Бүгін Алматы қаласындағы №211 мектеп-гимназиясында «Жас сақшы» сыныбының ашылуына байланысты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Алматы қаласы Білім басқармасы және Ішкі істер департаментінің бірлескен жұмысы мен жоспары аясында полиция сыныптарының ашылуына орай ұйымдастырылып отырған бұл игілікті іс-шараға Алматы қаласы Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Асыл-Кеней Сағынжан Байболұлы, Түрксіб ауданының Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Амантаев Еркін Сартбайұлы, Түрксіб ауданының Полиция басқармасының Ардагерлер кеңесінің төрайымы Түменбаева Бағдагүл Түменбайқызы, Түрксіб ауданының Полиция басқармасының бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Қасымханова Әсел Омарханқызы келіп, «Жас сақшы» полиция сыныбына қабылданып жатқан оқушылардың ант қабылдауына қатысты. Іс-шараға сондай-ақ Түрксіб аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, аудан мектептерінен «Жас сарбаз» ұйымының мүшелері қатысты. Жиын құрметті қарауыл ротасының салтанатты маршпен Мемлекеттік туды ортаға шығаруымен және Гимннің орындалуымен ашылып, оркестрдің сүйемелдеуімен жалғасып жатты. Алғашы сөз кезегін мектеп басшысы Қасымова Айжан Тойбекқызы алып, еліміздің қорғаны болатын, үлгі бола білетін, адал қызмет атқаратын азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеу мақсатында ашылып отырған бұл сыныптардың әскери-патриоттық тәрбиеге оң ықпал ететіндігіне сенім білдіріп, «Жас сақшы» сыныбына қабылданып жатқан оқушыларға сәттіліктер тіледі. Келесі сәтте мектебіміздің 7-сынып оқушылары «Жас сақшы» полиция сыныптарына қабылдана отырып, «Ант» қабылдады.
Ант қабылдаған оқушыларды Алматы қаласы Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Асыл-Кеней Сағынжан Байболұлы мен Түрксіб ауданының Полиция басқармасының Ардагерлер кеңесінің төрайымы Түменбаева Бағдагүл Түменбайқызы құттықтап, ізгі лебіздерін білдірді. Түрксіб ауданының Полиция басқармасының бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Қасымханова Әсел Омарханқызы сөз алып, елжанды, патриот балаларымыз, елін сүйетін азаматтарымыз көп бола берсін деп тілегін білдіріп, мектеп директоры Айжан Тойбекқызын Түрксіб аудандық Полиция басқармасының атынан «Алғыс хатпен» марапаттады. Салтанатты іс-шара барысында «Жас сарбаз» ұйымының оқушылары ән айтып, әскери биін көрсетсе, Түрксіб ауданының Полиция басқармасының ғимаратты күзету тобының полицейі, полиция кіші сержанты Тоқтархан Олжас «Туған жер» әнін орындап, шараны қорытындылады. Міне, осылайша салтанатты түрде ашылып, үлкен қарқынмен өткен іс-шара ізгі лебіздермен аяқталып, бұндай игілікті бастамалар жалғасын таба берсін деген тілектер айтылып, естелік үшін суреттерге түсумен аяқталды.
Салтанатты іс-шараны жүргізген белгілі актер,
мектебіміздің ата-анасы Адырбеков Ерсұлтан Нұрбосынұлы.
Едігетегі Қанат Әбдіманапұлы,
Алматы қаласы
№211 мектеп-гимназиясының мұғалімі