Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
2-курс студенті Әбдіманап Дана
Бес күндікке телінген жалғанда, меніңше, ғибратты ғұмыр иесі болу – кез келгенге бұйырмайтын сыбаға. Қыспаққа толы, қилы ғұмырын тағылымға толтыра білген Ахмет Байтұрсынов – академик Манаш Қозыбаевтың тілімен айтқанда, «…ХХ ғасырдың феномені». Мен үшін ол — Абай атамыз сөз еткен толық адам мен кемел адам бейнесі. «Байтұрсынов тағылым» деген тіркесті естігенде-ақ, менің жүрегім тулап сала береді, дарын иесінің өмір дауылына төтеп берген тұлғасын елестетіп, көзіме жас келеді. Оның бойындағы сан қырлы талантты тізсем, таң атырып, күн батыруға болады. Жаладан көз ашпай, тағдыр тепкісін көрсе де, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салған ғалым, ақын, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері, ұлттық қаріптің негізін қалап, әліпби жасаған, жаңа емле, төте жазу, араб графикасын ұсынған реформатор Ахмет Байтұрсынов есімі — менің санамда, жүз жылда бір туатын талантты тұлға, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бренді ретінде сақтаулы.
А.Байтұрсынов – өз заманының оқу-ағарту министрі. Олай деуіме не себеп? Ол 1920-1922 жылдар аралығында қазіргі білім министрлігімен пара-пар ұжым, Академиялық Орталықтың төрағасы қызметін атқарған. Қазақтың Эйнштейні мен Ломоносовы атанған ол — «Байтұрсынов дәуірін» қалыптастыра білген, қазақ ғылымының атасы. Замандастары М.Жұмабаевтың педагогиканы, М.Дулатовтың есеп құралын, Х.Досмұхамедұлының медицинаны, Ж.Аймауытовтың психологияны, Ә.Ермековтің математика ғылымдарын зерттеуіне ұйытқы болған. Сондай-ақ, «Мәдениет тарихы» кітабы мәдениеттанушы, «Шаруа өзгерісі» еңбегі — географ-астроном ретіндегі қырын танытады. Дархан даланың данышпанының еңбегіне Ресей академиктері — А.Н.Самойлович, Е.Поливанов, Н.Яковлев, А.Кононов жоғары баға берген. Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері АҚШ-тың Колумбия университетінде, Жапонияның Хоккайда университетінде, Түркияның Ыстамбұл университеті мен Ресей Ғылым Академиясында сақтаулы тұр. Бұл оның тағылымға толы тағдыр иесі екендігінің дәлелі емес пе?!
Елу жылдай «халық жауы» деген атпен бәрінен шеттетілген Ахмет Байтұрсыновты қазіргі таңда ұрпағы «халық қаhарманына» теледі. «Ана тілі айбары» төсбелгісі мен «Ғасыр саңлағы» алқасының иегері деп танып, мұрасын барынша дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа мирас етуді мақсат тұтып отыр. Күні кеше ғана Алматы қаласында ескерткіші ашылып, оған Мемлекет басшысының арнайы келіп, құттықтау сөз сөйлеуі – қаламгердің мәңгі халық жадында екендігінің айғағы.
Осынау құрметті көргенде менің де жүрегім тебіреніп, мына бір жыр шуақтарын жазған едім:
Жаңа заман, жаңа ғасыр десек те,
Өткен — тарих, бәрі-бәрі есепте.
Білекке емес, білімге сенер заманда,
Ахметтей ғалымдар көп керек де!
Әр қазақты жалғызым деп сүйді ол,
Алаш үшін азап шегіп, күйді ол.
Елі үшін жанын қиған ақыннан,
Ұрпақтары үлгі-өнеге түйді мол.
Маса болып оятпақ боп халықты,
Қапас күнде көрсеткен ол жарықты.
Ұмытпаймыз, ұлықтаймыз, іздейміз,
Ахметтей орны бөлек алыпты!
Ұлт ұстазының есімін естігенде елжіремейтін жүрек жоқ, өйткені ол – жүректегіні жүрекке жеткізе білген, кемеңгер тұлға. Күні бүгінге дейін Ахметтану саласында жүргізілген ғылыми-ізденістерді құнды мұра ретінде пайдаланып, келешекте де жаңа қырынан, жан-жақты талдап, ұлт игілігіне пайдалансақ, арыстарымыздың ұлы мұратының орындалғаны болмақ. Олай болса, тағылымға толы тағдыр иесінің ұлы тұлғасын ұлықтаудан жалықпайық!