Home » Айтарым бар » Отандық өнімге сұраныс бар, насихат аз

Отандық өнімге сұраныс бар, насихат аз

Қазан айының 23-жұлдызында республикалық «BILIM AINASY» газетінің бас редакторы Қуантай Амантайұлы отандық өнімді қолдау мақсатында «Зеренды» асылтұқымды шаруашылық ЖШС нің өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында өнеркәсіптің қысқаша жұмысымен танысты.

Бүгінде ешкі сүтінің пайдасы аз айтылып жүрген жоқ. Себебі емдік тұрғысынан ешкі сүтінің шипасы зор. Сонымен қатар сүттің құрамындағы темір ірікқараның сүтіне қарағанда әлдеқайда тез сіңеді. Күз айында иммунитеттің әлсірейтіні белгілі. Ендеше бұл мезгілде ешкі сүті таптырмайтын дәрумен. Ешкі сүтінің құрамында кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері, аскорбин қышқылы  көптеп кездеседі. Сонымен қатар балалар үшін ең пайдалы емдік сусын болып табылады. Жасанды, аралас қоректендіруге дайын тағамдардан гөрі баланы 6 айдан асқан соң ешкі сүтімен өсіруге әбден болады. Есіңізде болсын, ешкі малы туберкулез, сарып секілді аурулармен ауырмайды.

Швейцарияның таулы шипажайларында туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдыққандарды әу бастан-ақ ешкі сүтімен емдеген.

АҚШ мамандарының пікірінше, ешкі сүті сиыр сүтіне қарағанда адамның физиологиялық қажеттіліктерін оңтайлы қанағаттандырады. Олардың деректеріне сай, сиыр сүтіне аллергиясы бар адамдардың көпшілігі ешкі сүтін жеңіл көтереді. Бұл пікірді итальяндық медицина қызметкерлері жоққа шығаруда. Олардың зерттеулері керісінше нәтиже берген: сиыр сүтін көтере алмайтын балалар ешкі сүтін де бірдей әсермен  қабылдаған. Канадалық дәрігерлердің айтуынша, ешкі сүті тері мен буын ауруына шалдыққан адамдардың денсаулығына жақсы әсер етеді, әрі өт-тас ауруларын емдеуде, фибромиома мен балалар эпилепсиясын емдеуде аса пайдалы.

Ежелгі аңызға сенсек, найзағаймен алысқан Зевстің өзі Амалтея – тәңірлік керемет ешкісінің сүтін мүйізінен ішкен. Әл-Фараби ешкі сүті туралы: «ең тұрақты» — деп жазған. Емдік қасиеттерін күшейту үшін оны түрлі қоспалармен: көз бұршағының бұлыңғыр тартуына қарсы – күнжітпен, іш өтуге қарсы – теңіз тастарымен, арпа жармасымен қайнатқан.

Демек, ауырмаймыз десек, ешкі сүтін тамақ рационымызға міндетті түрде енгізіп қоюымыз қажет. Аталмыш фирма сонымен  қатар ешкі сүтінен ірімшік, айран, йогурт сынды бірнеше өнім түрлерін дайындайды «BILIM AINASY» газеті ешкі сүтінің бала денсаулығына пайдасының зор екенін ескере отырып, «Зерен» фабрикасымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Болашақта 99 ауруға шипа саналған ешкі сүтінің өнімдерінің пайдасына кеңірек әрі, қалай қол жеткізуге болатын жайында толық тарқататын боламыз.

 

АРНАБЕК Нұрбол

«BILIM AINASY» газеті

Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.