Home » Мақалалар » ҚҰРЫЛЫСТЫ ИНЖЕНЕРЛІК ЖАБДЫҚТАУ МӘСЕЛЕСІ

ҚҰРЫЛЫСТЫ ИНЖЕНЕРЛІК ЖАБДЫҚТАУ МӘСЕЛЕСІ

Құрылыс мамандығының қай заманда да өміршең де өзекті мәселе екендігі ешқандай дау тудырмайды. Адамзаттың өмір тіршілігінің өзі баспана, білім алу және тәрбиелену, жұмыс орны мен бос уақытын мағыналы өткізуі үшін қажетті арнайы орындарды қажет ететін ескерсек, осы мақсаттарға тағайындалған арнайы құрылыстардың болатындығы белгілі.

Қазіргі таңда, құрылыс мамандығы өте кең аяда оқытылып қарастырылады және салаланып бөлінеді. Біздің елімізде осы мамандық бойынша жастарды оқытып,  болашақ өмірге жолдама беретін бірнеше жоғары оқу орны бар. Соның ішінде шоқтығы биік тұратын Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы десек қателеспейміз. Жақын арада өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған осы білім ордасының Қазақстан Республикасы бойынша құрылысшы мамандар дайындаудағы еңбегі елеулі, абыройы атаулы.

Жалпы, құрылыс дегенде, бірінші – кез келген ғимарат құрылысын жобалау және тұрғызу жұмыстары ойға оралады. Шындығында солай ма?

Қазіргі заманауи құрылыстың қарастыратын мәселесі өте ауқымды. Болашақ салынатын құрылыс орнының топырағын зерттеудің өзі үлкен бір ғылымға жатады. Топырақ қасиеттері толық сараланып болғаннан кейін ғана ғимаратты жобалау және есептеу жұмыстары жүргізіледі. Ол ғимаратты тұрғызу үшін құрылыс жұмысын жүргізу технологиясы таңдалып, машина механизмдер іріктеледі, техникалық жақтары реттеледі. Дайын болған ғимараттың өміршеңдігін, оның тағайындалған талапқа сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін электр қуаты, су, жылу, газ, ауа алмасу және т.б. жүйелермен байланыстыратын әртүрлі инженерлік жабдықтар жобаланады. Ғимарат құрылысының құны мен пайдалану кезеңіндегі шығындарын есептеудің өзі —  экономика саласының өзекті мәселесі.

Осы аталған мәселелердің барлығы құрылыс мамандығының арнайы мамандандырылған салалары бойынша өз алдына бөлек тереңдетіліп оқытылады. Мысалы, В074 «Қала құрылыс, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс» деп аталатын білім беру тобы жекеленген 14 білім беру бағдарламасынан тұратынын ескерсек, әр саланың маңызы өте жоғары екенін байқауға болады.

Білім беру саласындағы көп жылдық тәжірибеге сүйене отырып, мынаны нақты айта аламыз – өз мамандығын саналы түрде тура таңдаған талапкерден үлкен үміт күтуге болады. Ол үшін білікті маман болам деген жас адам сол мамандықтың неге баулитынын анық білуге тиісті. Сол себепті, орта білім беретін мектептерде, арнайы орта білім орындарында, жоғары оқу орнының 1 курс студенттері арасында мамандық тану және кәсіби бағдар беру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отырады.

Өзіміз еңбек ететін Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында «Сумен жабдықтау және канализация», «Жылугазбен қамту және желдету» білім беру бағдарламалары бойынша студенттерге дәріс оқып келеміз. Осы шағын мақала аясында, мамандық таңдау жолындағы талапкерлерге кеңес ретінде, қысқаша түсініктер беріп кеткенді жөн көрдік.

Сонымен,  ғимарат құрылысы түсінігі тек есік пен терезеден тұратын қорап ұғымымен шектелмейді. Қазіргі заманғы тұрғын үйлер немесе қоғамдық, өнеркәсіптік ғимараттар өздерінің тағайындалу қызметіне қарай күрделі инженерлік жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимараттың инженерлік жабдықтарына инженерлік қондырғылардың күрделі кешені жатады, яғни электр қуатымен қамту, су әкелу және канализация, қоқыс шығару, газбен қамту, ауа алмастыру, жылыту, желдету жүйелері, сондай-ақ лифттер мен жүк көтергіш крандар және т.б.

