Home » Мақалалар » АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАР 

АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨЗҚАРАСТАР 

Оспанова Айнур Амангажиевна
химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі
педагог-ұйымдастырушы-куратор
 Петропавл қаласы, СҚО

 

 «Адамзаттың Абайы» атанған хакім, ақын, ойшыл Абай бар ойының асылын келер ұрпаққа, өзі айтқандай, «қалың елі қазағына» арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты — адам тәрбиесі.

Тереңге үңіліп қарасақ, «Ұстаз» сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Өз басым, ақынды халқымыздың «рухани ұстазы» дер едім. Себебі,  Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық түрғыдағы педагогикалық- психолгиялық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат — «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған. Ақынның педагогикалық-психологиялық көзқарастарына тоқталмай тұрып, алдыменен, ақын неге өзінің бар ғұмырын осы «толық адам» мәселесіне арнады? Ақынның алғашқы педагогикалық-психологиялық пайымдаулары, көзқарастары қалай қалыптасты? – деген сауалдарға жауап алып көрейік. Жобаны жазу барысында ақынның жүзге тарта өлеңдері талданып, қырық бес қара сөзі, сонымен қатар ақын туралы зерттеу еңбектері қарастырылды.

Зерттеушілер мен абайтанушылардың, ақынның өміріне зер салып қарайтын болсақ, ақынның алғашқы педагогикалық-психологиялық ойлары ескілік қоғамның әлсіреп, жаңа қоғамның келе бастауымен тікелей байланысты.

Сол тұстағы ақынның  педагогикалық-психологиялық ой-пікірлерінің қалыптасуына игі әсер еткен табиғи арналардың алғашқысы — ақынның дүниеге келген ортасы, жас Абайдың бойына адамгершіліктің ізгі қасиеттерін ақ сүтімен қоса дарытқан ана мейірімінің қуаты мен шапағаты. Кеудесі шежіре-тарих, аңыз-әңгімеге толы, халықтың салт-дәстүрлерін жетік білетін мейірбан әжесі Зере мен мінезге бай, тілге шешен анасы Ұлжан бала Абайды өз алдына бір бөлек рухани қазына бесігі болып тербетті. Талантты жастың өз бетінше ден қоя оқыған, құныға тыңдаған ауыз әдебиеті шығармалары туған халқының өмірі мен дәстүрін, арманы мен мұңын ертерек танып білуіне себепші болды.Туған халқының рухани мұрасын жан-жақты игеріп, Батыс пен Шығыстың ғылыми ой-санасын сыншылдықпен бойына сіңіру арқылы Абай қазақтың қоғамдық ой-пікірін өзінің ағартушылық тұрғыдағы тұжырымдарымен байытты. Ақынның жастарды білім алуға, ғылымға, адамгершілікке үндеген педагогикалық топшылаулары шығыстың атақты ғұламалары Әлішер Науаи, Ғ. Дауани, әл-Фараби т. б. ой-пікірлерімен сабақтас, өзектес келеді. Ол орыстың алдыңғы қатарлы ойшылдары мен көрнекті педагогтерінің маңызды тәлім- тәрбиелік ой-толғаныстарын өзіндік құнды қағидалармен толықтырып, кейінгі ұрпаққа ағартушылық жаңа дәстүр қалдырды.

Осы тұрғыдан Абайдың педагогикалық-психологиялық ойларының қалыптасуын мынадай топқа бөліп қарастыруға болады:

  1. Өскен ортасы
  2. Әке тағылымы
  3. Аналар тағылымы
  4. Халықтық салт-дәстүр
  5. Тарихи-шежіре
  6. Ауыз әдебиеті
  7. Халықтың тұрмыс-тірлігі
  8. Батыс және Шығыс әдебиеті

Профессор Т. Тәжібаевтың еңбектерінде Абайдың ақыл-ой, адамгершілік, еңбек тәрбиесі жайлы тұжырымдарына талдау жасалған. Ол Абайдың педагогикалық, психолиялық көзқарасын тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан жан-жақты ашып берді. Ақынның ағартушылық түрғыдағы ой-пікірлері туралы бірқатар зерттеулер жазылып, диссертациялар қорғалды. Абайдың педагогикалық көзқарасы мәселелерін арнайы тақырып етіп қозғамаса да М. О. Әуезов, Қ. Б. Жарықбаев, X. Сүйіншәлиев еңбектерінде ақынның ағартушылық тұжырымдары жайлы біршама құнды пікірлер ұшырасады. Абай педагогика саласынан арнайы ғылыми- теориялық шығармалар жазып, тікелей педагогикалық қызметпен шұғылданбаса да, оның өлеңдері мен қарасөздерінен жастарды тәрбиелеу мен оқытудың кейбір дидактикалық мәселелері жөнінде үлгі-өнеге тұтарлық салиқалы ойлар мен тұжырымдарды көп кездестіруге болады.[1]

