Home » Мақалалар » Қиялға бай актер

Қиялға бай актер

Қылышбай Гүлбаршын Рәшкенқызы
 Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақ ұлттық өнер
университеті колледжінің
оқытушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

       Ол Монғолия, Баян-өлгии (Бай бесік) Сагсай сумыны, Дайын өлкесінде дүниеге келді. Әуелден қиялға бай, ойы ұшқыр, тапқыр бала болатын. Бұл бәрін бейнемен көреді… Қ Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ  музыкалық драма театрының актері Қ Бұғыбаймен сұхбат.

 

— Бала Қасымхан кім болуды қалады?

— Бала күнімде бізде тек радио болды, ол жоғарыда тұратын, телевизор болмады. Нақты қай кезде басталғанын білмеймін, қатты ән айтқым келетін.  Бір күні радиодан «Мәриям Жагорқызы» әнін естіп қалдым, радиоға қарап тұрып тыңдадым. Әдемі орындаудағы әннің көңіліме қонғаны соншалық, көзімнен жас шығып кетті, сонда «Осы әнді тура осылай орындасам, менде арман жоқ» — деп ойладым. Әнге деген құмарым осындай болды. Әкеміз өте сері адам болды, дәрігер. Ол кезде дәрігерлер машинамен жүрмейтін, атпен жүретін. Алыста тау жақта тұратын малшыларға жиі баратын. Әншілік анамнан келген, әнді керемет айтатын, жас күнінде ата-анасы әншінің оқуына барамын дегенде жібермей қойыпты. Алтай тауларының бөктерінде өстім, әкеміз жаз шыға бізді малшы достарының қасына қосып, атқа қондыратын. Қой жаятынбыз, қой бағып  жүріп тау арасында айғайлап ән айтатынмын, кейде даланың тыныштығы, тұнықтығы сондай, менің салған әндерім көрші ауылдарға да естіледі екен

Кешке мені ауылдастарым «Емшінің баласы әндетіп қойын айдап келе жатыр» — деп қарсы алатын. 12-13жастағы кезім сонда. Табиғаттың, қоршаған ортаның адамзат баласына әсері болады ғой, міндетті түрде туған жерің, туған табиғатың сенің қаныңмен біте қайнасып жатады. Алтай тауларының өрлігі,  қысының қаттылығы, жазының аса жылы болмайтындығы мінезімнің қалыптасуына да әсер етті, көп жерде менің дауысымның тембріне қызығып жатады, ол да маған әсем табиғаттың берген сыйы деп түсінемін.

-Бала күніңнен көз алдында қандай бейнелер қалды?

— Әкем менің  жадымда үнемі терезе алдында кітап оқып отыратын адам ретінде қалып қойған. Көп оқитын кісі еді. Тарихқа көп үңілетін. Қазақстанға оралуды қатты армандады, өзі сол арманына жете алмаса да, біздер, ұлдары мен қыздары тарихи отанымызға қайтып оралдық. Әкем жолдың ар жағында қосымша дәріхана ұстайтын, дәріге келушілер көп болатын, қысылып тұрғандарға қарызға, кейбіреулеріне тіпті тегін беріп жіберетін. Кітапқа деген құмарлық, көмекке зәру болып тұрған адамға қол ұшын беру деген қасиеттер әкемнен келді. Ата-анам дәрігер болды ол мамандықтың өзі түбі адамға көмектесуге келіп тіреледі ғой, ал менің актер мамандығым — адам жанын емдеу. Әкемнен алған үлгі -өмір бойғы азығым.

     -Тұлға ретінде қалыптасужолыңызға тоқталсаңыз…

— Бала күнімнен қолымнан домбырам түскен емес, әніммен, суырып-салма ақындық өнеріммен әртүрлі аймақаралық байқауларға қатысып жүлделі орындар алып мектептің атын   шығарып жүрдім. Өнерге деген махаббат мені жетелеп отырды. Бірінші, екінші орындарды ешкімге бермейтінмін, суырып-салма қабілетім өте мықты болды.

