Home » Мақалалар » Мен өзімді танимын

Мен өзімді танимын

Мухамедьярова Бахытгуль Бейсекеевна
Қарағанды  облысы, Шет ауданы, Жұмыскер ауылы,
Абай атындағы ЖОББМ
Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі, педагог-модератор

Сынып:  5
Тақырып: Мен өзімді танимын
Құндылық: ақиқат
Қасиеттер:  ізгілік, мейірімділік, адалдық
Сабақтың мақсаты: оқушыларға адамның рухани әлемін түсіндіру арқылы ақиқат құндылығының мәнін ашу.
Сабақтың міндеттері:
Білімділік: адамның рухани дүниесі туралы түсінік беру;        Ресурстар:үнтаспа,суреттер, нақыл сөздер
Дамытушылық: адамның жан дүниесінің ерекшеліктері арқылы руханилыққа құштарлық, ізгілікке ұмтылушылық қасиеттерін дамыту;
Тәрбиелік: мейірімділік, адалдық қасиеттеріне тәрбиелеу.
Сабақ барысы:
1.Ұйымдастыру кезеңi.
Сәлемдесу, оқушылардың көңіл-күйін сұрау, сабаққа қатысуды тексеру.
5. Т ережесін еске салу (тәртіп, талап, тыныштық, тазалық, татулық)
1.  Жағымды күйге келу. Тыныштық сәті. «Орманға саяхат» Арқаларыңызды тік ұстап отырыңыздар. Көздеріңізді жұмып, терең тыныс алыңыз. Әр тыныс алғаныңызда өзіңізді тыныш сезінуге тырысыңыз. Сіз сыныптың есігіне жақындадыңыз, есікті ашып, дәлізбен келе жатырсыз. Далаға шықтыңыз. Таза ауаны жұтып, самал жел мен күн нұрының сіздің бетіңізді жылытқанын сездіңіз. Орманға қарай жүріңіз. Абайлаңыз, жолыңыздағы жәндіктерді басып кетпеңіз. Бір минутқа  тоқтап, айналаңызға қараңыз. Табиғаттың сұлулығы мен тазалығын сезініңіз. Жаныңыздағы гүлдердің біріне келіп, сәл иіліп, мұқият қараңыз, қандай нәзік. Оны иіскеп, хош иісін сезіңіз. Айналаңызға зер салып, ары қарай жүріңіз. Гүлдер, гулдер мен ағаштардың хош иісі, құстардың әні және жәндіктердің баяу үні. Орманда жүріп, ағаштардың көптігіне, жақындаған сайын биіктей беретіндігіне назар аударыңыз. Күн көзі сізге жапырақтар арасынан сығалап, жасырынбақ ойнағандай, оның сылдырын естіңіз. Орманда біз өзімізді бақытты және қауіпсіз сезінеміз. Жазыққа  шығып, бірнеше минут  тынығыңыз. Өзіңіз бір сәт саясында отырғыңыз келген бір ағашты таңдаңыз. Ағаштың жанына келіп, оны құшақтаңыз. Қандай мықты ағаш. Оның күштілігі мен ондағы өмір қуатын сезініңіз. Енді оның түбіне арқаңызды сүйеп отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныс алып, сөзді қоршаған ішкі тыныштық пен үнсіздікті сезініңіз (Мұғалім осы жерде бірнеше минут тоқтай тұруына болады). Біз жеңілдік пен бақытты сезінеміз. Қандай таңғажайып табиғат, біз барлық тіршілік иесін қалай аялап, сүюіміз керек екенін түсінеміз.  Енді бұл сіздің ағашыңыз, кез-келген уақытта осында келе аласыз. Мектепке қайта оралуға әзірленіңіз. Орныңыздан тұрып, айналаңызға тағы да мұқият қараңыз.  Жәндіктерді басып кетпей, келген жолыңызбен қайтадан мектепке оралыңыз. Міне, мектептің ауласына жеттік. Айналаңызға тағы қарап, терең тыныс алып, есікті ашып ішке кіріңіз де орныңызға келіңіз. Осы тыныштық пен қанағат сезімін сақтаңыз. Көзіңізді ашып, күлімдеңіз! Сұрақтар:
1. Қандай күйде болдыңыздар?
2. Жаттығу қалай әсер етті?
Түйін: Олай болса, оқушылар, осы тыныштық күйімізді сақтап қалайық.
2.Үй тапсырмасын тексеру. Оқушыларды жаңа оқу оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, «Өзін-өзі тану» пәнінің жалпы мақсаттарын: рухани-құндылықтарын, өткен оқу жылында меңгерген білімдерін еске түсіруге шақыру. Сонымен қатар оқулықтағы жаңа таңба-белгілердің мазмұнымен таныстыру.
— Біз «Өзін-өзі тану» пәнінен не үйрендік?
Өзін-өзі танудың адам өміріндегі маңызы қандай?
— «Әр адамның өмірі өз қолында» дегенді қалай түсінесіңдер?
3. Дәйексөз Өзіңді өзің танысаң — істің басы.   Шәкәрім Құдайбердіұлы
— Өзіңді өзің тану ізгілікке, жақсылыққа талпынуды білдіреді. Адам бұл өмірге жақсылық жасау үшін келеді. Өз бойындағы адамгершілі қасиеттерін ашуға ұмтылыс адамды жақсарта түседі. Өзін-өзі таныған адамның ниеті түзу, ойы таза, сөзіне берік болады.
Мақал
-Жақсы деген не, жаман деген не?
-Сендер кімнен нені үйреніп жүрсіңдер?
-Жаманнан аулақ болудың мәні қандай?
(Мұғалімнің сыйы) Аңыз әңгіме. Ш. Амонашвили
«Жайнап өскен гүлдің құпиясы»