Осылардың ішінен аталған мамандыққа сәйкес, су, канализация, жылыту және желдету жүйелерін кеңірек қарастырып өтейік. Адамзат талабына қажетті осы жүйелердің қалай туындағанын түсіну үшін қысқаша тарихи шолу жасайық. Адам баласы өзі пайда болған кезден бастап жер үсті және жер асты табиғи суларын өзінің өмірлік қажетіне игере бастады, яғни оларды ауыл шаруашылығына, балық аулауға, көлік жолы, тұрмыстық және ауыз су ретінде пайдаланды. Біздің э.д. алғашқы мың жылдықтардың өзінде сумен қамту және канализация құрылыстарын жүргізу қолға алынған. Ежелгі Египет, Ассирия, Вавилон сияқты қуатты мемлекеттердің территориясында каналдар, бөгеттер, су қоймалары салынып, өзеннің су деңгейін көтеруге арналған қарапайым құрылғылар қолданыла бастаған. Ауа-райы ыстық, қапырық және адам көп шоғырланған жерлерде әртүрлі жұқпалы аурулардың бой көтеруі мүмкіндігін ескеріп, тазалық жағына да көп мән берілген. Ежелгі Үнді елінде ақпа суларды әкету үшін қолданылатын алғашқы санитарлық-техникалық құрылғылар пайда болды. Грек, Рим сияқты ежелгі мемлекеттерде және Қазақстан аумағындағы Отырар, Сарайшық, Түркістан   сияқты тарихи орындарда қолданылған су беру және канализация жүйелері құрылысының құландысы мен сұлбасы осы күнге дейін сақталған.

Сумен қамту. Қалалық ықшам аудандарға немесе жекеленген мекемелік ғимараттарға су таратқыш жүйе құбырлары магистрал су құбырына байланыстыра қосылады. Тұтынушыларға су тарататын ішкі су құбыры ғимараттың кіре берісінен басталып, су бөлгіш арматурамен (кранмен) аяқталады және кіре берісте су өлшегіш түйіндермен жарақтандырылады. Су құбырлары тұтыну түріне қарай шаруашылық – ауыз су, өндірістік және өртке қарсы, сонымен қатар берілетін су температурасына байланысты суық және ыстық су құбырлары болып бөлінеді. Өндірістік талаптағы құбыр суының ауыз сумен салыстырғандағы тазалық дәрежесі төмен болғандықтан, оны технологиялық су деп те атайды. Сол себепті өндірістік қажеттілік үшін өзен, артезиан құдығы секілді табиғи су көздері де қолданылады. Өртке қарсы су құбыр жүйесі қалалық жалпы жүйеге немесе өндірістік жүйеге де жалғануы мүмкін.

Канализация. Адам баласының өмір тіршілігі мен өнеркәсіптік өндіріс нәтижелерінен ақпа сулар пайда болады. Яғни, тұрмыстық және өндірістік қажеттілікке жұмсалған таза су, пайдаланылғаннан кейін былғаныш суға айналады. Былғану дәрежесіне қарай ақпа сулар: тұрмыстық (шаруашылық- нәжіс сулар), өндірістік (өнеркәсіптік) және жауын сулары (атмосфералық) болып үш категорияға бөлінеді. Жауын сулары аты айтып тұрғандай табиғат құбылысына жатады, ылғал мол жағдайда елді мекендер немесе өндірістік орындар территорияларынан еңіске қарай ағып көлшіктер түзеді, болмаса батпаққа айналдырады. Осы ақпа суларды бір жерге жинап, оны белгілі бір территориядан әкету  және құрамын тазалау үшін канализация жүйесі қондырылады. Канализацияның сыртқы және ішкі желісі болады. Ішкі канализация желісі ғимараттан шыққан лас суды қабылдап сыртқы канализациялық желіге шығарады. Сыртқы канализациялық желі қала сыртына орналасқан тазалағыш ғимаратқа ақпа суларды тасымалдайтын жер асты құбырлары мен канализациялық коллекторлардан тұрады. Су тазалағышқа баратын жол бойына канализациялық ақпа суларды айдайтын станциялар орнатылады.

Біздің елімізде канализацияның ортақ қорытпа және жекеленген жүйесі қалыптасқан.

Ортақ қорытпа жүйесінде, ақпа сулардың барлық түрі құбырлар мен каналдардың бір ортақ жүйесі арқылы елді мекеннен тыс аумаққа әкетіледі.

Канализацияның жеке бөлектенген жүйесінде ақпа суларды шығару мынадай қағидамен іске асырылады. Жауын  сулары мен аса ластанбаған өндірістік сулар құбырлар мен каналдардың бір желісі арқылы шығарылып су қоймасына тазаланбастан (егер су құрамы санитарлық талаптарға қайшы келмесе) жіберіледі, ал тұрмыстық сулар мен ласталған өндірістік сулар құбырлар мен каналдардың басқа желісі арқылы су тазалағышқа тасымалданады. Арнайы су тазалағышта ақпа суларды құрамындағы зиянды қосындылардан рұқсат етілген мөлшерге дейін арылтып тазалайды да, су қоймасына құяды.

Жылыту және желдету жүйелері. Жылдың салқын мезгілінде, бөлме ішін жайлы жағдайда ұстау үшін, жылыту қажеттілігі туындайды. Адам мен оның айналасындағы тұрмыстық аспаптардың бәрі де үнемі жылу бөледі. Егер ғимарат қабырғасы мен қабат аралық жабындарының  жылу ұстау қасиеттері сәйкесті қамтамасыз етілсе және сырттан келетін салқын ауаға тосқауыл қойылса, бөлме ішінің жылылығы сақталады. Адам баласы өзін жайлы сезінуі үшін, жылы температурадан басқа, оған ылғалдылық пен таза ауа да аса қажет.

