Home » Мақалалар » ЛАТЫН НЕГІЗДІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ

ЛАТЫН НЕГІЗДІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ

Колбаева Жулдыз Агадиловна,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы
«ӨРЛЕУ» БАҰО» АҚ ФИЛИАЛЫ ЖАМБЫЛ
 ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ПЕДАГОГИКАЛЫҚ
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ
 ИНСТИТУТЫ, «ББПППС» кафедрасының аға оқытушысы

 Қазақ тілі – батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа кіретін тілдер – қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, қырым татары, қарайшай, балқар, құмық және тағы басқа тілдер. Қазақ тілі — өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл. Қазақ тілінің тарихы әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл.
Тіліміз еліміздегі азаматтардың өзара қарым-қатынас тілі болумен ғана шектеліп қалмайды, оның мұрағаттық, ақпараттық қасиеттері де мол. Ана тілімізде әдеби шығармалар, ғылыми-бұқаралық, техникалық, құқықтық, педагогикалық, саяси, өнертанушылық әдебиеттер жарияланады. Қазақ тілі – бай да құнарлы тілдердің қатарына жатады. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас. Қоғамның жылжып, өзгеруіне байланысты тіл де дамып, өзгеріп отырады. Қазақ тілінің қазіргі жай-күйі жөнінде әлі күнге көптеген мәселе қозға­лып келеді. Себебі ана тіліміздің өзге тілмен араласып кетуі біршама қиындықтар тудырып жүр.
Ұлттық сананы қалыптастыру жолында тілдің атқарар ролі өте маңызды. Жер бетіндегі адамзат баласына қатысты дүниенің негізі кілті тіл болса, сол тіл арқылы адам мен адам, қоғам мен қоғам, қауымдастықтар мен өркениеттер танысып ұғысады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдың ішінде зор табыстарға жетті, оның ішінде біз өзіміздің ана тіліміздің конституциялық құқықтары айқындалды. Әлемдік өркениет көшінде әрбір ұлт өзінің барлық құндылықтарын, әсіресе тіл деген ұлы байлығын шама келгенше қорғап, сақтап қалу жолында еңбектеніп келеді. Мемлекеттік тіл – ұлттық сананың ең басты кілті. Тілді сөйлеу арқылы санамыздың бір түкпірінде жатқан өткен тарихқа деген көзқарасымызды түзейміз, келешекке деген сеніміміз ұлғаяды. Қазіргі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі жан-жақты қарастырылып, 2025 жылға дейін толықтай көшіру жоспарланған болатын.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі алғаш рет еліміз егемендік алған тұста, яғни 1991 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін қалаған қоғам қайраткері, белгілі тілтанушы ғалым, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі Ә.Қайдардың мақаласынан бастау алды. Қазақ әліпбиінің тарихына үңілер болсақ 20 ғасыр басында қазақ тілі араб графикасынан латын әліпбиіне ауысқаны тарихтан мәлім. Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті 1928 жылдың 14 желтоқсанында жаңа әліпбиді енгізу туралы шешім шығарды.
Ахмет Байтұрсынұлы бастаған араб графикасын қолдаушылар төте жазу қазақ тілі үшін өте қолайлы деп есептеген. Араб тілінің 19 әрпі өзгеріссіз және 5 әрпі қазақ тілінің ерекшелігіне қарай өзгертілген күйде алынған болатын. Ал латын әліпбиінде 15 әріп өзгеріссіз қолданылады да, 7 әріпті қазақ тіліне икемдеуі керек болатын. Ал қазақ тіліне ғана тән әріптерге сәйкес әріптер мүлде жоқ, оларды ойдан шығару керек еді.
Латын графикасына өтуді жақтаған басты тұлғалардың бірі Телжан Шонанов болды. Өз кезегінде ол араб графикасына қарсы мынадай уәж айтқан: «Бұл әліпбидің басты кемшіліктері мыналар: диакритикалық белгілерді қолдану, 3-4 түрлі таңбаны қолдану (сөз басында, ортасында, соңында), жазылуындағы әріптердің өзара ұқсастығы; оңнан солға жазылуы, бұл баспа жұмысын қиындатады: араб графикасы арқылы ноталар мен ғылыми формулаларды түсуруге келмейтіндігі; жазу үрдісін баяулатуы, қазақ тілі дыбыстарын дәл бере алмауы; баспашылар қызметін күрделендіруі, басып шығарудың қосымша құралдарының қажеттілігі…». Осындай талқылаулар мен пікірталастардан кейін Қазақ орталық атқару комитетінің қарауына мына қазақ әліпбиі ұсынылды:
Алайда ҚазОАК-тің 1928 жылдың 14 желтоқсанында өткен IV сессиясында бұл әліпби «х» және «f» әріптерінсіз бекітілді. Әріптердің жалпы саны — 29.
30 жылдардың соңына қарай мемлекеттің сыртқы саяси бағытына байланысты мемлекет жалпылай кирилге өтеді. Тілшілер, әдебиетшілер мен педагогтар арасында араб-парсы сөздерінде кездесетін «һ» әрпі үлкен дау туғызды.  Ұзақ талқылаудан кейін араб-парсы сөздерінен енген сөздердің барына қатысты бұл әріп әліпбиде қалдырылды.  Ал орыс тілі арқылы келген ғылыми-техникалық терминдерді дұрыс жазу мақсатында жаңа қазақ әліпбиіне «ц», «ч», «щ», «ъ», «ь», «э», «ю», «я» әріптерін енгізу шешімі қабылданады.  Осылайша, орыс графикасына негізделген 41 әріптен тұратын (32 әріп орыс тілінен және қазақ тілінің ерекшелігін сақтайтын 9 әріп) жаңа қазақ әліпбиі 1940 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Президиумында бекітіледі.  Қазақ тілінің латынша әріптері кирилге ауысқан сәтте қандай болғанын мына жерден көруге болады:
Осы оқиғалардан кейін 77 жыл өте латын графикасының негізіндегі қазақ әліпбиі қайта жаңғырып жатыр. Біз қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру дегенді ағылшынның әріптерін қоя салу деп түсінбей, өз тіліміздің табиғатын сақтайтындай етіп жасағанымыз дұрыс. Ол үшін әрбір графеманың тілдегі қызметін терең түсіне отырып, тіліміздің әуені мен әуезін бұзбайтындай етіп, халыққа тиімді әрі оңай игеретіндей әліпби жасауымыз қажет. Біз тілімізді комьютерге емес, компьютерді тілімізге икемдегеніміз жөн.
Латынға көшу мәселесін Елбасы Н.Назарбаев 1995 және 2006 жылдары Қазақстан халық Ассамблеясының сессияларында, 2012 жылғы жолдауында көтерген болатын. 2017 жылдың 12 сәуірінде Егемен Қазақстан газетінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала жарияланды. Онда жаңа қазақ әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу бойынша нақты шешімдер көрсетіліп, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің үлгісін әзірлеу тапсырылды. Латын графикасына көшудің мынадай мақсаттары болды:

