Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы
«Үстірт орта мектебі» КММ
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
Идирисова Кулаш Куанышевна
«Төтенше тоқсан» деп аталып кеткен оқу тоқсанын аяқтағанымызға да біраз бола қойған жоқ. Оқу жылын ерекше бітірген биылғы түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуге баратын күндеріне де санаулы уақыт қалды. Әлбетте, оларды тестілеу қалай өтеді деген сұрақ мазалауда. Төтенше оқу тоқсаны басталғалы бері мектебіміздің түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын тоқтатқан емес. Мектеп, ата-ана, оқушы арасындағы тығыз байланыстың нәтижесінде бірқатар түлектеріміз онлайн түрде қосымша түрлі платформалар арқылы дайындықтарын күшейтіп, алғыс хат, мақтау қағаздарын иеленді. Бұл да мектебіміз үшін мақтанарлық жағдай. Түлектеріміз 11 жыл бойы оқыған білімнің нәтижесін көрсетер уақыт, сынаққа салар сәт жақындаған сайын жауапкершіліктің де артқандығын жақсы сезінуде. Осы орайда, мектебіміздің түлектері мен ата-аналарына психологиялық тұрғыдан көмек көрсете отырып, сабырлылық пен сенімділікке шақырудамыз
Биылғы оқу жылындағы ҰБТ өткізу барысында бірқатар ерекшеліктер бар. Цифрлы Қазақстан деген сөздің астарын дәл осы сәтте тағы бір мәрте түсінгендейміз. Атап айтар болсақ, тестке өтініш онлайн түрде қабылданып, оқушыларымыз еш қиындықсыз тіркеліп, қәзіргі уақытта тест тапсырар күні мен аудиториясынан хабардар болып отыр. Сонымен қатар, тест форматы еш өзгеріссіз болғанымен, еліміздегі карантин жағдайына байланысты сақтық шараларын сақтау, санитарлық талаптарды бұлжытпай орындау — әрқайсысымыздың негізгі міндетіміз. Осы орайда, тестке кірер алдында дезинфекциялайтын тоннельден өту, респираторлық маска тағу, қолдарын антисептик құралдарымен тазалап, аудитория ішінде әр түлек 2 метр арақашықтықты сақтау – биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі қағидалары болып саналатынын оқушылар мен ата-аналар қаперіне бердік. Сонымен қатар, карантин жағдайында өткізілетін тесттің тағы бір ерекшелігі ҰБТ аяқталғаннан соң 25 тамызға дейін бейнебақылау жазбасы талданып, оқуға түсушінің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда, ҰБТ және білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижесі жойылады. Осы аталған ерекшеліктер мен өзгерістерді түлектер назарына бере отырып, барша түлектерімізге алдағы сыннан сүрінбей өтіп, мемлекеттік грант иегерлері атануына тілекші екендігімді білдіртемін.