Home » Мақалалар » Шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу

Шеберліктің белгісі – түрлі әдісті болу

ЖҚФ ассоц. профессоры,
т.ғ.к. Слямбаева А.Қ.

Факультетте көктемгі семестрдің басында деканның ұсынысымен «Оқытудың белсенді әдістері» тақырыбына әдістемелік семинар өткізілді. Ұжымның барлық оқытушылары тәжірибелерімен бөлісіп, өз белсенді әдістерін көрсетпекке тапсырма алғанбыз. Семинарға дайындық барысында, өткізу үстінде, кейінгі уақытта да ой салған мәселе туралы сөз қозғамақпын.

Құзыреттілік тәсілге көшу кезінде оқыту әдістерін өзгертудің ықтимал бағыттарының бірі – оқу үдерісінде оқытудың белсенді әдістерін пайдалану болмақ. Оқытудың белсенді әдістері  оқу материалын игеру үдерісінде студенттерді белсенді ойлау және практикалық әрекетке итермелейтін әдістер болып табылады. Оқу үдерісіне белсенді әдістерді енгізу студенттердің танымдық белсенділігін жандандырады, олардың қызығушылығы мен ынтасын күшейтеді, өз бетінше оқу қабілетін дамытады, студенттер мен оқытушылар арасындағы кері байланысты барынша мүмкін дәрежеде қамтамасыз етеді. Оқытудың белсенді әдістерін зерттеушілердің ойынша, материалды дәріспен беру кезінде ақпараттың 20% қолданылса, онда іскерлік әдістерде   90% дейін қолданылады.

Қазіргі уақытта оқытудың мынадай белсенді әдістері кеңінен таралған: практикалық эксперимент; жобалар әдісі, ми шабуылы, іскерлік ойындар, рөлдік ойындар, баскет-әдіс, тренингтер, компьютерлік оқыту бағдарламаларын пайдалана отырып оқыту, практикалық жағдайларды талдау (case-study) және топтық талқылау.

Ең тиімді әдістер – бұл іскерлік және рөлдік ойындар, топтар арасындағы жұмыс, яғни әр топ тапсырманы алады, оны шешу жолдарын анықтайды, оны іс жүзінде жүзеге асырады және бірге табылған нәтижені ұсынады. Топтық оқыту кезінде оқу тобы пайда болады, әр студенттің жеке басының қалыптасуына жағымды әсер етеді. Әр студент өз күшіне сене алады, пәнге қызығушылық сезінеді. Әрине, оқытушы үшін жұмыс көлемі артады, бірақ ол сапалы түрде өзгереді. Сонымен қатар, сабаққа арнайы материал дайындалып қана қоймай, мәселенің психологиялық жағы да шешілуі тиіс, яғни топтағы студенттердің өзара әрекеті қалыптасады. Мұндай сабаққа дайындалу көп уақытты қажет ететін сияқты. Студенттің өздігінен керекті, пайдалы ақпараттарды жинауы, өздігінен ізденуі және таңдау жасауы дегендей. Ең маңыздысы қызығушылық болу керек. Бірақ тек оқытушының қызығушылығы жеткіліксіз, студенттерде де сабаққа деген үлкен ықыласы болуы керек, алайда  бұл үнемі бола бермейді. Мұның бәрі оқытудың белсенді әдістеріне ықпал етуі мүмкін.

Алшасынан түскен асықтай белсенді әдістің жарамдысы табыла кетсе, студенттер –  енжар тыңдаушы емес, сабаққа белсенді қатысушы болады, ойлайды, салыстырады, талдайды, әлемді зерттейді, білімін, тәжірибесін кеңейтеді, жаңа идеялар мен ойлар пайда болады. Бір қызығы, бір кездері зерттеу қызметінде өзін сынап көрген және нәтижелері бойынша оң баға алған студенттер бұл қызметке қайта-қайта оралады. Осылайша, оқу белсенділігі үздіксіз және дәлелді сипатқа ие болады.

«Инженерлік механика» пәні бойынша да оқытудың талай белсенді әдістерін қолдануға болады, менің тәжірибемде ішкі күштердің эпюрлерін құруда  экспресс-тәсілді пайдаланып, тақтаға 3-4 студент қатар шығып, өздері есептерін құрастырып, қию әдісін жанай өтіп, тездетіп эпюрлер салғанда, бүкіл топ белсенеді. Сонымен бірге «формуланы есте сақтау» әдісін де студенттер жылы қабылдайды: мысалы, созылу-сығылу тақырыбы бойынша тік кернеуді анықтайтын формуланы «сөреден нан ал» деп біреуі айтса, екіншісі  «сабағы нашар адам» демек, бұл жерде формуладағы әріппен сөздің бірінші әрпі сәйкес келуі керек. Иілу тақырыбы кезіндегі жанама кернеудің формуласын былай «жаттаймыз»: «тапсырсаң коллоквиумды маған (менің фамилиям «с» әрпінен басталады), инженер боласың. Иілу кезіндегі беріктік шартын жазғанда «метродан метроға …» дегендей.

