Шалғайдағы ауыл мектебінің мерейін үстем етіп жүрген сондай іскер басшылардың бірі – Батыс Қазақстан облысына қарасты Қазталов ауданындағы Көктерек орта жалпы білім беретін мектебінің директоры Қайырлы Байжанов.
Мектеп ісінің алға басуы ең алдымен басшыға байланысты екені белгілі. Білім ордасына рухани демеу беріп, бағыт сілтеп, өз ғұмырын бала тәрбиесіне арнап келе жатқан аталмыш білім ошағының бірінші тұлғасы туралы ризашылықпен айтуға болады.
Жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Қайырлы Сағындықұлы орта мектепті бітірген соң, арман қуып, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық университетіне оқуға түсіп, «тарих» мамандығы бойынша білім алады. Іргелі оқу орнын 1997 жылы тәмамдаған жас маман алғашқы еңбек жолын өз ауданындағы К.Мендалиев атындағы орта мектептен бастаған екен. Білім ордасында тарих пәнінің мұғалімі болып істеп жүріп, өзінің біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін, қызметке деген жауапкершілігін байқатқан кейіпкеріміз 2009 жылы аудандағы Жас негізгі жалпы білім беретін мектебінің директоры болып тағайындалады. Ал қазіргі күні Көктерек орта жалпы білім беретін мектебін абыройлы басқарып жүр.
Жалпы, мектеп басшысы болу үнемі ізденісті, тынымсыз еңбекқорлықты қажет етеді, оның үстіне шәкірт жүрегіне жол табумен қатар, ұжыммен тіл табысып кету үшін де адамның бойында ерекше қасиет болу керегі анық. Осы ретте ұжымды айрандай ұйытып, ынтымақтыққа бастай білген білікті директор алдымен мектептегі кадр мәселесінің тұрақталуына, педагогтардың қазіргі жаңа талапқа сай әлеуетінің көтерілуіне, білім мекемесінің заман талабына сай жұмыстануына қолдан келгенше мүмкіндік жасап, ұстаздарды әріптес ретінде де қолдап келеді.
Мектеп педагогтары осы жетістіктердің барлығы талантты басшының өзіне де, өзгеге де талап қоя білуінің және үйлесімді ұйымдастырушылығының нәтижесі деп біледі. Қайырлы Сағындықұлы – өз пәнінің білгір маманы, шығармашылық ізденістегі ұстаз. «Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі» демекші, Төлеген Боранов, Нұрбек Стамғазиев, Бибігүл Шәнгереева, Жұлдыз Наменова, Тоқтар Бақтығалиев, Мерей Бақтығалиев, Айкөркем, Ғұбайдолла, Айсана Базарбаева аудандық, облыстық пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Нұргүл Идирова, Нұрбек Стамғазиев – күні бүгін тарих пәнінің мұғалімдері, ал Төлеген Боранов, Ерназ Жұмабаев заңгер мамандығы бойынша қызмет жасауда. Сонымен қатар аудандық «Жыл мұғалімі – 2006» байқауында – бас жүлде, облыстық «Білім қиясы – үздік мұғалім» байқауында «Жаңашыл ұстаз» номинациясына ие болса, 2008 жылы облыстық білім басқармасының «Құрмет тақтасына» ұсынылды. Басшылық қызмет ете жүріп, Талдыапан орта жалпы білім беретін мектебінде 2012-2017 оқу жылдарында ҰБТ нәтижесі бойынша білім ордасы І, ІІ, ІV орындардан көрінді және пән олимпиадаларындағы жоғары көрсеткіштерге жетті. 2017-2018 оқу жылында Көктерек орта жалпы білім беретін мектебі ҰБТ жақсы нәтиже көрсетіп, 15 оқушының 14-і, 2018-2019 оқу жылында 10 оқушы грант иегері атанды. Мұндай жақсы көрсеткіштерге жетуі – мектеп басшысы мен әріптестерінің еңбегі деп айтуға болады.
Көктерек орта жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, зерттеуші- педагог Орынша Ахметжанова басшыларының қандай сұранысқа да лайық маман екенін айтты. – «Азамат жетім болмайды, халықтан болса панасы. Халық жетім болмайды, басшы болса данасы» деп, Сырым Датұлы айтқандай, қай басшы да ұжымына пана да, дана да бола білуі хақ. Соның ішінде мектепті басқару – өте үлкен парасаттылықты, мəдениеттілікті, сауаттылықты талап етеді. Шəкіртін аялап, əріптесін сыйлай білген адам ғана басшы бола алады. Қайырлы Сағындықұлы да сондай сабырлы, салмақты адам, сауатты, ізденімпаз ұстаз, – деді ол. Ал ата-ана Динара Дүйсақова:
– Қайырлы Сағындықұлы шәкірттеріне сапалы білім берумен қатар өмірге нық бағыттап, бірнеше білімді, парасатты, саналы ұрпақ тәрбиелеп шығарды. Оның білімінен сусындаған шәкірттері көптеген байқауларға қатысып, жүлделерге ие болды. Балаларымыздың мұғалімдеріне деген алғыстары шексіз, – дейді.
Қайырлы Байжанов кейбір басшылардай мансабына малданып, лауазымын алға тартып көрген емес. Қашан да өзінің ашық-жарқын мінезді адами болмысымен, өзін де, өзгені де сыйлата білетін қарапайым қалпымен көпке үлгі болып жүр.
Үміткер ОРЫНҒАЛИЕВ,
БҚО, Қазталов ауданы