Home » Педагогикалық іс-тәжірибесі озық маман

Педагогикалық іс-тәжірибесі озық маман

   «Ұстаздық ету – өзіңнің уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау. Жарық дүниеде бұдан асқан мәртебелі, ізгілікті қызмет жоқ», — деген жазушы З.Қабдоловтың әдемі сөздерінің мән-маңызын мұғалім болғанымда түсіндім. Мұғалім болуды 9-10 жасымнан мақсат тұттым, өзім бала болсам да менен кейінгі сіңілім мен інілеріме жазу, сызу, оқуды үйреттім, осылай артымнан ерген сіңілім мектепке бармай тұрып әріп танып, әліппені үйренді», — дейді бүгінгі біздің кейіпкеріміз әрі ағылшын тілінің білікті маманы Әсел Құрманғалиқызы Пернебаева.

     Мұғалімдік тәжірибесі Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Әулие-Ата» университетінен бастау алған ұстаздың бүгінгі таңда педагогикалық еңбек өтілі он бес жыл. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы Құмшағал орта мектебін 2001 жылы үздік аттестатпен тәмамдаған Пернебаева Әсел Құрманғалиқызы, балалық арман-мақсаттарын жүзеге асыру үшін М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің «ағылшын және неміс тілі» мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түсіп, 2005 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын үздік дипломмен тәмамдайды.

   Оқу орнын тәмамдаған соң тәжірибе жинау мақсатында жоғарыда аталып өткен университетте еңбек етіп, екі жылдан соң өзінің бітірген пединститутының «Психология» магистріне оқуға түсіп, бұны да 2008 жылы үздік тәмамдап шығады.

«Оқу инемен құдық қазғандай» емес пе, өзінің бітірген оқу орнында «психология» магистрі атанған соң,  сол мекеменің ағылшын тілі кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарған кейіпкеріміз 14 жылдан соң  мектеп оқушыларына өзінің шет тілінің қыр-сырын үйрету мақсатында Тараз шаһарында 2018 жылы жаңадан ашылған №3 мектеп-лицейіне ауысады.

Мектеп — бұл білім саласындағы қиындығы мен қызығы қатар жүретін  үлкен алып кеме іспетті. Ал, мектеп мұғалімі – оның жүрегі. «Адамның бір қызығы бала деген» деп Абай Құнанбайұлы жазғандай, өмірінің мән-маңызын балаларына арнаған асыл аналар кейіпкеріміз Әсел Құрманғалиқызына өз алғыстарын айтуда. «Өйткені ағылшын тілінен IELTS тестінен жоғары нәтиже алған мектеп мұғалімінің балаларымызға үйретері өте көп» — дейді  №3 мектеп-лицейінің ата-аналары. Ал,  7 «Ә» сынып оқушылары Байысбек Әдемі мен Мазбай Жәмиләнің аналары бұл мұғалімнің білімі терең әрі кәсіби білікті маман ретінде жұмысына аса зор жауапкершілікпен қарайтын, өз кезегінде замануаи технологияларды сәтті қолдана білетін тұлға дейді. Осы сыныпта оқитын Серік Олжас: «Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсел Құрманғалиқызына алғысым шексіз! Өйткені оның сабақ беру тәсілі де жеңіл әрі түсінікті. Бір жыл біздерге сынып жетекші болды. Оның қыр-сырлы маман екендігін айтқым келеді. Оның сабақ түсіндіру тәсілі арқылы ағылшын тілінде еркін сөйлеуді үйренудемін», — деп шынайы пікір білдіріп, ыстық ықыласын көрсетті. Сонымен қатар, 10 «А» сынып оқушысы Әлмахан Әсел де ұстазға өз ризашылғын білдірді.

    Иә, оқушы мен ата-ананың ризашылығы еңбектің ақталғаны, өйткені бұл – халықтың алғысы. Ал, №3 мектеп-лицейінің директоры З.С.Абдирасилова мен директордың ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары А.И.Турекулова  кейіпкеріміз туралы оң пікірлерін білдіріп, былай деді: «Былтырғы оқу жылында мектептің жыл мұғалімі атанған білікті мамандардың бірі – Пернебаева Әсел Құрманғалиқызы әрі ол бір жыл ішінде педагог сарапшы біліктілік санатын алған өнегелі ұстаз. Оқушылары Шымыр Балауса, Серік Олжас,  Сұлтанқызы Гүлназ, Рысдаулет Олжас ағылшын тілі пәнінен бірінші дәрежелі дипломдармен марапатталды».

Әріптесі әрі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Г.Ж.Партенова: «Әсел Құрманғалиқызы  – Тараз қаласы әкімдігінің №3 мектеп-лицей коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ағылшын тілі пәні мұғалімі әрі сол кафедраның әдістемелік бірлестік жетекшісі. Оның білікті маман екендігін ашық сабақтарын жоғары деңгейде өткізуінен білуге болады. Оның педагогикалық іс-тәжірибесінің озық үлгісі мен кәсіби шеберлігі жас мамандарды тәнті етті. Сонымен қатар, ол — жаны таза адам, ұқыпты маман, аяулы жар, мейірімді ана. Бұл ұстазға шығармашылық табыс пен отбасылық бақыт-береке тілеймін! Жас келсе іске демекші, кафедра жетекшіміздің жас әрі білікті маман болуы барлығымызды қуантады!» — деп ағынан жарылды.

 

P.S. Ал, шәкірттерінің жетістіктеріне қуанған Пернебаева Әсел Құрманғалиқызы:

  • Бұлақ көрсең көзің аш дегендей, оқушыларымыздың жетістіктерін

естісек қуанышымызда шек жоқ, құдды бір өзіміз биік белестерді бағындырғандай сезінеміз! Өйткені ұстаз үшін шәкірттеріңнің білімді әрі адамдық қасиетінің жоғары болғандығы – еңбегіңнің ақталғандығы екен – деп ұстаздық өмірден сыр шертті.

 

Абай Сәдібекұлы,

«Bilim Ainasy» газеті,

Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.