  • орыс әліпбиі мен орфографиясының боданынан шығу;
  • ұлттық бірегейлікті қалыптастыру;
  • диаспорлармен жазба, рухани, мәдени қатынасымызды сақтау;
  • түркі жазуларымен бір графикада болу арқылы жаһандану үдерісіне ену.

Латын әліпбиі арқылы орыстың «ё», «ц», «ь», «ъ», «э», «ю», «я» әріптерінен арыламыз және үндесім қағидасы сақталып, шет тілден енген сөздер ұлттық сипатта жазылып, айтылады. Ғылыми стильдегі мәтіндерде кеңінен қолданылатын терминдік сөздер қазақ тілінің орфорграфиялық ережелеріне сәйкес жазылады. Ағылшын тілінен енген сөздерді игерудің тетіктері қалыптасады.
Егемен еліміздің ертеңі Елбасы атап көрсеткендей, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» екеніне еш күмән жоқ. Осы тұста өз құндылықтарын, туған тілін жоғалтпайтын, бәсекеге дайын ұлт қана өзін-өзі ұлт ретінде сақтап қала алады. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры», – деген тағлым айтады. Туған тілін жоғалтпайтын ұлт қана өзін-өзі сақтап қала алады. Қазақ халқының болашағы, ана тіліміз тарих сахнасынан жойылып кетпей, жаһандану заманында жанданып, дамудың биік белесіне шығады деген үміт артамыз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру / Егемен Қазақстан, 12 сәуір 2017 ж.
2.Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан халқына Жолдауы / 14 желтоқсан 2012 ж. / http://www.akorda.kz/kz/official_documents/strategies_and_programs
3.Қазақ әліпбиі / https://kk.wikipedia.
4.Аналитический центр «Разумные решения» Латинизация алфавита. Узбекский опыт / http://analitika.оrg/Uzbekistan/uz-politics/606-20070519043222328.htmll.
5.Латын әліпбиі: рухани тәуелсіздік жолы / Қазақ үні, 11 сәуір 2017 ж. – 7 б.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.