Алматы қаласы Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектебінде “Кәсіптік бағдар” атты негізгі орта білім курсын аяқтаған білім алушыларға арналған оқу бағдарламасы ұйымдастырылды.
Бағдарламаның мақсаты-оқушылардың дұрыс мамандық таңдауына жол ашып, оқу орындарымен таныстыру.
Кәсіптік бағдар беру жұмысы жас ұрпақтың саналы түрде болашақ мамандығын қателеспей таңдауға мүмкіндік жасайды. Оқушыларға кәсіби бағдар беру және болашақ мамандығын анықтап алуға ықпал жасау ұстаздар қауымының алдында тұрған міндеттерінің бірі.
Осы орайда Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектебінің шаңырағына кәсіптік бағдар беру мақсатында КМҚК “Алматы технологиялық колледжі”, “Архитектура, дизайн және инженерия колледжі”, КМҚК
“Алматы құрылыс-техникалық колледжі” келіп қайтты. Оқушылар аталған оқу орындарының тыныс-тіршілігімен жақыннан таныс болды. Мектеп түлектеріне оқуға түсу талаптары, білім беру бағдарламаларымен таныстырып, түлектерді қызықтыратын көкейтесті сұрақтарға жауап берді. Кездесу соңында түлектер аталмыш талаптармен толық танысқандығын және алдағы уақытта білімін шыңдау мақсатында дұрыс бағдар таңдайтындығын сөз етті.
Алғы сөз №154 жалпы білім беретін мектебінің директоры Алмасбаева Қаламқас Қалиқызына берілді. Қаламқас Қалиқызы өз сөзінде:
—Бүгінгі іс-шара Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектебімізде негізгі орта білім курсын аяқтаған 123 білім алушыға мамандық таңдауда жол көрсету және Алматы қаласындағы арнаулы оқу орындарымер бірге отырып “Кәсіпке бағдарлау” жұмысын жүргізу болды. Сонымен қатар негізгі орта білім курсын аяқтағандығы туралы аттестат құжаттары тапсырылды.
Бұл іс-шара маңызды іс-шаралардың бірі деп ойлаймын. Себебі, мамандық таңдау жолында оқушылардың ойында жүрген сұрақтарға жауаптар берілді, — деді.
Бүгінгі шара балалардың көктем көңілінде сақталғаны сөзсіз.
Мамандық бір қарағанда жәй нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ ол бүкіл саналы ғұмырымыздың айнасы.
Бүгінгі іс-шарадан түйгеніміз таңдау жасау барысында мамандыққа сұраныс пен оның беделі, мансап перспективалары, еңбек жағдайлары, орташа жалақы сияқты аспектілерді ескеру қажет. Өзін-өзі көрсетуге, әлеуетін ашуға жағдайдың жасалуы да маңызды. Жалпы біздің жастарымыз жоғары сынып оқушылары болған уақытта көбіне болашақ мамандығын таңдауға тиісті көңіл бөле бермейтіні анық. Кей жастарымыздың студент атанған шақта осы мамандыққа амал жоқ, біреудің айтуымен түсіп едім деп қынжылып отыратындары да жасырын емес. Сол себепті оқушыларға бүгінгі шараның пайдасы мол.
Қорытындылай келе, жастарымызға болашақ мамандығын таңдауға жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Бұл әрбір адамның өміріндегі маңызды сәт, оны жіберіп алмау керек және таңдауға байыптылықпен қарау керек. Ал, арнаулы және жоғары оқу орнындағы табысты білім еңбек нарығында білімі мен біліктілігі бағаланатын білікті маман болуға мүмкіндік береді. Мамандықтың маңызын бала бойына сіңіріп, жазғы демалыстарын пайдалы өткізулеріне өз үлестерін қосып, саналы ғұмырларын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Иштван Қоңыр Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектебінің директоры Қаламқас Қалиқызы мен мектеп ұжымына толағай табыстар тілейміз. Шәкірттеріңіз үкілеген үміттеріңізді ақтасын!
Bilim Ainasy
Алматы қаласынан
журналист Ақерке Аманқызы