ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Павлодар облысына жұмыс сапарымен келіп, Катаев атындағы Оқушылар сарайында облыстық ішкі саясат, кәсіподақ ұйымдары, білім беру саласының қызметкерлерімен және Қамқорлық кеңесінің жетекшілерімен кездесті. Алқалы жиынға аймақ басшысы Болат Бақауов қатысты.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың Жолдауы бойынша білім саласының алға қойылған мақсаттары, білім және ғылым министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, білім беру саласындағы артықшылықтар мен олқылықтар жайында ауқымды баяндама жасады.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Павлодар облысының білім беруден республикада бойынша бірінші орында тұрғанын алға тартып, павлодарлық ұстаздардың елеулі еңбегіне шығармашылық табыстар тіледі.
Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы қосымша білім беру жүйесі мен мемлекеттік меншікті жекешелендіру мәселесіне тоқталып, балабақшалар мен мектептердің аталмыш санатқа жатпайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Павлодар қаласының «екінші Павлодар» мөлтек ауданында жаңадан ашылғалы жатқан Оқушылар сарайы жайында да хабардар етті.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектептің бүгінгі ахуалы
Шолпан Таңатқызы сөзін балабақшадағы тәрбиеленушілердің пайыздық үлесінен бастады. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде республика бойынша сәбилердің 95,5%-ы мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылған. Ендігі мәселе балабақшалардағы жұмыстың сапасын арттыруға негізделмек.
- Биылдан бастап, балаларды ерте жастан дамыту және әлеуметтік ортаға
бейімдеу мақсатында алғаш рет оқыту-тәрбиелеу бағдарламасы іске қосылды, балаларды күнделікті бағалап отыратын қалыптастырушы бағалаудың нормалары бекітілді. Өкінішке орай, әлеуметтік желілерде мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі бала құқығы мен санитарлық талаптардың бұзылуына қатысты бейнебаяндар көбейіп, ата-аналардың арыз-шағымдары азаймай тұр. Осыған орай, лицензиялауды қайтару тәртібін қайтадан қолданысқа енгізуді қарастырып жатырмыз. Лицензиялау – білім мекемесінің жалпыға ортақ қарапайым нормаларға сәйкес болу-болмауына және қалыпты квалификациялау талаптарының орындалу-орындалмауына байланысты анықталатын болады.
Елімізде 2016 жылдан бастап, педагогтардың 94 пайызы жаңартылған білім беру мазмұны және критералды бағалау бағдарламасы бойынша арнайы курстардан өтті. Алдағы уақытта, оқу үрдісі 5 балдық академиялық білімнен функционалдық оқыту үлгісіне ауысатын болады. Алайда, қоғамда ата-аналардың критериалды бағалауды түсінбей жатқандары туралы сұрақтар көптеп қойылуда. Қалыптастырушы бағалау мен жиынтық бағалаудың тиімділігі және маңызы туралы, оқушылардың әр сабақ сайын нені меңгерді, нені әлі меңгеріп болған жоқ, нені меңгеруге тиіс екенін ата-аналарға түсіндіру жұмыстары әлі де өз деңгейінде жүргізілмей жатыр. Мектеп жұмысын ілгері аттатпай жатқан тағы бір мәселе, ол – сапалы кадрлардың жетіспеуі және мұғалімдер жүктемесінің шамадан тыс (18 сағаттан 27 сағат және одан да жоғары) көп болуы. Осыған орай, мектеп басшыларына бұл мәселелерді тереңнен талдап, тиімді шара қолдануға кеңес беремін, — деді.
-Бүгін мұғалімдер мен оқушыларға не ұнамайды, ата-аналар нені түсінбей жатыр? Қалыптастырушы бағалау, жиынтық бағалау керек пе, жоқ па? Әлде, қалыптастырушы бағалауды 10, 12 баллдық жүйемен алмастыру керек пе? Мұның бәрі қазіргі кезде талқыланып жатыр,-деп вице-министр жиналғандарға ой салып, қарсы ұсыныстар болса, қабылдауға ниетті екенін аңғартты. Ұстаздар тарапынан сұрақтар қойылып, жауаптар тыңдалды.
Жиын барысында мұғалімдер мен оқушылардың жүктемесін қысқарту, оқулықтардың сапасын жақсарту, 12 жылдық білім беру және латын әліппиіне көшу жайында да толымды мағлұматтар берілді.
Жалпы, 12 жылдық білім беру не үшін керек? Ол қашаннан басталады? Вице-
министр ханымның айтуынша, 2021 жылдан бастап, 1 сыныпқа алты жастан келген балалар мектепте 12 жылдық бағдарлама бойынша оқитын болады. Мұндағы мақсат: оқушыларға білім беру бағдарламасын меңгерту барысында функционалдық сауаттылығын дамытуды негізге алу және кәсіби бағдар беруді қамтамасыз ету. Яғни, барлық пәндер бойынша логикалық бағытта жұмыстар жасалып, оқушылардың өз ойы мен жеке көзқарасын қалыптастыру, дамыту мақсаттары жоспарланбақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — өз нәтижемізді өзге елдермен салыстырып, бәсекеге қабілетті болуға бетбұрыс жасау.
