесіндегі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тағы бір қымбат қазынамыз – бесік жыры, мақал-мәтелдер. Сондай-ақ балаларды еңбексүйгіштікке баулу арқылы адамгершілік, эстетикалық қасиеттерін дамытуға болады. Адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу күнделікті тәрбиешінің жұмыс күнін ұйымдастыру процесінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде қамтылатыны белгілі.

2018 жылы Елордада ұйымдастырылған «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңарту жағдайындағы оқу-тәрбие үрдісінің жасалу бағыттары» тақырыбындағы оқыту курсына қатысып келдім. Бұл тағылымдама менің тәрбиешілік жұмысымды жаңа бағытқа бұруға септігін тигізді десем артық айтқаным емес. Үнемі ізденіспен жұмыс жасай отырып, әріптестермен тәжірибе алмасудың да шығармашылық қабілетті жетілдіруге тигізер көмегі орасан. Шәкіртіңе үлгі болу үшін, өзіңді де үздік жолбастаушы ретінде көрсете білуің қажет. Әсіресе, жұмыстан қолым қалт еткенде басылым беттерін парақтап, әдеби кітаптар оқығанды жаным қалайды. Соның ішінде поэзиямен сусындап, сүйікті қаламгерлерімнің  өлеңдерін оқып, шығармашылық шабытыма шабыт қосамын. Соның бір дәлелі – 2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған қалалық мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиешілері арасындағы «Қадыр оқулары» байқауында алғыс хатпен марапатталуым. Атаулы мереке шеңберінде балалар басылымында балабақша тәрбиеленушілерінің танымдылығын арттыруға бағытталған танымдық мақалам үшін Құрмет грамотасын иелендім. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» ақпараттық-сараптамалық орталығы мен «Qazaq bilimi» республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журналы ұйымдастырған «Үздік педагогикалық мақала» байқауында «Үздік сабақ» номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орынға қол жеткіздім. Түрлі білім жетілдіру курстарына қатысып, әріптестеріммен тәжірибе алмасып, үнемі әдістемелік қоржынымды жаңартып, жаңғыртып отыруға тырысамын.

Шағын орталық қабырғасында балаларды мектепке дайындап, олардың одан әрі сапалы білім мен саналы тәрбие алуының бастапқы іргетасын қалыптастыруға тәрбиешілер ерінбей еңбектенуі тиіс. Балаға жан-жақты берілетін білім мен тәрбие нәтижелі болу үшін олармен жүргізілетін жұмыстың жүйелі болуына көңіл аударған жөн. 2018 жылы әріптестермен тәжірибе алмасу мақсатында жасақталған «Бала саусағын ойната отырып, тілін дамыту жолдары» атты әдістемелік көмекші құралым педагогтардың оң бағасына ие болды. Сонымен қатар мемлекеттік және атаулы мейрамдарды да ескерусіз қалдырмай, тәрбиеленушілермен бірге атап өту – олардың отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерін қалыптастырары сөзсіз. Оған қоса түрлі ертеңгіліктер мен ашық ұйымдастырылған оқу қызметтерінде де жаңа технологияға сәйкес әдіс-тәсілдерге басымдық беріп, әр тақырыптың бала санасына тереңірек енуіне күш саламын. Мысалы, «Алтын күз әсем айналам, еліне береке сыйлаған», «Шынықсаң шымыр боларсың», «Басты байлық – денсаулық», «Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру», «Сиқырлы пішіндер», «Түлкі мен тырна», «Үй жануарлары» және басқа да іс-шараларға шәкірттерім белсене қатысып, қызығушылық танытты. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында өткізілетін шараларға да оларды көбірек тартып, жан-жақты дамуына үлес қосып келемін.

Мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі мектепке дейінгі білім беру мекемелері тәрбиеленушілері арасындағы түрлі байқаулар да балалардың биікке ұмтылуына, өзін бағалай білуіне жол ашады. Осындай үлкен жетістіктеріміздің бірі – шәкіртім Алтын Тілешованың «Jarqyn joly» республикалық ғылыми-ақпараттық, танымдық-тәрбиелік порталы ұйымдастырған «Бақытты балабақша» байқауында дарындылығымен және ерекше шығармашылығымен үздіктер қатарынан көрініп, ІІ орынға ие болуы.

Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ болса, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы. Білім мен біліктілік бір-бірімен ұштасқанда ғана педагог өзін жаңа қырынан көрсетіп, ұстаздық жолы даралана түсеріне сенім мол. Мен де «жаңа заманның педагогы», «жаңашыл педагог» деген қатардағы оқытушыларға қойылатын талап үдесінен шығып, егемен еліміздің зиялы да зерделі буынын толықтыру үшін еңбектенемін. «Жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» деген қанатты сөз де тегін айтылмаса керек-ті. Білім ошағындағы білім сапасының жоғары болуы, адамгершілігі жоғары тұлғалардың тәрбиеленуі ондағы сөзі мен ісі келіскен мамандардың білім-біліктілігіне тікелей байланысты. Соның ішінде мектепке дейінгі және бастауышта берілетін білім берік қалануы тиіс деп ойлаймын. Бұл ретте мектептегі шағын орталық тәрбиешісі ретінде менің де арқалаған жүгім салмақты.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.