«№102 ЖББМ» КММ қазақ тілі мен
әдебиет пәнінің мұғалімі
Сейткожаева Алма Турсыналиевна
Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адам бағасының бір өлшемі де іспетті. «Адалдық” деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Қазақ пайымында адам бойында адалдық — пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді т.б. асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады. Көшпелі қазақтардың адамгершілік, адалдық қасиеттері тұрғысынан кіршіксіз таза, мәрт болатындығы туралы шетелдік саяхатшылардың қолжазбалары мен күнделіктерінен де кездестіруге болады. Осы тұста білім беру мекемелерінің қашықтан оқытуға көшуіне байланысты 18 мамыр күні кезекті «Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай» тақырыбындағы «Адалдық сағаты» онлайн форматында жүргізілді. Кезекті «Адалдық сағаты» екі бағытта:
- Бейне-дәрістің көрсетілімі жергілікті телеарналардың эфирі арқылы;
Орта білім беру мекемелері (9-11 сыныптар) және жоғары, орта кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жергілікті білім басқармасымен бірлесіп онлайн форматта ұйымдастырылды.
«Адалдық сағатын» ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаменті директорының орынбасары Ғанижан Асанұлы жүргізді. Өткізіліп отырған «Адалдық сағаттарының» басты мақсаты жеткіншек ұрпақтың бойына біліммен қатар әділдік, парасаттылық, сенім құндылыұтарының маңызын түсіндіру. Аталған сағатымыз Ұлы Әбу Насыр Әл-Фараби бабымыздың «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек.. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі», — деген сөздерінен бастау алды.
Аталған департаменттің атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарына тоқталып өтті. Мысалы, елімізде 3361 мектебінде «Адал ұрпақ» клубтары құрылған, 808 университет пен колледжде «Саналы ұрпақ» кеңселері ашылған, 4220 білім беру ошақтарында «Парасаттылық мектептері» жұмыс істеуде. Бұл бастамалардың барлығы еліміздің ертеңгі тірегі жас ұрпақтың бойына адалдық пен әділдік,адамгершілік және отансүйгіштік қасиеттерін дамытуға өз үлесін қосатынына сенеміз.
Биыл ұлтымыздың Ұлы перзенті дана ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Ол өзінің 176 өлеңі, 3 поэма, 45 қара сөзін бізге өнегелі мұра ретінде қалдырды. Еңбектеріне зер салсақ елдің үнемі алға жылжуына,өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, жалпы адалдық қасиеттерін дәріптегенің байқаймы. Сондықтан бүгінгі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаменті директорының орынбасары Ғанижан Асанұлы жүргізген сағатты өз еңбектері арқылы мұра еткен Абай атамызға арнады.
Әдеби мұраны сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу бізге берілген ең үлкен аманаттың бірі. Оған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі»,- деген орамды ойы айқын дәлел.
Ал, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай – қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы- парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн», деп елімізді жаңғырту жолында дана Абайдың өлеңдерінің ерекше орнын көрсетті.
Ұлы ойшыл жайлы агенттік төрағасы А.Шпекбаев «Парасаттылық ұғымын ХІХ ғасырдың өзінде-ақ Ұлы Абай «Толық адамға» тән негізгі қағидаттар арқылы ашып көрсетті. Олар жақсылық жасауға асығу, сөзі мен ісіне адал болу, білімге құштарлық», — дей келе Абай өлеңдерінің маңызын атап өтті.
Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінен мысал келтіре отырып, адал еңбектің түбі, адал ризық несібеге кеңелетінін оқырмандарға жеткізгендігін айтты.
Болашағымыздың жарқын болуы, білімді, адал, парасатты ұрпақтың қолында екенің тағы бір дәлелдеді.