Ақынның өлеңдері мен қара сөздерін талдай отырып, педагогикалық-психологиялық ойларындағы негізгі көтеріліп, жатарға ұсынған мәселелерді төмендегідей топқа жіктеп көрейік:

  1. Ескілікті сынау
  2. Жастарға үгіт
  3. Ғылымды үйренушілерге немесе оқыту методикасы
  4. Достық пен жолдастық
  5. Гуманизм
  6. Еңбекке баулу
  7. Отбасындағы әке рөлі
  8. Отбасындағы ана рөлі
  9. Отау көтерген жастарға
  10. Парақорлықтың зардабы
  11. Мінез тұрақтылығы
  12. Жан мен тән тәрбиесі
  13. Өмір мен өлімнің арақатынасы

Абайдың шығармаларына талдау жасай отырып, Абайдан асқан ақын ғана емес, ағартушы, психолог болмағанына көз жеткіземіз.Қазіргі таңдағы шетелдік психологтер мен педагогтер ұсынып отырған құнды методиканы Абайдың шығармаларынан табамыз.

  1. Ескілік мәселесі

Ақын неге ескілікті сынады? Себебі, ескілік көлеңкесі кетпей, жаңа келмейтінін ғұлама ақын ерте ұққан болатын.Қазіргі кездегі педагог-психологтер өткенмен өмір сүрген адам алға озбайтынын, ескілік шырмауында қалып қоятынын айтады.Абай бұл ойды бір жарым ғасыр бұрын айтып кеткен:

Қолдан достық жасап ем болар-болмас,
Итмұрындай наданның жыртты бірі… дейді  «Өкінішті көп өмір өтіп кеткен» өлеңінде .

Енді бірде: Сенімі жоқ серменде[1] сырды бұзды,
Анық таза көрмейміз досымызды.
Қылт етпеге көңілдің кешуі жоқ,
Жүрегінде жатады өкпе сызы,- деп кешірімділіктің жоқтығын, адамдардың жүрегін өкпе-реніш жаулап алғанын айтады.Бұл психологиялық терең ойды қазіргі рухани ұстаздар: кешірімділіктің адам жолын ашатынын, ал өкпелегіш адамның түрлі науқасқа ұшырайтындығын айтады.Қарап отырсақ, Абай сенім мен кешірімі жоқтық адамды артқа тартатын қасиет, құрт ауруы екенін айтып кеткен.Осы екеуі болса, адам алдыға озатынын астарлап көрсетеді.

  1. Отау құру мәселесі

Отау көтерген жастарға:

«Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!», — деп тұрмыс құрар жастарға қалындықты көркі мен сымбатына ғана қарап бағаламай, оның адамгершілік қасиетіне, ішкі жан дүниесіне, ақыл- парасатына, көргенділігі мен тәрбиелілігіне көңіл бөлу керектігін ерекше атап көрсетті. Абай болашақ отау құрушы жастарға жұбайлық өмірдің елеулі қиындықтары да болатынын, ол қиындықты жеңуге алдын ала әзірлеу керектігін ескертті. Некелескен жастардың бір-бірімен, отбасының басқа мүшелерімен, жора-жолдас, туған- туысқандарымен сыпайы қарым-қатынаста болуы, олардың елге қүрметті, саналы азамат дәрежесіне жетуі өздерінің мінез-құлқы мен іс-әрекетіне байланысты екенін ашып көрсетті. Ақын некелік өмірдің табиғи тірегі мен құқықтық негізі — жастардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі деп білді. Абайдың түсінігінде тең құқылық — махаббат бостандығы. Сол бостандықтың жүзеге асуы — олардың некелесуі деп қарады. Сондықтан ол өзінің көптеген өлендерінде осы тұжырымын жария етті.Бұл мәселе қазіргі таңда өзекті болып тұрғанын білеміз.

  1. Әке тәрбиесі

Абай жастарды еңбекке баулуда күнделікті отбасы тәрбиесіне, ата-ананың жауапкершілігіне ерекше мән берді. Баланың болашағына жауапкершілік алдымен әкеге жүктелетінін ескертіп, әкенің ақылы мен ықпалы болмай адал еңбекке, мағыналы өмірге дұрыс баулу, жас жеткіншектің бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру мүмкін емес екенін атап көрсетті. Сондықтан, баланы ұлағатты азамат — «толық адам» етіп тәрбиелеу үшін, ата-аналарының өздерінің сол дәрежеге сай, үлгілі, өнегелі болуын талап етті. «Басында әке айтпаса ақыл жарлық,

Ағайын табылмаса ой саларлық.

Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен

Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?» — деп, ойын-сауықты қызықтап, өмірді белгілі бір мақсатсыз, бойкүйездікке салынып босқа өткізудің соңы өкінішке алып келетінін, қалайда ата-ананың ақылына көңіл бөліп, басшылыққа алуы керектігін еске салады. Ойшыл ақын әкенің ізгі қасиеттері — оның адамгершілігі, еңбексүйгіштігі, отбасы, жарына адал болуы деп есептеді. Әкенің отбасына, жарына деген сүйіспеншілік сезімі үй-ішін нұрландырып тұрса, Ері ақылды, қатыны мінезді боп, тату болса, үстіндегі үй райысқа айналып, бала жақсы мінезге, асыл қасиетке тәрбиелене алатынын атап өтті. Керісінше, ақын өз отбасынан суынып, ел көзіп, қыдырымпаздыққа салынған, өз үйінің шырқын бұзған, бала тәрбиесіне мән бермейтін әкелерді сынға алады.

  1. Ана тәрбиесі

Абай бала келешегіне қамқоршы ұстазы — әке деп білумен қатар ұрпақ тәрбиелеудегі ананың орнын да ерекше бағалады. Өз анасы Ұлжан мен әжесі Зеренің құшағында болып, қос мейірім бұлағынан сусындап өсуі оның ана қасиетін биік тұғырдан тануына игі әсер етті. Аналық мейірім арқылы берілетін нәзік те пәк адамгершілік асыл қасиетті ерекше қастерледі. Ананы өз баласының алғашқы, ең аяулы тәрбиешісі деп білді. Қыз баланың тәрбиесіндегі ана тәлімінің ықпалына Абай педагогикалық тұрғыдан жан-жақты талдау жасап, өрелі тұжырымдар айтты. Ол қыз балаларды жұбайлық өмірге балғын шақтан әзірлеу керектігіне назар аударады. Қыз күнінде ұқыпты, жинақы болып жүріп, тұрмыс құрған соң берекесі кетіп, салақ әйел атануы, әсіресе қаракетсіз өскен бай қыздарының жастайынан еңбекке етене баулынбағанынан деп білді. Сондықтан аналарға қыз бала тәрбиесінде ұлттық дәстүрді басшылыққа алуды ұсынды. Халық тәрбиесінде абзал аналар ес біле бастаған қыз балаларына іс тіктіріп, үй шаруасына үйреткен. Осындай аналарды Абай қатты құрметтеп, қалыңдық іздеген жігіттерге тәрбиелі ананың қызына көз салуды ескертті.

«Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма», [78] — деп, жар таңдағанда тәрбиелі, ақсы ананың перзентін малды болмаса да бағалай біл, өмірлік жолдас ет деген аса құнды пікір айтты. Бойына адамгершіліктің асыл қасиеттерін жинақтаған қыз балаларды болашақ көтерілер шаңырақтың берік қазығы деп есептеді. Болашақ отау құру мәселесінде қыз балалардың ақылды, білімді болуына ерекше мән берді. Ол өз қызы Күлбаданды қала мектебінде оқытумен қатар, қазақ қыздарының сауатты болуын қолдады. Ең болмағанда хат танып, оқу-жазуды игеруі керектігін ескертті, маңайындағы адамдардың қыз балаларының сауатын аштыртып, өлең-жыр көшіртіп, ән мен музыкаға баулыды.

  1. Достық пен жолдастық

Ойшыл ақын адамдар арасындағы адалдық пен сезім тазалығына негізделген шынайы достық пен жолдастықты жоғары бағалады. Достық бағзы заманнан бері адамзатпен бірге жасалып келе жатқан жасампаз ұғымдардың қатарына жатады. Ол туралы әр ұрпақ заман шындығы мен талабына орай ой қорытты.

«Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етек басты көп кердім елден бірақ…» — деп, өзі ескерткендей, заманында достық пен қастықты, әділдік пен қиянатты басынан мол кешіріп, өмір талқысы ой салған Абай өзі қастерлеп, ардақтаған достық пен жолдастықты келер ұрпаққа өсиет етіп жеткізуді азаматтық борышым деп білді. Ақын әділетсіздік жайлаған феодалдық қоғамдағы достықтың өлшемі малы үшін, күні үшін жағымпазданып, екіжүзділік жасау деп түсінетін жалған достықты жеріне жеткізе сынайды.

«Жолдастық, сұхбаттастық- бір үлкен іс,

Оның қадірін жетесіз адам білмес.

Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,

Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес…», [342]  — деп, құрбы-құрдас, дос-жолдас болып жүріп, көзі жоқ жерде жолдасын жамандап, келеке ететін екіжүзді залымдарды сынға алып, оларға адал достық пен шынайы жолдастықты қарама-қарсы қояды.

