Home » Мақалалар » Абай әлемін тану- Абай мұрасына деген құрмет  

Абай әлемін тану- Абай мұрасына деген құрмет  

Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№177 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі
Сакеева Гүлхан Жаманбайқызы

Абай мұрасы — рухани кеңістікте адаспас шамшырақ. «Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет»,-деп елбасымыз Қ.Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында қазақ ұлтын, руханияты мен мәдениетін әлемге Абай арқылы таныту керектігін ерекше атап жазды.

           
Алматы қаласы, Жетісу ауданына қарасты №177 жалпы білім беретін мектепте «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушылардың кітап оқуға деген құштарлықтарын арттыру мақсатында әр түрлі іс шаралар өткізіліп отырады. 15 наурыз күні мектепішілік Абай мұрасы ұлттық болмысымыздың үлгісі екенін насихаттау мақсатында «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін…» атты Абай оқуы байқауы жоғары деңгейде өтті. Байқау барысында мектеп директоры Т.Т.Танатов Абай шығармалары өзектілігін жоймайтын, баршамызға рухани қазына болатын мұра екендігін айта отырып, екі рет іріктеу  кезеңінен өтіп, финалға шыққан, Абай туындыларын зерделеп, мәнерлеп оқып келген оқушыларға оң батасын берді.

Сондай — ақ байқау Абайдың ақындық болмысына терең үңілуге, оның шығармашылық өмірінен ғибрат алып, өмірде қолдана алуға бағыттау, оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту, дарынды оқушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында болды.

Байқаудың ашылуында мектебіміздің музыка пәнінің мұғалімі Жарқынай Умирбаева жетекшілік ететін «Назқоңыр» хор тобының орындауындағы Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай»  әні көрермендерге ерекше көңіл сыйлады.  9 «Ә» сынып оқушылары Сақан Ерқанат пен Көшімхан Ералы «Абай жолы» романынан Құнанбайдың Абайға айтқан үш мінін сахнада сомдап, Абайдың азаматтық бейнесін көрсете білді. Іріктеу кезеңінде көрермен көзайымы болған, Абай мұрасын ерекше ықылас қойып жаттаған Жартыбай Керемет пен ⁠Боранбай Думан да көркем сөздің хас шеберін көрсете білді. Абай оқуы байқауында іріктеуден өтіп, финалға шыққан оқушылар «Өлең- сөздің патшасы… » атты номинация бойынша сынға түсті. Абайдың мұраларын насихаттау барысында балалардың оқырмандық ой-өрісін кеңейтуге, мәнерлеп оқу машықтарын қалыптастыруды және ақынның бірнеше өлеңдерін жатқа білуі мұрат етілді.

   

Байқауға әділ бағасын беруге келген қонақтарымыз ақын, «Қаламымнан сағынышым сырғанап…» атты жыр жинағының авторы Алтыншапақ Хаутай,  «Ақ желкен» журналының тілшісі, ақын  Жандарбек Болатбекұлы және мектебіміздің білікті  ұстазы әрі ақын  Раушан Нығызбаева да ерекше ықыласпен оқушылардың еңбектерін  бағалады және мәнерлеп оқуларына жоғары бағасын берді.

Байқаудың  «Өлең сөздің патшасы» номинациясы бойынша  І орынды Тоқан Нұрдана жеңіп алды.  Ал ІІ орынды Бегадил Дидар мен Ержан Айзере, ІІІ орынды Сейтмұхамбет Тахмина мен  Зкрия Нурали  жүлделі орындарға ие болды. Финалда жеңімпаз атанған оқушыларды мектеп директоры Т.Т.Танатов  бағалы сыйлықтар мен мақтау қағазымен марапаттады. Сонымен қатар, мектеп кітапханашысы  Бибігүл Қайыпбергенқызы белсенді қатысқан оқушыларға арнайы  сыйлықтарын да табыстады.  Байқау соңында мектеп директоры Т.Т.Танатов: «Абай әлемін тану- Абай мұрасына деген құрмет», -дей отырып, келесі оқу жылында мектепішілік Абай оқуы жалғасын табатындығын және  Абайдың өсиет-өнегеге толы мұрасының насихатталуы қажет екенін баса айтылды. Байқау соңында Абай оқуына белсене қатысқан оқушылар мен жеңімпаздар  естелікке суретке түсті.

Қорыта келгенде, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісінде Абай өсиетінің маңызы зор.  Абай – ұлттық рухани әлемін танытушы кемеңгер тұлға. Ұлттық болмысымыздың үлгісі-  Абай мұрасында екенін келер ұрпаққа насихаттау баршаның міндеті.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.