-Демек, сонда көпшіліктің алдына шығып өнер көрсету, іркілмей сөйлеу, ойыңды айта білу деген қасиеттер сол кезде 12-13 жасыңнан бастап-ақ шыңдала бастады дейсің ғой?…

-Ия, оның үстіне біздің ол кездегі ойынымыз қазіргі телефон, автомат ойындары емес, дала ойындары болатын, өзімнің төрт-бес досыммен ат үстінде ауыл-ауылды аралап қымыз ішетінбіз, кішкентай домбырамды киіз қабымен аттың канжығасына тігінен байлап алатынмын. Түннің ортасында ауылдың иттерін шулатып ортасынан ән салып атпен шауып өту мен үшін қызық болатын. Оным біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды, ұнатпағандары «Ауылдың итін шулатып, тағы мына Бұғыбайдың жындысы келді!» дейтін. Бұл кезде 13-14 жас шамасында едім. Әсіресе қызды ауылдың жанынан өтерде қатты шапқылап тасырлатып келіп, білегіме тізгінді ілемін де бар дауысыммен айғайлап ән айтатынмын, қасымдағы достарым да қосылады, қазір айтсам ешкім сенбейді. Ол кезде бұрындары серілердің осылай ауылдарды аралайтын дәстүрі барын естімеген екенмін, ешкім айтқан емес, бірақ осы әрекеттерді жаным қалап тұратын. Той десе міндетті түрде достарыммен мені шақыратын. Ол жақта, Монғолияда, той киіз үйде кең далада өтетін, сыймағандары сырттан қызықтайтын. «Сені ана ауылда, пәленшенің  тойында күтеміз» деген хабар алғаннан бүкіл шаруамды тиянақтай бастаймын, ата-анамның қабағына қарап, отын-суын реттеп беріп, рұқсатын алып, атқа қонатынмын. Балалықтың әлі қалмаған шағы ғой, достарыммен елден жырақ кетіп қалып, көрген киномыздың әсерімен ойын ұйымдастыратынбыз, қолымызға қалқан қылып леген, найза қылып уықты аламыз да, батырлар болып бір-бірімізге қарсы шауып түйрейтінбіз, сонда мұның қауыпты екенін ойламаппыз, епті жігіттер найза шаншылғанды ойнатып, аттың тізгінінде салақтап шауып кететін. Әсіресе маған домбырамды алып «Қыз Жібектегі» Шегеге еліктеп ән айтқан ұнайтын, сонда сөздерін де дұрыс білмейді екенмін «Оууууу, атқан қолдан айналдым, жатқан тоқтан айналдым» деп, болжаулап әндететінмін, бұл әнді айту үшін жуастау атқа мінетінмін, өйткені тура кинодағы Шегеге ұқсап шалқайып аттың бауырына түсетінмін. Төлеген, Бекежан болып бір-бірімізге садақ оқтағанда арамыздағы біреуіміз басына орамал салып, «Қыз Жібек» кейпіне еніп,  жүгіріп келіп араша түсетін.

— Нағыз «Дала театры» десеңші, осының бәрін кім ойластырып, ұйымдастыратын? Көрермендерің кім болды?

— Ұран тастаушы — мен болатынмын, достарым лезде іліп әкететін, ал көрерменіміз тау-тас, дала. Сол кездегі бойға сіңген еркіндік қазір сахнада кейіпкерлерімді сомдауға көп әсерін тигізіп жатыр. Дегенмен, үлкендер бізге байқатпай, сыртымыздан бақылап жүргендері болыпты, кейін «Байқаңдар, қолдарыңдағы уық кеуіп қатып қалған, сендер қатты салмақпен келесіңдер, екпіндеп келген аттың салмағы, өзіңнің салмағың қосылып уыққа түседі, сонда ол адамның денесіне кіріп кетуі мүмкін» деп ескерту айтқанда білдік оны.

 -Актер боламын деген балаға қандай кітапты қойын кітап қылуды ұсынар едің?