  1. Еңбекке баулу

Жастарды адамгершілік рухында тәрбиелеп, оларға ғылым мен білімге бастар жолды көрсете отырып, ақын бұл мәселелердің шешімі еңбекте деп білді. Ол еңбектің адам мен қоғам өмірінде алатын қызметіне зор мән берді. Абай шығармалары олардың әр түрлі кәсіпті еркін меңгеруіне ықпал етіп, еңбекті тиімді ұйымдастыру жолдарына баулыды. Ақын жастарды бойындағы күш-қуатын пайдалы еңбекке жұмсауға шақырды. Өз заманындағы еңбекке салғырт көзқарастың зардабын дәлелдеп, адам бойындағы игі қасиеттердің қалыптасуында еңбектің атқаратын шешуші қызметіне талдау жасады. Жастардың айналысар кәсібінің аясы тарлығына тоқталып, өзімен көршілес халықтардың егіншілік пен қолөнерін, сауда жасауды, түрлі кәсіпті үйренуге үндеді. Ақын кейбір жастардың бойындағы еңбекке икемсіздігін, құлықсыздығын, жалқаулығын сынап, берекесіз адамның болашағы жоқтығын әрдайым еске салып отырады. Жастарға жеке басыңның қамын күйттеп кетпей, халқыңның жарқын болашағы үшін еңбек ет: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», — деген өсиет қалдырды.Еңбек етуге де өзіндік байлам, талаптылық пен берік табандылық сияқты қасиеттердің керектігін ескертті. Ақын әрбір жастың келешегінің нұрлы, болашағының жарқын болуы адал еңбегі арқылы жүзеге асатыны туралы терең педагогикалық тұжырым жасады.[2]

  1. Ғылымды үйренушілерге немесе оқыту методикасы

Ол оқу-ағарту саласындағы таптық, ұлттық және мүліктік шектеулерге қарсы шығып, оқытудың ана тілінде жүргізілуіне баса назар аударды. Сонымен қатар: «Орысша оқу керек… өнер де, ғылым да — бәрі орыста… Сен оның тілін білсең, көкірек- көзің ашылады», — деп, орыс тілін үйренуге де ерекше мән берді. [368] «Балаңа қатын әперме, — дейді ақын замандастарына, — енші берме, барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет».Бұл жерде, қазіргі кезде біз көптілділік мәселесіне аса қатты назар аударудамыз.Ал, Абай екі ғасыр бұрын осы методиканы айтып кеткен, яғни білімнің алдына шығу үшін озық елдің тілін, білімін меңгеру керектігін жазған.Қазір де біздер әлемдік аренаға шығу үшін ағылшын тілін оқып жатырмыз.  Абай Отыз сегізінші сөзінде ғылымды әл- Фарабидің үлгісімен сала-салаға бөліп, ұстаздарға ғылым негізін жоспарлы және жүйелі түрде балаға түсінігіне ұғымды, қызықты, тартымды етіп оқытуға, білімді өмір талабымен ұштастыра білуге кеңес береді.  Ол жеке адамның қалыптасуына оқу-ағарту ісін ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесімен тығыз сабақтастыра қарастырады. Ақын түсінігінде адамгершілік тәрбиені құрайтын қасиеттер: адам баласын сүю, адамдардың бір-біріне адал, мейірімді және бірлік, ынтымақта болуы. Ол адамгершілікке баулуда жастардың сол замандағы мінез-құлық олқылықтарын өз бойларынан іздетіп, олардан арылуға, өзін-өзі тәрбиелеуге өсиет етті.

Қорыта келгенде, Абайдың рухани әлемі оның педагогикалық-психологиялық ойларынан тұратынын білеміз.Екі ғасырдай уақыт бұрын қазақ даласына, қазақ баласына, тіпті жалпыадамзатқа не керек екенін ерте аңғарып, шығармаларына арқау етті. Зерделей келе, Абайдың айтпақ ойларын бұдан әрі де тарқата беруге болады.Десек те, қазіргі заманның өзекті деп тапқан мәселелерін айтып, одан  шығу жолын ұсынып кеткен Абайдың көрегендігіне таң қаласың.Абай –  дана, Абай – ұстаз, ол ұлт ұстазы ғана емес, Адамзаттың рухани ұстазы!

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Бейсембиев К. Мировоззрение Абая Кунанбаева. — А. 1956;
  2. Тажибаев Т. Т. Философские, психологические, педагогические взгляды Абая Кунанбаева. 1957, 1б
  3. Шаймерденова К. Педагогические взгляды Абая Кунанбаева. — А. 1990.
  4. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақэнциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы
  5. Абай (ИбраһимҚұнанбаев). Өлең — сөздіңпатшасы. — Алматы: Дәуір, 2006.- 566, 342, 78б

Абай. Қарасөз = Книга слов. — Семей: МКА, 2007.- 368 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.