Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – Ақмола облысы Шортанды ауданы Шортанды №3 қазақ орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Кабиева Жүмакүл Досанқызы. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Жумакул Досанқызы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Жүмакүлдей ұстаздың өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге. Ол – Торғай елінің тумасы. Ата-анасы қарапайым шаруа адамдары болды. Аяулы анасы мен асқар таудай әкесі өздері өмір кешкен дәуірдің әсерінен болар, сауат ашпаған екен. Сондықтан да болар өз бауыр еті балаларының тиісті білім алып, үлкен азамат болуын армандады. Сол үшін де барлығын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп тәрбиеледі. Әсіресе, қыр гүліндей құлпырған қызғалдақтарының ішінен ең үлкені Жүмакүлдің болашағына ерекше үлкен үмітпен қарады. Жастайынан білімге құштар Жүмакүл ата-анасының сеніміне еш шүбә келтірген емес. Мұғалім болу арманы, тұлымы желкілдеген жас қызды мектеп бітірісімен Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына әкеледі. 1983 жылы институттың физика-математика факультетін бітіріп жоғары білімді жас маман ұстаздық еңбек жолын бастайды. Сол кездердегі үрдіс бойынша оқу бітірген жас мамандарды облыстың кадрлар жетіспейтін шалғай аудандарына жіберу дағдысы бар еді. Жолдамамен алғашқы еңбек жолын Аманкелді ауданының жаңадан ашылып жатқан «Жангелді» кеңшарынан бастайды.»Жас келсе – іске» дегендей, аз ғана уақытта жас маман аталмыш мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын жан-жақты түсініп, үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында беделді бола білді. Кейін Арқалық қаласындағы «Б.Майлин»атындағы орыс-қазақ орта мектебінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметті абыроймен жалғастырады. Уақыт бір орнында тұрмайтыны анық. 2000 жылы отбасылық жағдайға байланысты Ақмола облысы Шортанды ауданының Шортанды кентіне көшіп келіп, мұндағы бірден-бір жалғыз қазақ мектебіне физика пәнінің оқытушысы ретінде қызметке орналасады. Содан бері біраз уақыт өтті. Жүйткіген уақыт ешкімге жеткізер емес…
Қаншама жылын шәкіріт тәрбиелеуге арнаған. Әйтсе де бойынан сол бір жастық жігердің ұшқыны жылдар өтсе де әлі де сөнбегенін сөзбен емес, нақты істер арқылы көрсетуде. Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіреді. Оның қайсар мінезі, қазақи ақ жарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі боларлық.
Ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2010 жылы Астана қаласында өткен физика пәнінен олимпиадаға үш оқушысы қатысып, 1,2,3 орын иеленді. Сол қажырлы еңбегі үшін Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы.АЛТЫНСАРИН» төс белгісімен және Шортанды ауданының 80 жылдық мерейтойына орай “Шортанды ауданының 80 жылдық “ төсбелгісімен, Білім және Ғылым министірің ” Құрмет грамотасымен“ марапатталған.
Сонымен қатар оқушылары үнемі жетістіктермен жүреді. Солардың ішінде айырықша атап өтсек; «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, қаншама дарынды жастардың еркін қанат қағып, самғау биігіне көтерілуіне дем беріп, ақыл-кеңесін беруде. Ол әр кезде білікті де, білімді шәкірттерін үнемі мақтан тұтады.
2017 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен өткен ІҮ Республикалық пәндік олимпиадасында «Физика» пәні бойынша Мустахов Тәукехан ІІ –дәрежелі диплом иегері атанды. ІҮ Республикалық пәндік олимпиадасының жүлдегері атанған Мұстахов Тәукехан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің грантын жеңіп алды.
Жұмкүл Досановна- тек ғана ұлағатты ұстаз ғана емес , аяулы жар, 2 ұл тәрбиелеп өсірген арадақты ана, ақылды ене, 7 немере өсіріп отырған бақытты әже, ағайын-туыстың ақылшысы, отбасының ұйытқысы мен берекесі, қамқоршысы бола білген асылжанды адам.
Ойымды қорыта келе оқытудың жаңа педагогикалық технологияларын жан-жақты меңгеру арқылы оқушының жеке тұлға ретінде дамуын қамтамасыз ету — әр ұстаздың абыройлы міндеті деп ойлаймын.
Жуырда ғана зейнет жасына жеткен Жұмакүл апайымызды, шын жүректен ұжым атынан құттықтап, еңбектің зейнетін көріп, ауырмай-сырқамай немере, шөберенің ортасында “Аяулы әже” атты иеленіп жүре беруіңізге тілектеспіз.
Бәделхан Алмагүл,
Ақмола облысы
Шортанды ауданы
Шортанды №3 қазақ орта мектебінің
тарих пәні мұғалімі