Такежанова Бақыт Ақатқызы,
№59 мектеп-гимназияның оқытушысы
Алматы қаласы
Имандылық пен ізгі амалдардың түп төркінінде қайырымдылық деген үлкен дүниелер бар. Шындап келгенде, қайырымдылық деген — ол жүрек қалауы. Жүрегінің төріне қастерлі сезімін ұялатқан адамның қайырымдылық жасауының өзі бір сауапты іс есепті. Қоғам дамуында қаншама өзгеріс, төтенше жағдайлар орын алса да қайырымдылыққа жаны жақын адамдарға ондай келеңсіздіктер, қиыншылықтар кедергі келтірмейді.
Қасиетті Құран Кәрімнің өзінде: «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер» деген сөз бар. Адамға жақсылық жасау, мұқтаж жандарға қол ұшын беру, артындағыға қайырылу– адам баласының асыл мұраттарының бірі. Сондағы жетістікке жетудің дұрыс әрі ақиқат жолы – жақсылық жасап, қайырымдылық танытуда ма деп ойлайсың.
Биылғы жер-жаһанға қауіп төндірген пандемия біраз елдердің экономикасын құлдыратып, әлеуметтік жағдайын төмендетіп жіберді. Бұқара халық табыс көздерінен айырылды. Оқу жылы аяқталуға аз қалғанда балалар да қашықтықтан білім алуға ауысып, оқытудың жаңа жүйесіне көшті. Күні бүгінге дейін карантин мерзімі әлі де болса жалғасын табуда. Короновирус індеті әлемді өз құрсауынан босатпай тұрғандықтан жаңа оқу жылы қашықтықтан оқытылатын болып шешілді. Мемлекеттің ендігі міндеті- балалар онлайн білім алғанда ғаламтор желісінің сапасын арттырып, қажетті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз ету. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларындағы балалардың жағдайын жасауды қолға алу. Осы ретте демеушілік жасап, қол ұшын беруге асығып тұратын қамқор жандар мен ұлтжанды кәсіпкерлер өз тараптарынан көмектерін беріп, қолдау білдіріп жатуы жақсылықтың нышаны дерсің. «Бірлік бар жерде- тірлік бар». Осындай ынтымақтастықтың арқасында еліміздің түпкір-түкпірінде, шалғайдағы елді мекендерде ноутбук, планшет, қала берді компьютермен қамтамасыз ету ісі жүзеге асырылып келеді. Қайырымдылық акциясына ұстаздар қауымы мен мектеп басшылары да белсене атсалысып, жақсы іске ұйытқы болуда. Айталық, Алматы қаласындағы Түрксіб ауданына қарасты № 59 мектеп-гимназиясының директоры Қасымова Айжан Тойбекқызы мектеп тарапынан қашықтықтан оқыту кезінде уақытша қолдануға техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіп, оқу жылын жоспарға сай сәтті бастап кетті. Сонымен қатар, аяулы алақанды қамқор жандар, атап өтер болсақ, « Милосердие » қайырымдылық қоры – 1 ноутбук, «Салиқалы ұрпақ» –5 ноутбук және жеке кәсіпкер Максим Финогеновтің көмегімен 5 планшет қайтарымсыз мектебіміздің әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына табыс етті.
Бірлігі жарасқан ынтымақты ел болуда ізгі жандардың қамқорлығы, демеушілігі аса маңызды. Әсіресе осынау бір келеңсіз қиыншылық шақтарда тіпті де. Билік қоғаммен бірлік танытып, ұрпақ тәрбиесіндегі күрмеуі күрделі мәселелерді бірлесе атқарып, қоян-қолтық әрекет етсе, алынбайтын асу, шешілмейтін мәселе қалмайды.