Алауова Гульжан Агабековна
Алматы қаласы
Әуезов ауданы
№13мектеп-гимназиясы
директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп төрелігін өзі шешкен қазақтың бір туар ұлы, данышпан ақын, ойшыл, дана ғұламаларының бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек!
Ол өткен заманның, кешегі түркі дүниесінің соққан тынысы болса да бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды Абай – лебі, Абай – үні, ана тынысы – заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді.
Жүрегін шырақ етіп жандырған,
Жырымен жан сусынын қандырған.
Өзіне – өзі орнатып ескерткішті,
Мұра қып, кейінгіге қалдырған.
Абайдың бұл сөздерінің мәні күні бүгінге дейін зор. Абай мұрасы — Адамды адам етіп тәрбиелеудің, жан — жақты дамыған зияткер тұлға қалыптастырудың қайнары. Ақынның толық адам туралы айтқандары – жас өскінді Адамды сүю, құрметтеу, елжандылық, биік адамгершілікке бастайтын жол. Сондай – ақ, әлемдік деңгейдегі білім талаптарына қол созып қана қоймай, соның ұшар басынан көріне білу — бүгінгі таңдағы ұлттық болмысымыздың, адами мақсат — міндеттеріміздің бұлтартпас бағыт, бағдары. Абай еңбегінің ең басты ерекшелігі тәрбиелік тағылымы толығымен құнды. Абай туындылары бүгінде біздер, ұстаздар үшін, ұлттық тәлім – тәрбиенің негізгі оқулығы рөлін атқаруда. Осы мақсатта мектебімізде абайтану пәні енгізіліп оқытылуда.
Абай білімі терең болғандықтан, оның шығармаларында дүние, өмір, тіршіліктің мағынасы, қоғам мен заман, болашақ туралы толғаған ойлары да аса терең.
Ендеше осы тереңдікті оқушыларға ұғындыру ұстаздан талай дүниені талап етеді.
Абай — мәңгілік тақырып. Әр ұрпақ Абайды өзінше танып, өзінше оқып, өзінше танытады. Дәл қазіргі уақытта рухы мықты ұрпақ тәрбиесі үшін Абай құдіреті қажет болып отыр. Әр адам баласы Абай әлеміне үңіліп, Абайға бет бұрғаны дұрыс. Әрбір азамат Абай қарасөздерін өзінің дұрыс жолға салар бағдаршамындай көруі керек. Себебі дана Абайдың айтқан әрбір сөзі саналы адамның көкірегіне ой салып, адамшылық жолға тәрбиелейтін өсиеттен тұрады.
Ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол.
Ұлы дананың қай еңбегін оқымайық, ол ақыл — нақылға, тағылымға толы. Әсіресе, қазір күн тәртібінде жан — жақты дамыған тұлға қалыптастыру мәселесі тұрғанда оны жүзеге асырудың бір жолы ретінде Абай мұрасына бет бұрыс жасау өте құптарлық іс болғандығына қуаныштымын.