-Біздің үйде бұрынғы басылымдардан шыққан қалың, көлемі үлкен «Батырлар жыры» кітаптары көп болатын. Мен көбісін жатқа білетінмін ,жатарда фонарикпен жарық түсіріп сол жырларды кезек-кезек дауыстап оқитынбыз, жырдың ішіне кіріп кетіп, қиялымызда неше түрлі кейіпкерге айналып кететінбіз одан қалды радиодан (Шынжанның қазақ радиосы кіріп тұратын) кешкі уақытта батырлар жырын беріп тұратын, біздің үйде жиналып соны тыңдайтынбыз, ертегі оқитынбыз. Бұл 1982-1983 жылдардың шамасы. Телевизор жоқ, ұялы телефондар бізге жетпеген кезі.

 — Бала күндегі тыңдаған, оқыған ертегілеріңіз, батырлар жыры мен аңыздарды қиялмен барлап, санаңнан өткізіп, жан-тәніңмен сондағы оқиғаларды шынайы өмірдегідей қабылдап, кейін оны ойын ретінде кейіпкеріңді өз болмысың арқылы өткізіп көріністерге айналдыра алатын қасиетіңіз қазіргі өнер жолыңда әсері болды ма?

-Менің бүкіл жан-дүнием сол кезде оқыған батырлар жыры мен ойнаған ойыныма,  салған әніме келіп тіреледі. Түбі соған тіреледі де, ары қарай таймайды. Мысалы қазіргі жағдайды алсақ – арабтарға еліктеп солардың салтын алып жатыр ғой, немесе Сирияға кетіп жатыр. Ол неден? Ол- фундаменті дұрыс  қалыптаспағандықтан, егер фундаменті дұрыс қалыптасқан болса, мүмкін, пендешілікпен қателесіп, фундаментке келеді де тарс етіп қазақылығы жібермей қояды, сол кезде ананың сүтімен келген, ұйықтататын кезде анамыздың, әкеміздің айтқан ертегілерімен келген сол қазақы тәрбие қазақы санаға келіп  тіреледі де, ол басқа ұлтқа кетпейді. Мен қазақы дүниелерді қатты ұнатамын, қатты жаным қалады. Қандай рөл ойнасамда, сіз айтқандай Дала театрына келіп тіреледі, не оқып отырсам да, «Кешқұрым атқа мініп… ауылдың қасына таяған кезде… түтіннің иісі сезіліп…иттер шәуілдей бастады…» десе, бірден балалық шақта ойнаған жерлерім көз алдыма келе қалады, бірақ таудың күнгей беті емес, теріскей бетін көріп отырамын, сол арқылы ойым өрбіп отырады. Қолыма қалам алсам да, балалық шақтан арқау алып шабыттанамын.

— Балаларға театр қалай әсер етеді?

-Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түскеннен кейін, бірінші рет театрға бардым. Мұхтар Әуезов театрының «Еңлік-Кебек» спектакліне. Спектакльді көріп отырып, соншалықты ана ғасырға өткенім-спектакль аяқталғаннан кейін ешкіммен сөйлеспей келе жатырмын, есімді жисам театр алдындағы Мұхтар Әуезовтың ескерткішінің қасында жүрмін, көшеде машиналар жүріп жатыр, есіктен қалай шыққанымды білмеймін… машиналар жүріп жатыр,,, маған бөтен дүние. Жан жағымда заманауи өмір жүріп жатыр. Соншалықты спектакльге жан-тәніммен кіріп кеткенім. Қазақтың рухани дүниесі қазір біздің сахнада кемшін болып тұр, міндетті түрде керек, дүниетанымы ашылып келе жатқан жасұрпаққа жаңағы айтқан фундаменті қалыптасуы үшін міндетті түрде  керек. Репертуарда қазақи спектакльдер басым болуы керек, мен шетелдің спектаклі болмасын демеймін, бірақ аз болсын, біздің рухани санамызға, мәдениетімізге осындай спектакльдер әсер етеді, әсіресе, балаға.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.