Мұғалімдердің еңбекақысы көбейеді
Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы тамыз конференциясында білікті мамандар тарту және педагогтардың мәртебесін көтеру мақсатында мұғалімдердің еңбекақысы төрт жылда екі есеге арттырылсын деген болатын. Іле, білім беру министрлігінде жаңа Заң қабылданып, сынып жетекшілік пен дәптер тексеру жұмыстары үшін мұғалімге төленетін еңбекақы екі есеге артатын болды. Сондай-ақ, мұғалімдердің білім сапасы мен кәсібилігін арттыру мақсатында жас мамандарға тәлімгерлік етушілер мен магистрлік білімі бар ұстаздарға да қосымша қомақты үстемақы қарастырылмақ.
Алдағы уақытта педагогтар мен мектеп директорларын аттестациялау жалғасады. Келер жылдан бастап, Ұлттық квалификациялық тестілеу арқылы мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері мен әдіскерлер біліктілігі мен санатына байланысты жоғары еңбекақыға қол жеткізбек. Бұл — колледж директорлары мен аудандық әдістемелік кабинеттердің меңгерушілеріне де қатысты жаңалық.
«Батпан құйрық, бұл не ғып айдалада жатқан құйрық» дегендей жалақы жайдан-жай төленбейді. Яғни, мектеп басшыларының бастапқы еңбекақысы олардың сапалы жұмысы мен мектептің жобалық қуатына сәйкес есептелетін болады.
ЖОО-лардағы жетістіктер мен «әттеген-айлар»
Шолпан Таңатқызының айтуынша, ауылдық жерлердегі колледждер жабылмайды, керісінше, оларды кеңейту жолдары қарастырылмақ. Мәселен, «Балабақша – мектеп – колледж» немесе «мектеп – колледж» кешендерінің үлгілерін де тиімді қолдануға болады. Колледждердің сапасын арттыру мақсатында сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға беру жобалары да біртіндеп жүзеге асырылып жатқан көрінеді.
Ал, «Жас маман» бағдарламасы аясында елімізде 180 колледж заманауи үлгідегі жаңа құрылғылармен қамтамасыз етіліп, сол құрылғылардың «тілін» меңгеріп, студенттерге сапалы білім мен кәсіби бағыт-бағдар беретін колледж ұстаздары шетелдік әріптестерден дәріс алатын болады.
Дуалды оқыту жүйесі кәсіпорындардың колледждерге деген қызығушылығы мен сұранысының жоқтығына байланысты жобаның өз міндетін әлі де толыққанды атқара алмай жатқанына өкініш білдірді. 10 жыл ішінде студенттердің 19 пайызы ғана біліммен қамтылған. Осыған байланысты, қазіргі кезде кәсіпорындарды тарту әрі ынталандыру көзделіп, мемлекеттік тапсырыстың 20 пайызына жуығы әріптес кәсіпорынның есебіне аударылатын болған.
Алқалы жиында жоғары оқу орындары да назардан тыс қалмады. ҚР Президенті «Сапасыз білім беретін жоғары оқу орындары болмауы керек»,- деп қадап айтқандай, жоо-лар бойынша саралау жұмыстары басталып кеткен. Осыдан бір жыл бұрын жоо-лардың стратегиялық даму потенциалын дамыту және халықаралық интеграция, білімді интеграциялау шеңберінде әлемдік деңгейге шығуға алтын көпір болған «Академиялық бостандық» заңнамасына сәйкес, жоо-лар білім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі бойынша өзара жарысатын болады. 2021 жылдан бастап, әр жоғары оқу орнының бұрынғыдай жеке бағдарламасы ғана емес, өз бетімен жұмыс жасайтын траекториясы, жеке диплом үлгілері де жасалмақ. Сөйтіп, әрқайсысы өз атын сақтап қалуға шындап күш салмақ.
Келер жылдан бастап, барлық білім беру ұйымдарында квалификациялық талаптар күшейтіліп, талапқа сай болмаған жағдайда, жаңа Заң жобасына сәйкес, лицензиясы уәкілетті органға қайтарылатын болады. Тексерумен қамтылатындар қатарында: мектеп, гимназия, лицей, колледждер де бар.
Сөз соңында Шолпан Таңатқызы білім саласының олқылықтардан тазарып, алдағы
күндері тек жақсара түсетініне сенім білдірді. Қатысушылар басқа емес, вице-министрдің өзі келіп, педагогтардың біліп-білмеген ақпараттарымен жүзбе-жүз бөліскеніне ризашылық танытты.
Айгүл МОЛДАШ,
Павлодар облысы
«BILIM AINASY» газеті.