Мемлекет басшысының Жарлығымен биылдан бастап Наурыз мерекесінің мәртебесі биіктеп, он күн қатарынан аталып өтілетін болды. 18 наурыз — “Ұлттық киім” күні болып белгіленді. Осыған орай Алматы қаласы білім басқармасына қарасты № 150 бөбекжай балабақшасының ұжымы мерекелік іс-шара өткізді. Бүлдіршіндер мен ата-аналар көздің жауын алатын ұлттық нақышта тігілген киім киіп қана қоймай киім үлгілері мен ұлттық әшекей-бұйымдардың атауына кеңінен тоқталды.
Ұлттық киімді дәріптеп, ұлықтауды мақсат еткен шара барысында балалар құнды ақпарат алып, танымын арттырды. Мысалы, шолпы — қыздардың бұрымына тағылатын әшекей, оны таққан қыз денесін тік ұстап, әдеп сақтап, ұқыпты жүрген. Шолпы екі үзбелі етіп күмістен соғылатын болған.
Ал шашбауды ерте заманда қыздарымыз бұрымын өргенде таққан, олардың шашбауы сылдырлап қай жерде жүргендігінен хабар берген деседі. Игі шарада сөз алған балабақша меңгерушісі Салтанат Нұғманқызы:
“Ең әдемі киім — ұлттық киім. Қазақ халқының ұлттық киім үлгілерінің түрі сан алуан, сол ерекшелігімізді неге көрсетпеске? Осы құндылықтарымызды бүгінгі мерекеде ұжым болып насихаттап жатырмыз, балалар да, ата-аналарда қуанышты, -деп ағынан жарылды.
Қазақ халқының ұлттық киімдері қолөнердің озық үлгісі ғана емес, дала жағдайына ыңғайланған сан алуан әшекейлермен, ою-өрнектерімен көркемделген ұлттың мәдени мұрасы. Қазіргі таңда ұлттық нақышта безендірілген, заманауи үлгідегі киімдер қолданысқа еніп келеді. Бұл үрдістен балабақшалар мен мектептер, басқа да оқу орындарындары қалыс қалмай, ұлттық үлгіде сәнді әрі мәнді киіну әдетін қалыптастыруды қолға алған. Ұлттық құндылықтарымыз жаңғырған айтулы күннің балалар тәрбиесінде маңызы зор.
«Bilim ainasy»
№150 балабақша атынан
Алматы қаласы