Home » Мақалалар » Қоғам өміріндегі виртуалды шындық

Қоғам өміріндегі виртуалды шындық

Ғабитов Т.Х.,
филос.ғ.д., профессор
Батжанова А.А.
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ
Мәдениеттану мамандығы
2-курс магистранты

Бүгінгі ақпараттандыру заманында қазіргі өмірді ақпараттық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Ақпараттық революцияның екпінді дамуы нәтижесінде ол мемлекеттік басқарудың басты ресурсына айналды. Қазіргі цифровизация заманында  техникалық дамудың,  өндірістің жоғары деңгейімен және ақпараттық қызметтер мүддесімен сипатталатын ақпараттық қоғам қалыптасты. Ал ол өз алдына компьютерлік революцияның дамып, адам өмірінің, қоғам идеологиясының өзгеруі барлық салаларға жаңа ақпаратты технологияларды ендіру үдерісіне алып келді.
Компьютерлік виртуалды әлем технологиялары адам қызметінің көптеген салаларында: медицинада, криминалистикада, әскери істе, сәулетте, білім беруде, метеорологияда және т.б. салаларында қолданылады. Виртуалды шынайылықтың көптеген түрлері бар, бірақ олардың көпшілігі пайдаланушыларға кең ауқымда қол жетімді емес. Алайда виртуалды әлем Интернеттің, яғни коммуникативтік виртуалды әлемнің, дамуына байланысты қазіргі ақиқаттың ажырамас бөлігіне айналды.
Виртуалды әлем дегеніміз адамға шын сезім бере алатын техникалық құралдардан жасалған әлем. Ал виртуалды шындық (лат. virtus — ақиқат) — компьютерлік техниканың негізінде кеңістіктік-уақыттық континиумды адам тілектеріне сай өзгертіп, жаңа әлемді, шындықты — қолдан жасалған құрылымды қалыптастыру нәтижесі. Виртуалды шындық сөздің тар мағынасында «электронды көзәйнек» киіп алғаннан кейін пайда болатын заманауи компьютерлік технологиялардың көмегімен құрылған цифрлық әлем.
Постпостмодерннің негізгі бағыты және виртуализмнің ерекше белгісі — интерактивтілік. Сондықтан «виртуалды әлем» ұғымы екі түрлі мағынаны білдіреді: «қиялдану және көріну» мен «потенциал және шындық». Ал өнердегі виртуалды шындық — бұл компьютерлік құралдар жасаған жасанды орта, оған кіруге болады, оны ішінен өзгертіп, нақты сезімдерді сезінуге де мүмкіндік тудырады. Аудиовизуалды шындықтың осы жаңа түріне ене отырып, сіз оған енгізілген басқа адамдармен ғана емес, сонымен бірге жасанды кейіпкерлермен де байланыса аласыз. Интерактивтілік психикалық интерпретацияны көркемдік нысанды материалдық түрде өзгертетін нақты әсермен алмастыруға мүмкіндік береді. Көрерменнің, оқырманның бақылаушы рөлінен жасаушы, тудырушы рөліне ауысуы эстетикалық сананың жаңа түрін қалыптастырады. Эстетикалық ойлаудың, эмоциялардың, сезімдердің, қабылдаудың модификациясы шекараны, тұтастықты, тұрақтылықты жоғалтып,  эстетикалық объектінің өткізгіштігіне, ауысуына байланысты жаңа формада қалыптасады. Ашық жүйе ретінде жұмыс туралы пайымдаулар бейнелі мағынасын жоғалтады. Интерпретация кеңейіп, диалог тек ауызша және визуалды ғана емес, сонымен қатар компьютерлік суреті бар пайдаланушының сенсорлық, мінез–құлық полилогымен де ауыстырылады. Автор мен көпшіліктің рөлдері араласып, ақпаратты берудің желілік әдістері дәстүрлі кеңістік-уақыттық белгілерді ауыстырады.
