Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика әдістемелік бірлестігі белгілі ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Қажи Нұрсұлтанұлы Нұрсұлтановтың атында 5-6 сынып оқушылары үшін математикадан ІІ облыстық олимпиада өткізді. Олимпиадаға 320 –ға жуық оқушы қатысып, бақтарын сынады. Олимпиада аясында «Мұғалім зерттеуі – жетістікке бастар жол» атты республикалық ІІ ғылыми — тәжірибелік конференция қоса өтіп, математика мұғалімдерінің көкейінде жүрген өзекті мәселелер ортаға салынды.
— Қажи Нұрсұлтанұлының отандық математика саласына қосқан үлесі өте зор. Ол университетте дәріс бере жүріп, орта мектептердегі әріптестеріне үнемі қолдау білдіріп отырған. Сол арқылы баланың математикаға деген қызығушылығын мектеп партасынан бастап ояту керектігіне ерекше мән берген. Бүгінгі олимпиаданың мектеп оқушылары үшін өткізілуінің басты себебі де осында. Өз мамандығын жан-тәнімен сүйгенінің арқасында балаларға арнап «Жүлдегерлік жүз есеп», «Ертегі есептер», «Ойлау логикасы» атты қызықты әрі тартымды кітаптар жазып қалдырып, математика ғылымына «Дискретті математикалық логика», «Математикалық логиканың бастамалары» сынды құнды еңбектерін мұра етіп қалдырған. Бұның сыртында 300–ден астам ғылыми зерттеулері есепке жаны құмар жандар үшін таптырмас әдістемелік көмек болары сөзсіз. Олимпиада шеңберінде ұйымдастырылған конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен 40 –қа жуық баяндамашы тіркелгенімен, комиссия шешімімен 14-ң ғана жұмыстары қорғалуға алынды. Осы жұмыстар математика пәніндегі түйткілді мәселелер мен олардың шешілу жолдарын қарастырады. Баяндамашыларға сертификат табысталды, — дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі мектебіміздің математика пәнінің мұғалімі Нартай Советханұлы.
Түпкі мақсаты – дарынды оқушыларды анықтап, оларға қолдау білдіру, балалардың математикаға деген қызығушылықтарын оята түсу, математика пәні мұғалімдерінің озық іс-тәжірибелерін тарату, пікір алмасуды көздейтін олимпиаданың ашылуына ғалымнан әр жылдары білім алған шәкірттері қатысты. Солардың ішінде сөз алған мектебіміздің директоры Бағдан Қайыржанов, ғалымның алғашқы шәкірттерінің бірі Слямшайық Рахметжанов, Ерғали Есенжоловтар ұлағатты ұстаз, білікті ғалым жайлы жылы лебіздерін білдірді.
Хош, сонымен білім бәйгесінің шеңберінде өткізілген «Мұғалім зерттеуі – жетістікке бастар жол» атты конференцияға тоқталсақ. Конференция жұмысына облысымыздан бөлек, өзге облыс мұғалімдерінің өз жұмыстарын жіберуі мектепте математика пәнін оқытуда жаңашылдықтың қажет екенін көрсетсе керек. Тіптен Петропавлдық Н.В.Устинованың «Дифференцированное обучение на уроках математики на основе биологических ритмов учащихся», Назарбаев университетінен келген PhD Д.Б.Нұрахметовтің «Семей өңірінің ғалым-ұстаздары Қажи Нұрсұлтанұлы мен Сләмшайық Рахметжанұлының еңбектерінің бүгінгі білім беру саласына берері жайында», ф.м.ғ.к А.А.Анияровтың «Maple – компьютерлік математика жүйесін заманауи мектептерде оқыту», Нұр-Сұлтан қаласынан келген ұстаз Е.Ө.Шағимолдиннің «М.Дулатұлының математика оқулығын құрастырудағы ерекшеліктері және оның оқу мен оқытудағы ұстанымдары қазіргі білім беру жүйесіне қаншалықты сай келеді?» тақырыптарындағы баяндамаларға қарап, бұл конференцияның жай басқосу емес екендігін көре аламыз.
Конференция «Математика мұғалімінің іс-әрекетті зерттеуі: проблемалар мен перспективалар», «Өңірлік ғалым-математиктердің еңбектерін оқу-тәрбие процесінде насихаттау», «Математиканы оқытуда заманауи технологияларды қолдану» секцияларына бөлініп, педагогикалық идеялар жәрмеңкесі қоса өткізілді. Конференция барысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарылды.
Ал, олимпиада 2 – кезеңді қамтып, алғашқы кезеңде онлайн түрде бақ сынаған 753 оқушының жартысына жуығы екінші кезеңге қатысуға мүмкіндік алған. Жас математиктерге 40 тестік тапсырмалар берілді. Олардың барлығы мектеп бағдарламасынан алынып, ой ұшқырлығын тексеру үшін логикалық сұрақтарға негізделді. Белгіленген уақыт ішінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан шәкірттер олимпиада жеңімпаздары болып танылды. Ұйымдастырушылар шешімімен I-II-III жүлделі орындары бірнеше балаға қатар беріліп, нәтижесінде Экономикалық лицей, № 1,2,5,6,7, 11,12,15,16,17,22,23,31,36,37,38,42, 47, Быхин атындағы жалпы білім беретін мектептерден бөлек, Нұр-Сұлтан қаласының, Абай, Жарма, Аягөз аудандарының білім мекемелерінің шәкірттері айбыройлы қайтты. Жеңімпаздарға «Sem-Slada» кондитерлік өнімдер, «AGS Detailing» студиясы, «YGRA» fast food орталықтарының қаржылай көмегімен әзірленген естелік сыйлықтар табысталды. Ал конференцияға қатысушы ұстаздарға сертификаттар табысталып, келесі бас қосудың жоспары талқыланды.
Нұрғазы Тұрсынғазин,
Семей қаласындағы ФМБ НЗМ математика пәнінің мұғалімі,
педагогика ғылымдарының магистрі
Сәлеметсіздер ме? Біз Ақмола облысынан қалай қатыссақ болады