Шыналиева Жадыра Куандыковна,
Алматы қаласы
ҚДСБ ШЖҚ «№14 Қалалық емхана»
МКК № 1 ЖПД бөлімшесінің аға мейірбикесі
Денсаулық сақтау жүйесі – қоғамның ең маңызды әрі өте жауапты саласы болып табылады. Елімізде денсаулық сақтау саласын жетілдіру мақсатында қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері енгізілуде. Медициналық қызметкерлердің білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында жаңа кадр саясатын қалыптастырып келеді. Осы орайда денсаулық сақтау саласына жыл сайын орасан зор қаржы бөлінуде. Алайда отандық медицина саласының ақсап жатқан тұстары да жоқ емес.
Тәуелсіздігімізді жариялаған кейін шетелмен байланыс қайта жанданғанша медицина саласы дәрі-дәрмек тапшылығына ұшырап, диагностикалық зерттеулер жасайтын құралдардың көбісі ескіріп істен шықты. Осы жылдары Денсаулық сақтау министрлігі жабылып, комитет деңгейіне дейін түсіп, білім беру, спорт, денсаулық сақтау сынды 7-8 министрлік біріккенде кезеңдер өтті. 1998 жылы «Қазақстан –2030» бағдарламасы қабылданған соң Денсаулық сақтау министрлігі агенттік болып, кейін қайта министрлікке айналды. Аталған бағдарлама аясында медицина саласы алға жылжып дами бастады. Қазіргі таңға дейін Қазақстан медицинасын дамыту барысында бірнеше бағдарлама қабылданды. Ең алғашқы бағдарлама – бесжылдыққа арналған «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасы. Содан кейін «Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» бағдарламалары және қазіргі таңда «Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы» жүзеге асырылып отыр.
Тәуелсіздік алған кезде Алматыда бір ғана кардиохирургиялық орталық болса, қазір әр облыста бар. Мұның нәтижесі – асқынған инфаркттың бір тәуліктегі өлім пайызын азайтуға өз үлесін қосты. Кардио-хирургиялық операция жасау бойынша еліміз дамудың биік шыңына жетті. Осы аралықта жүректі алмастыру бойынша ота жасайтын болдық.
Негізі, елордамыздың Алатаудан Сарыарқа төріне көшуі қазақстандықтардың әрқайсысының өміріне әсер етті, ерекше бір серпін берді. Әсіресе Астана медицинаның дамуының локомативі болды. Елорда төрінен Ұлттық ғылыми медициналық орталық, Ұлттық медициналық холдинг бой көтерді, құрамына Республикалық диагностикалық орталық, Ұлттық ғылыми ана мен бала денсаулығы орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлттық балалар оңалту орталығы, Ұлттық ғылыми онкология орталығы еніп, орталықтар соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталып, жаңа технологиялар еліміздің түкпір-түкпіріне тарай бастады.
Сонымен қатар туберкулезбен ауыратын науқастарды дер кезінде анықтап емдеу жолында да біраз жетістіктерге жеттік деп айтуға болады. Біріншіден туберкулездің диагностикалық зерттеу жағы күшейді десек, екіншіден науқастарға арналып стационарлар салынды. Туберкулезді емдеуге байланысты жаңа тәсілдер қолданысқа ие болды. Қазір елімізде туберкулездің асқынған түрімен ауыратындар саны мен өлім саны біршама азайды. Кезінде туберкулезбен ауырғандарға арнап салынған ғимараттар қазір басқа мақсатта қызмет етіп жатыр. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, 2012 жылдан бастап елімізде трансплантология саласы өте қарқынды дамып келеді. Қазір біз трансплантология бойынша көп елмен тереземіз тең дәрежеде тұрмыз. Біздің елімізде бүгінде бауырдың, өкпенің, бүйректің және жүректің трансплантациялық оталарын жасайды. Қазақстан әлем бойынша алғаш рет адамның ұрығынан алынған жасушаны ары қарай өсірумен айналысты. Мұндай жасуша технологиясы арқылы кейбір ауру түрлерін емдеуге болады. Олардың қатарына бүйрек, бауыр, қалқанша безі, шеміршек пен адамның жүйке жүйесі ауруларын жатқызамыз.
«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы отандық медицина саласын дамытуға айрықша үлес қосты. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында аудан орталығына дейін жаңа ауруханалар салынды. Кешегі пандемия жағдайында сол ауруханалар науқастарға ем жүргізетін орталыққа айналды. Амбулаториялық көмекті ары қарай дамыту мақсатында көптеген емхана, диспансерлік орталықтар салынды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі қазіргі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылып дамып келе жатыр. МӘМС жүйесінің негізгі принциптерінің бірі ортақ жауапкершілік — халықтың денсаулығы үшін мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтардың өздері жауапты, осыған орай адамның денсаулығына бөлінетін қаражат 3 жерден: мемлекет тарапынан, жұмыс беруші тарапынан және жұмыс істейтін адамнан алынады. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе өсті. МӘМС жүйесі іске қосылғанға дейін, 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шамамен 1 трлн теңге бөлінді. Ал 2023 жылы халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,4 трлн, МӘМС бойынша – 1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл жүйені ары қарай да дамыта берсек, түсетін қаражат мөлшері де арта бермек. Бүгінде отандық медицина саласы оңалту шараларына басымдық бере бастады. Еліміздің әр өңірінде шипажайлар, емдеу-сауықтыру орындары, оңалту орталықтары салынып жатыр. Халықты вакцинациялауда да еліміздің ғалымдары өз ізденістерін паш етті. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында 3 вакцинамыз тіркелді. Соның ішінде біреуі клиникалық зерттеудің үшінші сатысына өтті. Бұл отандық ғалымдардың бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Жеткен жетістіктерге қанағат деп отырмай, ары қарай Қазақстан медицинасын дамыту жолында бірталай жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау саласында бүгінгі таңға дейін біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, бұл бір мезетте шешілетін мәселе емес. Сондықтан, мәселелерді ретке келтіру үшін аса маңызды салалардың бірі қаржыландыру жүйесіне баса мән берген жөн. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Сақтандыру қоры ары қарай жүйелі жұмыс істеп, әр адамның денсаулығын сақтауға жағдай туса ол да отандық медицинамыздың жетілуіне өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Сонымен қатар елді мекендерде медицина мамандары тапшылығын ескере отырып осы заманға сай мобильді телемедицина дамыса, әр аудандық ауруханада мобильді топтар болса, қанша адамды ажалдан арашалап қалуға мүмкіндік болар еді. Мобильді телемедицина ауылға жетсе, бұл адамға да, мемлекетке де тиімді болмақ.