Home » Мақалалар » Ұлттық  құндылықты бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеудің алғышарттары

Ұлттық  құндылықты бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеудің алғышарттары

Джауынгарова Алия Ауспековна,
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия»
МКК-нің бастауыш сынып мұғалімі

Жыл санауды былай қойғанда күн санап өзгеріп жатқан өзгермелі өмірде бала бойына ұлттық құндылықты сіңіру қажырлы еңбекті қажет етеді.   «Егесіз ел азар, иесіз жер тозар» деген даналық сөз бар қазақта. Бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтап, қылыштың жүзімен, найзаның ұшымен қорғаған ұлан-ғайыр дала ұлттық құндылығымен қастерлі. Ұлттық құндылықтар ұлтты құрметтеуден басталады. Салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, Тәуелсіздік құндылығын, тарихи танымды,  ел мен жерді, руханият, тіл мен  әдебиетті бағалауды бала  бойына сіңіру арқылы нәтижелі еңбек етеріміз анық.  Ұлттық дәстүрімізді дәріптеудің бір жолы,  оны  бойына сіңірудің алғышарты – оқушылардың ұлттық киім үлгісінде сабақ оқуы. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты», — деп, ұлттық киім киюдің өзі мәдениетімізден сыр беретінін ерекше атап өтті.

Бастауыш сыныптың оқушылары ұлттық киім кигенде өздерін сондай жайлы, қуанышты сезінеді. Әр баланың демеушісі де, қолдаушысы да – ата-анасы. Ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киім де балаларымызға жараса кетті.  Жүздері бал-бұл жайнап, сондай бір әдемі көрініс куәсі болудамыз. Ұлттық киімдегі оқушыларымызбен сабақ барысында сергіту сәті ретінде ұлттық ойын элементтерін пайдаланамыз, тіпті кейде қоңырау  кезінде де түрлі ойындар ойнатып жатамыз. Мектебімізде бала бойына  ұлттық құндылықтарды қалыптастыру ерекше маңызға ие. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы жұмысы негізінде оқушыларды  ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу жүзеге асырылуда. Негізгінен ұлттық құндылықтар – баланың  рухани-адамгершілік тұрғысынан дамуының, саналы тәрбие алуының іргетасы, сол себепті де қоңырауда балалармен домбыра, тоғызқұмалақ, асық ату т.б ұлттық ойындарды ойната отырып, қоңырауды ұтымды пайдалануға тырысамыз. Үлкен үзіліс кезінде оқушылармен «Қоңырауды тиімді пайдалану» жобасын өткізу оқушылардың қоңырау кезіндегі уақыттарын тиімді пайдалануға, ұйымшылдыққа баулиды. Аталған жұмыс түрі оқушылардың көңіл-күйін жақсартып, сабаққа деген қызығушылықтары арттыра түседі.

Неге десеңіз, заман ағымына қарай күн санап, түрлі жаңалықтарымен ерекшеленетін өзгермелі өмірдің әрбір сағаты шәкірт тәрбиелейтін ұстаздар қауымы үшін құнды болып табылады. Қолынан ұялы телефон  түспейтін шәкірттерді тәрбиелеудегі басты мақсаттардың  бірі – жаңалық көшінен қалмайтын, заман талабына сай, жан-жақты әрі ұлттық құндылықтарды игерген шәкірт тәрбиелеу. «Әр шәкіртін: дарын, жұлдыз, тұлға» деп қарап, осы мақсаттағы жұмыстар М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның оқу-тәрбие жүйесінде жүзеге асырудың мазмұны анықталып, «Білімді ұрпақ» бақылау штабының қызметі арқылы оң нәтижелеріне қол жеткізіп келеміз. Бұл жетістіктер мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымының әр тарапты өзіндік ізденісінің көрсеткіші деуге болады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.