VR техникалық құралдары арқылы қолданушыға көру, есту, иіс сезу, дәм сезу, т.б. сияқты оның сезімдері арқылы берілетін әлемді (нысандар мен субъектілерді) бейнелейді. Виртуалды шындық әсерге де, әсерге деген реакцияға да ұқсайды. Адам миындағы нейрондар нақты әлемнің элементтері сияқты виртуалды элементтерге де жауап береді. Сондықтан адам виртуалды ортаны қабылдайды және виртуалды әлем ішінде болып жатқан оқиғаларға шынайы өмірдегідей жауап береді.
Теориялық тұрғыдан алғанда, виртуалды шындық классикалық емес эстетиканың салыстырмалы түрде жаңа ұғымдарының бірі болып табылады. Дегенмен, адамдар жаңа ғасырда ғана емес, бұрыннан өз қиялдарынан туған түрлі әлемдерді, дүниелерді жасаған: теориялық конструкцияларда, түстерде, армандарда, ойындарда, көркем шығармаларда және т.б. Оған бірден мысал көркем әдебиеттегі Р. Толкиннің «Властелин колец», Дж. Роулингтің «Гарри Поттер», Дж. Мартиннің «Песнь льда и пламени»,  сондай-ақ, көркем шығармадан гөрі компьютерлік ойын жанрындағы әлемі бойынша танымал болған  «Warcraft» не «Ведьмак» туындыларын және компьютерлік ойын негізінде түсірілген кино/мультсериалды нұсқасы бар «Mortal Kombat» туралы айта кету жөн. Демек, мұндай ғаламдар бұрын да болған, бірақ адамдар оны тек өз қиялында ғана елестете отырып, оларды қызықтаған.
Бүгінгі күні адамдарда арнайы компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы өзге шындықты жасаудың, сол шындыққа енудің, өз көзімен көріп, қолымен ұстап көрудің мүлдем жаңа мүмкіндіктері пайда болды. Мысалы, кино индустриясында VR/AR технологияларды қолдану арқылы алғаш культты фильм «Матрица» шықса, ал кейіннен танымал «Звездные войны», «Аватар», «Интерстеллар», «Первому игроку приготовиться» сияқты туындылар киноиндустрияның жаңа даму сатысын құрады. Сондай-ақ, компьютерлік ойындардағы виртуалды әлемнің дамуы соншалық, оның негізінде бөлек субмәдениеттер пайда болып, кино/сериалдар түсірілді. Музей ісінде де, көркем бейнелеу өнерінде де VR/AR технологиялар өз орнын тауып, қоғам мәдениетінде жаңа бағыттар пайда болды. Мәселен, 1993 жылы қыркүйекте Нью-Йорк қаласында суретшілер Дж. Шоу және Г. Гренефельдтің «Сквозь зеркало» атты алғаш виртуалды көрмесі өтті. Ал бүгінгі таңда әлемнің кез келген мұражайында сіз үйіңізде отырып виртуалды гид арқылы экскурсия жасай аласыз, тек мұражай мен галереялар ғана емес, әлемнің кез келген қаласында сіз виртуалды түрде қыдыра аласыз. Онымен қоса, бүгінде кез келген театр қойылымында да виртуалды түрде болып қайту мүмкіндігіңіз бар.
Сондықтан бүгінгі цифровизация әлемінде виртуалдандырудың нақты мәдениет пен өнердің дамуында, сондай-ақ адамды мәдени тұрғыдан байытудағы рөлі күннен күнге артуда. Яғни, компьютерлік виртуалды шындық — қазіргі өркениеттің кездейсоқ құбылысы емес, қоғамның даму деңгейіне және мәдениеттің қазіргі конфигурациясына сәйкес келетін феномен болып табылады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет
  2. Кастельс М. Галактика Интернет. Екатеринбург, 2004. — 298 с.
  3. 3. Маньковская И.Б., Мотлевский В.Д. Виртуальная реальность. /Культурология. XX век- 373 с.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.