Мамасы Ерденнің бөлмесіне ыдысқа отырғызылған екі гүлді әкеліп, терезесінің алдына қойды. Күнде суарып тұр, олар саған қуаныш сыйлайды – деді мамасы.
Ал Ерденге бір гүл ұнады да, екінші гүл ұнаған жоқ.
Ол ұнаған гүлін суарған кезде іштей: «Қандай керемет гүл…Мен сені жақсы көремін» деп ойлап суаратын. Ал ұнамаған гүлді суарған кезде: «Бұл жаман гүл. Босқа суарып жатырмын. Мамамның көңілі үшін суарып жүрмін, әйтпесе терезеден лақтырып жіберер едім!» деп іштей ұрсып тұратын.
Осылай бірнеше ай өтті.
Бір күні мамасы бір гүлдің жайнап өсіп келе жатқанын, ал екінші гүлдің солып бара жатқанын байқады да, баласынан:
-Неге бұлай? Әлде біреуін дұрыс суармадың ба?- деп сұрады.
-Екеуін де бірдей суарып жүрмін —  деді баласы.
Мамасы солып бара жатқан гүлді өз бөлмесіне апарып қойды да, оны мәпелеп, күтіп: «Мен сені емдеймін. Әлі керемет болып өсесің.» — деп күлімсіреді. Суарған сайын көз алдына: осы гүлдің иісі аңқып, жайнап гүлдеп, жайқалып өсіп  тұрған кезін елестетіп тұратын.
Мына ғажапты қараңыз, мамасының жақсы ойы жүзеге асып, қуанышқа кенелді. Солып жатқан гүлдің жанданып, жайнап өсіп тұрғанын көрген Ерден:
-Мама, сен бұл гүлдерге не істедің? – деді.
-Өзім де білмеймін! – деп жауап берді мамасы.
Бұл құпияны тек ыдыстағы топырақ пен әдемі гүлдің өзі ғана білетін.
4. Жаңа сабақ Оқиғаларды әңгiмелеу. «Отын оқиғасы» аңыз.
— Бекет ата жас кезінде Пақыржан қажыдан жеті жылдай дәріс алады. Ұстазы Бекеттей зейінді әрі ықыласты шәкіртіне айырықша құрмет көрсеткен. Кезекті жыл аяғы да жетіп, келесі оқу жылына қажетті ас-су, ағаш жинап алу керек болады. Ұстаз барлық шәкіртіне балта мен ара беріп, орманнан отын алып келуге жұмсайды. Шәкірттердің бәрі шамашарқынша ағаш кесіп, арқалай алғанша көтеріп келеді. Тек Бекет қана тезек құрлы салмағы жоқ, құрап қалған ку түбіртектерді теріп әкеледі. Мұны көрген шәкірттер Бекетті келеке ете бастайды. Тіпті біреулері Ұстазға шағым айтады. Не үшін бұлай еткенін сұраған Ұстазға Бекет:- Жаңа өскенжас тал біткен зар илеп, «Бәріміз де асқақ болсақ, бәйтеректей биік болып өссек» деп жылап тұрған соң ешқайсысын қор етуге қолым бармады. Өмірді қиюдан өткен өлшеусіз күнә бар ма, ұлы Ұстаз?! – деп жауап берді. Мұқият тыңдап болған соңмұндай кең ойлылық пен кемелдікке көңілі толған көреген Ұстаз:
Адам баласына алдымен керегі — аяушылық пен мейірім. Бекеттен басқаларын отынды орманға апарып тастаңдар! – деп бұйырған екен.
Сұрақтар:
Бала Бекеттің іс-әрекетінен нені түсінуге болады?
Ұстаздың айтқанынан не түйдіңдер?
Қалған балалардың әрекеті дұрыс болды ма?
Бекеттің бойынша қандай қасиеттер көрінеді?
Өмірдегі басты нәрсе не деп ойласыңдар?
Сенің мақсатын қандай?
5. Шығармашылық іс-әрекет, топтық жұмыс
1-тапсырма. Берілген сұрақтар бойынша ой-толғау жазыңдар.
Мен кіммін?
Менің мақсатым қандай?
Менің арманым не?
2-тапсырма. Дәптердегі суреттерді бояңдар. Ондағы балалардың іс-әрекеттеріне сәйкес адамгершілік қасиеттері туралы әңгімелеп айтындар
3. Топпен ән айту «Мейірімді болайықшы ағайын»                                       Сабақ барысын талқылау:
Сөзі: С.Қали.
Әні Қ.Махан
Көктем етіп көркейтсе де маңайын,
Кешірімді болайықшы, ағайын!
Көк нөсерін көл етсе де жауындар,
Көк пен жерді сел етсе де дауылдар,
Пейілдерді пенделікпен тарылтпай,
Мейірімді болайықшы,бауырлар!
Болашаққа қол ұстасып барайық,
Ақиқаттың ауылын іздеп табайық,
Кішірейіп кетпес ғазиз басымыз,
Кішіпейіл болайықшы, халайық!
Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп,
Сонда дағы бөлінумен шаршап ек,
Өзімізге қалайтұғын нәрсені,
Тілейікші өзгеге де болса деп.
Ұлттың қамын жүректермен ұғынып,
Жұрттың жүгін көтерейік жұмылып,
Қаратайық Құбылаға жүздерді,
Таратайық адамзатқа жылылық!
6.Үй тапсырмасы. 2 сабақ «Сенің өзің» В.Сухомлинский, 10 бет, оқу
Соңғы тыныштық сәтi.
Әрқайсымыз өз жүрегіміздің жылылығын сезініп, жүрек жылуымызды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей оларға жақсы тілектер тілейік. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге сақтап алыңыздар.
Рахмет!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.