Білімді жалпылау кезеңінде Синквейн әдісі қолданылады. Синквейн құрастыру студенттен оқу материалын қысқаша қорытындылауды талап етеді. Бұл еркін шығармашылықтың бір түрі, бірақ белгілі бір ережелерге сәйкес. Синквейнді жазу ережелері келесідей: бірінші жолда бір сөз –  зат есім жазылады. Бұл – синквейн тақырыбы. Екінші жолда синквейн тақырыбын ашатын екі сын есім жазу керек. Үшінші жолда синквейн тақырыбына қатысты әрекеттерді сипаттайтын үш етістік келтіріледі. Төртінші жолда бүтін сөйлем тұрады. Бұл қанатты ой-өрнек, нақыл, дәйексөз немесе тақырып бойынша студент тапқан тұжырым  болуы мүмкін. Соңғы жол – синоним сөз, берілген тақырыпқа деген көзқарас, сезім немесе салыстыру. Негізі кез келген адам синквейндерді тез құра алады. Бұл әдістің артықшылықтары мынада:  оқытылатын материалға деген қызығушылықтың артуы;  қиялдық ойлау дамиды;  студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту;  талдау қабілетін дамытады;  ақпаратты сақтауға бөлінген уақыт қысқарады;  сөздік қоры көбейеді. Сабақта синквейнді құрастыру салыстырмалы түрде аз уақытты алады. Бұл әдіспен жұмыс жасау барысында студенттер кез келген тақырып бойынша алған білімдерін тереңдетіп қана қоймай, қосымша ақпарат көздерімен өз бетінше жұмыс істеу, оқу іс-әрекетін жоспарлау дағдыларын жетілдіреді. «Инженерлік механика» пәні бойынша студентердің құрастырған синквейндерін келтірейін:

Механика

Теориялық, инженерлік

Оқытады, тәжірибе жүргізеді, қолданылады

Құрылысты, техниканы түсінуге көмектеседі.

Ғылым

Деформация

Сызықтық, бұрыштық

Орын алады, жойылады, сақталады

Дененің өлшемдері мен пішіні өзгереді.

Гук заңы

Кернеу

Тік, жанама

Таралады, анықталады, беріктік шарты жазылады

Бірлік аудандағы ішкі күш.

Паскаль

Эпюр

Дәл, көрнекті

Құрылады, кескінделеді, көрсетеді

Ішкі күштердің өзгеру заңдылығы.

График

«Мәселелерді шешудегі зерттеу әдісі»: инженерлік  мәселелерді шешу үдерісі студенттердің талдау және синтез, индукция және шегеру, абстракция және нақтылау, салыстыру және контраст, жүйелеу және жалпылау сияқты маңызды ақыл-ой іс-қимылдарын  орындауын қамтиды. Егер мәселелерді шешу үдерісі зерттеушілік сипат берсе, осы әрекеттерді орындау сапасы едәуір артады. Зерттеу тек бір ғана жағдайды талдаумен шектелмей, осы тапсырмадағы барлық мүмкін жағдайларды қарастырудан тұрады. Бұл жағдайда уақыт үнемделеді, өйткені мәселенің бір шартын қолдана отырып, төрт-бес түрлі нұсқаны қарастырып, белгілі бір үлгіні алуға болады, ол тек бір жағдайды талдағанда айқын болмайды.

Мысалы, «Статикалық анықталған рамаларды есептеу» тақырыбында түйінге байланысты мына жәйтты қарастырайық: үш рама («п» әрпі тәріздес) беріледі, бірінші раманың түйіндері топсалы, тіректері қатаң бекітпе, екіншісінікі – түйіндері қатаң,  тіректері қатаң бекітпе, үшіншісінде – түйіндері қатаң,  жылжымайтын топсалы  тіректермен бекітілген. Ригельдің шеткі қималары қай рамада еркін бұрылады? Тіреулерді иілу деформациясына ілестіре ме?  Тіреулер бірінші рамада қандай деформацияларға  ұшырайды?  Екінші рамада  түсірілген жүктеменің әсерінен ригель ұштары  тіреу ұштарымен бірге бұрыла ма? Тіреулерде июші моменттер пайда бола ма? Ригельдің ортаңғы бөлігінде июші моменттер азая ма, көбейе ме? Тіреулерде июші моменттердің пайда болуы неге әкеп соғады? Тіреулердің қималарын үлкейтуге алып келеді де ме? тіректерге ол  әсер ете ма? Табанның әлсіз топырағында тірек қималарында июші моменттердің пайда болуы нені талап етеді? Инженерлік  ең жақсы шешім қайсысы? Қай жағдайда?

Осылайша, оқытудың белсенді әдістерін қолдану студенттің білім мөлшерін енжар  жинақтау үдерісінен кез-келген ақпараттық ресурстардың қол жетімділігі жағдайында оны әр түрлі іс-әрекеттерді игеруге ауыстыруға мүмкіндік береді, бұл, әрине, дәстүрлі емес мәселелерді шешуге қабілетті шығармашылық тұлғаның белсенді қалыптасуына ықпал етеді. Нәтижесінде студенттер қажетті деректерді іздеуді, оларды ұйымдастыруды, өңдеуді, талдауды және бағалауды үйренеді.

Қорытындылай келе, осы семинарды өткізуді ұсынған жалпы құрылыс факультетінің деканы Имамбаева Райхан Сальтайевнаға алғыс білдіремін. Жас оқытушыларға оқытудың белсенді әдістерімен жетене танысып, жұмыс барысында қолдана біліңдер демекпін. Өкінішке орай, үлгі тұтар біраз профессорларды  тыңдай алмадық. Соңында біздің қиын да берекелі жұмысымызда барлығыңызға сәттілік тілеймін.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.