«Мұғалімдердің қадірін енді ғана түсініп жатырмыз» — Акбобек Жолбасарова
Маңғыстау облысынан үш оқушының ата—анасы қашықтан оқыту форматына көшкелі мұғалімдердің маңыздылығы мен беделі одан әрі арта түскендігін айтып жеткізді.
2020 жылғы 18 сәуірде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Facebook-тегі ресми парақшасында вице-министр Ш. Т. Каринованың, қоғам қайраткері М. А. Әбеновтың, сондай-ақ журналистердің, блогерлердің және ата-аналардың қатысуымен «Қашықтықтан оқыту – оқушылар мен ата-аналар үшін жаңа тәжірибе» атты онлайн конференция болып өтті.
Ақтау қаласының №28 орта мектебінде үш баласы білім алатын Ақбөбек Жолбасарова балалармен қашықтықтан оқыту үлгісінде өзінің жұмыс жасау тәжірибесімен бөлісті.
А. Жолбасарова қашықтан оқытудың бастапқы кезінде Интернет желісінде болған қиындықтар шешілгендігін, мектеп пен балалардың, мұғалімдер мен ата-аналар арасында қарым-қатынас бір жүйеге келтірілгендігін атап өтті. Сондай-ақ, таңертеңгі сабақ «Балапан» арнасын көрумен басталатындығын, кейін «Whatsapp» мессенджері арқылы тапсырмаларды алатындығын айтып жеткізді. Мұғалімдер тарапынан уақытқа қатысты қатаң талаптардың қойылмайтындығына да тоқталып өтті.
«Ата-аналардың мұғалімдерге деген алғыстарын осы кезде көп жерден естіп жатырмын, мұғалімдердің қадірін енді ғана түсініп жатырмыз деп ойлаймын» — деді Акбобек Жолбасарова.
Әңгіме барысында Шолпан Каринова ата-аналардан осындай форматтағы білім беру қаншалықты ұнайтындығын сұрады.
«Әрине, қашықтықтан оқыту мектепке барғанмен бірдей емес, балаларым мектепті, өз мұғалімдерін сағынып жүр. Мұғалімдердің қадірін енді түсініп жатырмыз. Жалпы қашықтан оқыту қиындық туғызып жатқан жоқ. Үй тапсырмаларын орындау барысында «Балапан» және «Ел арна» арналары бойынша көрсетілетін сабақтар көп көмегін тигізіп жатыр» — деді Акбобек Жолбасарова сөз соңында.