Әкім Думан Нұрлыбекұлы
Қазақ ұлттық өнер университетінің
колледжі «Эстрада өнері» ПЦК-сы
«Актерлік өнер» мамандығының оқытушысы
Театр – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Оның өзгеше бір қасиеті, яғни әрекетке құрылған табиғаты сахналық ойын-сауықтың мазмұн-желісі мен идеялық-эстетика негізін құрайтын драма арқылы ашылады.
Театр әдеби шығарманы сахналық әрекетпен, өзіне тән бейнелі театрлық бояу-өрнекнекпен жаңа күйге түсіреді де драмадағы мінез – кейіпкерді, олардың өзара қарым-қатынастарынан, қақтығыстарынан туатын талас-тартыс пен іс-әрекеттеріне жан бітіріп, тірілтіп жібереді. Осыған орай көрермендер де театр сахнасында өтіп жатқан оқиға әрекет пен оған қатысушы қаһармандардың ой-арманына, шат күлкісі мен сезім діріліне, күйінішіне, жалпы тіршілік-тынысына бейжай, немқұрайлы емес, қайта бар ынта-зейінімен, ынтызар көңілімен қарайды, яғни олар осы сәтте сахналық өмір көріністерінің жай бейтарап, салқынқанды бақылаушысынан көрі тікелей қатысушысы ретінде бой көрсетеді.
Түптеп келгенде театрдың қоғамдық-тәрбиелік қызметі мен идеялық-эмоциялық, көркемдік-эстетикалық әсер күші де осыған саяды. Театрдағы басты тұлға, пьесадағы берілген жағдайға байланысты әрекет етіп, сахналық қаһарманның характерін жасайтын – актёр. Ол сахнада шығармашылық процесс кезінде пьеса материалын өзінің болмыс шындық туралы ой-түсінігімен, өмірде көріп-байқағандарымен, эстетикалық сезім-түйсігімен үнемі байытып, толықтырып отырады. Бұл тұста актёрдің бойынан орындаушылық өнерге қоса ойшыл суреткерлік қасиет те айқын аңғарылады.
Актёр образы пьеса және спектакльді қоюшы-режисёрдің (қара режисёрлық өнер) түсінік-шешімі мен түсіндірмесі негізінде өмірге келеді. Өнердің өзге түрлеріндей театрда өмір шындығын көркем образдар жүйесі арқылы бейнелейді. Ал мұның өзі спектакль бойынша жүзеге асады.