Жылыту мен желдету мәселелері бір бірімен тығыз байланысты болғандықтан, олардың арасындағы тиімді сәйкестікті белгілеу қажет. Ғимаратты жылыту мен желдетуге қолданылатын техника түрі – қоғам дамуының деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткішке жатады. Адамзат өзінің баспанасын жылытуды әуелі ашық ошақтармен бастаған, кейіннен саз балшықтан соғылған қазан пештерді қолданған. Будақтаған қара түтін бөлмені толтырып жайлап болғасын, төбеде немесе қабырғада арнайы орнатылған тесікпен далаға шығарылатын. Кейінірек пешті тұрбамен жалғау арқылы түтін бірден сыртқа жіберілді. Жылытудың бұл түрі, Қазақстанның көптеген аймақтарында XIX ғасырдың аяғына дейін қолданылып келді.

Адам көп жиналатын қоғамдық ғимараттарда немесе өндірістік зауыттарда қолданылған жылу жүйесі өзгешелеу болды – от жағылатын ошақ  жеке бөлмеге орнатылады, одан шыққан түтін жолдағы бөлмелерді жан жаққа таратылған тұрбаларды қуалай шығып жылытатын.

Бөлмені жылыту бір мәселе болса, сол жылуды ұстап тұру басқа мәселе болды. Бұрынырақта тұрғызылған ғимараттарда, қабырға қалыңдығының дұрыс есептелмеуінен, есік-терезе сапасының төмендігінен, жылытқыш қабаттардың өз қасиетін жоғалтуы салдарынан орасан мөлшерде жылу жоғалту орын алады. Сол себепті тұрғын жайлар мен қоғамдық ғимараттарда төмен температура әсерінен тоңу құбылысы пайда болады.

Қазіргі заманауи азаматтық және өнеркәсіптік бағыттағы ғимараттар, негізінен, орталық жылу жүйесімен жалғастырылған. Жылу электр станцияларынан шыққан жоғары температурадағы ыстық су магистрал құбырлар арқылы барлық тұтынушыға таратылып беріледі. Кейбір бөлмелерде «жылы еден» жүйесі де кеңінен қолданылуда, бұндай жағдайда еден астына электр қуатымен немесе ыстық су қызуымен жылытылатын элементтер төселеді, олардың қызу дәрежесі арнайы құрылғылармен реттеліп отырады.

Сумен жылыту жүйесімен қатар, ғимаратты қыздырылған ауамен жылыту жүйесі де қолданылады. Бұндай жағдайда, бөлмеге жылы ауа жіберіледі және сырттан келетін суық ауа жолына жылу пердесі ұсталады.

Орталықтандырылған жылу жүйесін барлық жерде бірдей қолдану мүмкін емес, кей жағдайда тіпті пайдасы да шамалы, себебі шақырымдап жол тартқан құбырлар өте қымбатқа түседі және жылу жол жөнекей шығындалып суып кетеді. Сондықтан, алыс шалғайдағы аудандарда ағаш, көмір немесе газбен жанатын пештер мен су қазандықтары табысты қолданылуда.

Осы аталған мамандықтар бойынша оқу бітірген жас мамандар Ұлттық компанияларда немесе әр түрлі өнеркәсіп саласында, соның ішінде көбінесе құрылыс кешендерінде жұмыс атқара алады. Себебі қазіргі таңда жылугазбен қамту, желдету және ауа баптау, сумен қамту және канализация жүйелерін жобалау, монтаждау және пайдалану – ірі мегаполистердің инфрақұрылымының біртұтас бөліктеріне жатады.

ҚР құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері бойынша құзырлы мекемелердің мәліметтеріне сүйенсек, жылу құбырларының жалпы ұзындығының 63% (11,7 мың км)  өзгертуді қажет етеді. Газ құбырларының да жағдайы аса жақсы емес. Сумен қамту саласы бойынша қолданыстағы су құбырлары да әртүрлі дәрежедегі жөндеуді талап етеді. Жалпы су құбырларының пайдалану мерзімі норматив бойынша 25 жыл екендігін ескерсек, бұл талапқа 36% ғана сәйкесті, ал қалған 64% су құбырларын күрделі жөндеуден өткізу немесе түбірімен өзгерту керек.

Бұл мәліметтер, елімізге осы мамандықтар бойынша мамандардың өте қажетті екенін байқатады.

Қазіргі кезде жылугазбен қамту мен желдету және сумен қамтамасыздау мен канализация мамандықтарын бітірген инженерлер республикамызда жеткіліксіз, ал ауылдық елді-мекендер мен аудан орталықтарында тіптен жоқтың қасы.

Сондықтан, бұл жағдайды, ел болашағына бей-жай қарай алмайтын ынталы жастар мен мамандықты дұрыс таңдауда лебізі жерде қалмайтын ата-аналар мен ұстаздардың ескергені орынды болады.

  Ауельбеков Сейлхан Шадибекович,
Ажгалиева Бану Аккуановна
Жалпы құрылыс факультетінің оқытушылары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.