Home » Мақалалар » Ел болашағын тәрбиелеуге үлес қосудамыз

Ел болашағын тәрбиелеуге үлес қосудамыз

Алтынғаным ЖУМИНА,
Әбіш НЖББ мектебінің шағын орталық тәрбиешісі,
Қазталов ауданы, БҚО

Егемен еліміздің ертеңі – білімді де тәрбиелі өскелең ұрпақ. Біз де өз кезегімізде ел болашағын тәрбиелеуге атсалысып, қызмет етудеміз.

Жас өскін – егемен елдің ертеңі. Мектеп жасына дейінгі балаларды қалыптастыруға мемлекет тарапынан да бар жағдай жасалуда. Елбасының, Мемлекет басшысының Жолдауларында жас ұрпақтың тәрбие мен білім алуы, қауіпсіздігі назардан тыс қалмайды. Бұл ретте ел болашағын тәрбиелейтін ұстаздық мамандықтың жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары. Білім әлеміндегі оқытушылық қырымды әр кез дамытып, мен де өскелең ұрпақ тәрбиесіне өз үлесімді қосып келемін.
Бүгінгі заман әрбір педагогтан жаңашылдықты талап етеді. Мен де жаңашылдықпен жұмыстану мақсатында «Ойын арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың сенсорлық және танымдық қабілеттерін арттыру» атты шығармашылық тақырыпты таңдадым. Осы ретте көптеген іс-шаралар, ертеңгіліктер, ұйымдастырылған оқу қызметтерін өткіздім.
Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің денсаулығын нығайту мақсатында ұлттық ойындарға көбірек көңіл бөлемін. Елімізде Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен ұлттық құндылықтарымызды рухани жаңғыртуға, ұлттық ойындарымызға назар аударуға басымдық беріліп келеді. Осы үрдісті біз де білім ордасында жалғастырып, жас ұрпаққа ұмытыла бастаған ұлттық ойындарымызды ойнатамыз.
Мектеп жасына дейінгі балаларға дидактикалық ойындар арқылы сенсорлық тәрбие берудің де маңызы зор. Ұйымдастырылған оқу қызметтерінде дидактикалық ойындарды көбірек қолданамын. Бала бойына адамгершілік қасиеттерді ойын, салт-дәстүр, мақал-мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар, айтыс өлеңдер арқылы сіңіру – ата-ана мен тәрбиешілердің басты міндеті. Адамгершілік дүниесіндегі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тағы бір қымбат қазынамыз – бесік жыры, мақал-мәтелдер. Балаларды еңбексүйгіштікке баулу арқылы адамгершілік, эстетикалық қасиеттерін дамытуға болады. Адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу күнделікті тәрбиешінің жұмыс күнін ұйымдастыру процесінде, ойын және оқу ісінде жоспарлы түрде қамтылатыны белгілі.
Үнемі ізденіспен жұмыс жасай отырып, әріптестермен тәжірибе алмасудың да шығармашылық қабілетті жетілдіруге тигізер көмегі орасан. Шәкіртіңе үлгі болу үшін, өзіңді де үздік жолбастаушы ретінде көрсете білуің қажет. Әсіресе, жұмыстан қолым қалт еткенде басылым беттерін парақтап, әдеби кітаптар оқығанды жаным қалайды. Соның ішінде поэзиямен сусындап, сүйікті қаламгерлерімнің  өлеңдерін оқып, шығармашылық шабытыма шабыт қосамын. Түрлі білім жетілдіру курстарына қатысып, әріптестеріммен тәжірибе алмасып, үнемі әдістемелік қоржынымды жаңартып, жаңғыртып отыруға тырысамын.
Шағын орталық қабырғасында балаларды мектепке дайындап, олардың одан әрі сапалы білім мен саналы тәрбие алуының бастапқы іргетасын қалыптастыруға тәрбиешілер ерінбей еңбектенуі тиіс. Балаға жан-жақты берілетін білім мен тәрбие нәтижелі болу үшін олармен жүргізілетін жұмыстың жүйелі болуына көңіл аударған жөн. Сонымен қатар мемлекеттік және атаулы мейрамдарды ескерусіз қалдырмай, тәрбиеленушілермен бірге атап өту – олардың отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерін қалыптастырары сөзсіз. Оған қоса түрлі ертеңгіліктер мен ашық ұйымдастырылған оқу қызметтерінде де жаңа технологияға сәйкес әдіс-тәсілдерге басымдық беріп, әр тақырыптың бала санасына тереңірек енуіне күш саламын. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында өткізілетін шараларға да оларды көбірек тартып, жан-жақты дамуына үлес қосып келемін.
Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ болса, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы. Білім мен біліктілік бір-бірімен ұштасқанда ғана педагог өзін жаңа қырынан көрсетіп, ұстаздық жолы даралана түсеріне сенім мол. Білім ошағындағы білім сапасының жоғары болуы, адамгершілігі жоғары тұлғалардың тәрбиеленуі ондағы сөзі мен ісі келіскен мамандардың білім-біліктілігіне тікелей байланысты. Соның ішінде мектепке дейінгі және бастауышта берілетін білім берік қалануы тиіс деп ойлаймын. Алдыма осындай мақсат-міндеттер қоя отырып, біздің алдымыздан өсіп-жетіліп, тәрбие нәрін сіңірген бүлдіршіннің болашақта Отанына адал қызмет етер елжанды ұрпақ боларына сенемін. Сол бағыттағы жұмысымды одан әрі жалғастырып, ізденіспен қызмет етуге мен де барымды саламын.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.