Home » Жаңалықтар » МЕКТЕП- БІЛІМ ТІРЕГІ

МЕКТЕП- БІЛІМ ТІРЕГІ

    Қарлы боран… Аяңдап, алға қарай ұмытылып келемін, бет қаратар емес. Діттеген межеге жетпей тоқтау ойда жоқ. Алдымнан төрт қабатты мемлекеттік мекеме көрінді. Нұр-Сұлтан қаласының «74 мектеп- гимназиясы». Ауласында қызу жұмыс жүріп жатыр. Әрине, боранды күннің машақаты кімге де болсын тансық емес.

Ішке қарай беттедім. Республикалық «Білім айнасы» ғылыми-танымдық газетінің «Бір күн» жобасы аясында жол түскен еді.  Ауа- райының қолайсыздығынан оқу сағаттары тоқтатылып, оқушылармен жүзбе- жүз кездесу бұйырмағанмен, ұстаздар қауымы сапқа тізген сарбазадай түгел. Мектеп директоры Жеңіскүл Темірханқызының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бағдагүл Рахымжанқызы оқу орнының тыныс- тіршілігімен сондай-ақ ұстаздар мен оқушылардың жетістіктерімен көзайым етті. Біздің де мақсат осы еді. 

74 мектеп- гимназия 2014 жылдың 1 қыркүйегінен жүйелі жұмысын бастап, оқу- тәрбие үдерісі мемелекеттік тілде оқытылады. Қазіргі уақытта мектеп- гимназияда 2200 оқушы, 128 мұғалім жұмыс атқаруда. Оның 75 пайызы жоғары және бірінші санатты. Жалпы мектепте 56 оқу кабинеті, 250 адамдық мәжіліс зал, екі спорт зал және кітапхана бар.

Мектепте оқушылардың ой- өрісін, қызығушылығы мен зерттеушілік қабілеттерін дамыту мақсатында STEM, (сурет) гидропоника, робототехника зертханалары, технология кабинеттерінде лазерлік станок, инновациялық физика, химия кабинеттері жұмыс істеуде. (сурет) Гидропоника кабинеті өткен жылдың мамыр айында ғана өз жұмысын бастағанымен, қазіргі таңда оқушылар технология мен құрылғыларды қолдана отырып, құлпынай, бидай, райхан, жалбыз, бұршақтар өсіріп, кәсіпкерлік негіздерін шыңдауда. Қалалық ғылыми жобалар сайысынан 10- сынып оқушысы Пермаханова Ақтолқынның «Ботаникалық бақ» жобасында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, STEM зертханасы бойынша оқушылар республикалық бірінші «STEM» олимпиадасынан екі команда да ІІ дәрежелі диплом иеленсе, тұңғыш президент күніне орай қалалық «ROBOFEST-2019” жарысында ІІІ дәрежелі дипломды қанжығаларына байлады.  Әр істің дәнекері, себепшісі, әрине- ұстаз. Осы орайда, жетекшілік еткен информатика мұғалімі Марат Бекболатұлының да еңбегін елемей кету әбестік болар. Шәкірттерінің биік белестері мен жеткен жетістіктері бүгін де мектептің абыройын асқақтатып, мерейін үстем етуде.

Тағы тоқтала кететін, «қазақтың 100 фильмі- ұрпақтар жадында» атты жаңа жоба да елең еткізді. Қазақ киносы арқылы ұлт мұраты мен елдік идеяны насихаттау барысында жүзеге асып жатқан бұл дүние тарихи, деректі, әдеби фильмдер көрсету арқылы ұлттық құндылықтарымызды, алтын қордағы кино-фильмдерімізбен, ұлы тұлғаларымыздың есімін есте мәңгі сақтау үшін таптырмас идея деп білемін. Аптаның әр бейсенбісі мектеп оқушылары фильмді тамашалап, соңына пікір алмасып, қорытынды жасайды. Әрине, бұл үрдіс тек көру қабілетін емес, ойлау, жеткізу, түйіндеу сыңды талай қырларын жетілдірері сөзсіз. Айта кетейік, оқушылардың тіпті кино майталмандарымен кездесіп, жүзбе-жүз сұхбаттасуларына да жағдай жасалынған.

Кітапхананың да атқарып жатқан жұмысының нәтижесін сөзге тиек етпеу мүмкін болмас. «Интернет орнына кітап» жобасы қыркүйек айынан бастап оқушылар игілігі үшін жұмыс жасауда. Білім алушылар үйлерінде шаң басып жатқан немесе оқылып болған кітаптарымен алмасып, осы көрмеге әкелу керек. Бүгінде 400-ден астам оқулық жеткізіліп, өз оқырманын тапқан.

Сондай-ақ, асхананың да есігін қағып, шамын жағып, аралап қайттым. Оқушыларға қолайлы жағдай қамтамасыз етіліп, «бала би» электронды карточкамен төлем ақы жасауға мүмкіндік бар. Яғни, ата-ана баласының нендей тағаммен ауқаттанып, қанша мөлшерде қаржы жұмсағанынан құлағдар бола алады. Бұл да бір, ата-анамен тығыз қарым-қатынастың айқын көрінісі. 

Естігенді емес, көзбен көргенді, қолмен ұстап, аяқпен жеткен жерді ғана дәріптейтін, өзгеге өнеге болсын деп насихаттайтын, мемлекет пен қарапайым халық арасындағы алтын көпір болғандықтан, дәл осы білім ордасынының бүгінгі жайын тілге тиек етіп отырмыз. Баланың ертеңі әрбіреуіміз үшін жұмбақ, ал бүгіні өз қолымызда.

Диана НҰРБЕКҚЫЗЫ
“BILIM AINASY”
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.