Home » Жаңалықтар » «Мектеп пен ата-ананың байланысын күшейту керек»

«Мектеп пен ата-ананың байланысын күшейту керек»

Қазанның 12-сі күні облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Оралдағы №47 орта мектепте педагогтармен кездесті.

Үкімет мүшелері алдымен облыс әкімі Ғали Есқалиевпен және мектеп директоры Наталья Ерғожинамен бірге 2015 жылы пайдалануға берілген аталмыш білім ордасын аралап, мектептің бүгінгі тынысымен танысып шықты.

Бұдан соң мәжіліс залында өңіріміздегі білім саласы өкілдерімен жүздескен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Машбекұлы: – Мемлекетіміздің дамуы ел азаматтарының білім-біліктілігіне байланысты. Осы орайда біз Президенттің білім саласына қатысты берген тапсырмаларын орындаудамыз. Барлық мүмкіндікті пайдаланып, балаларға берілетін білімнің сапасын жақсартуымыз керек. Ол ең алдымен сіздерге және ата-аналарға байланысты. Екінші мәселе – тәртіп. Өкінішке орай, соңғы кездері оқушылардың тәртібінің нашарлауына, түрлі өкінішті жағдайлардың орын алуына мектеп пен ата-ана арасындағы байланыстың төмендігі себеп болуда. Сондықтан осы қарым-қатынасты күшейту керек, – деді.

Премьер-министрдің орынбасары өз сөзінде білім саласында ұлттық құндылықтарды жаңғырту, мектеп түлектерімен байланыста болу, мұғалімдердің білім сапасына көңіл бөлу, арнаулы орта оқу орындарындағы дуалды оқыту жүйесін жандандыру сынды мәселелерді қозғады. Ал дарынды балаларға қамқорлық көрсету мақсатында «Ел үміті» атты жоба жасақталып жатқанын жеткізді.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын іске асыру бойынша жасалып жатқан жұмыстар жөнінде баяндаған Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы балабақшаға келетін бүлдіршіндердің жасын реттеу, мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын талапты күшейту, үш ауысымды және апатты мектептерді жою, мұғалімдердің жалақысын көтеру және еңбек демалыстарын 56 күнге ұзарту сынды іс-шаралар қолға алынғанын мәлімдеді.

– Мектепке дейінгі ұйымдардың ішінде мемлекеттік мекемелермен бірге жекеменшік балабақшалардың да орны ерекше. Олардағы білімнің сапасын реттейтін кез келді. Биылғы жылдан бастап  Білім туралы Заңға сәйкес балалар 6 жастан 1-сыныпқа қабылданатын болды. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиеленушілердің жасын реттеу. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті, – деген министрлік өкілі балабақшаларға бейнебақылау орнату жұмыстары толық шешілмегенін айтты. Бұдан соң жаңартылған білім беру мазмұнына көшу аясындағы жұмыстарға тоқталды.

Кездесу барысында педагогтар үш ауысымды және апатты мектептер, әдістемелік кабинеттердегі әдіскерлердің жалақысының төмендігі, педагог кадрларды қайта даярлау, арнаулы мектеп-интернаттарда тьютор мамандардың тапшылығы жөнінде сауалдарын жолдады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«BILIM AINASY»,

Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.