«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалы «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің» 1 «І» сынып оқушылары әлемді жаулаған ауыр індетпен күресуші ақ халатты абзал жандарды қолдау мақсатында бейнероликтер түсіріп, өз қолдарымен сурет салды.
Мектеп табалдырығын биыл ғана аттаған балалар ақ параққа дәрігердің суретін салып, «Мың алғыс», «Covid 19 stop» деген жазулармен әрлеген.
— Мың алғыс Сізге дәрігер! Біз үшін сіз ауруханада науқастармен қалдыңыз, ал Сіз үшін біз отбасымызбен үйде боламыз, — деді балалар бірауыздан.
Дүниенің төрт бұрышын түгел шарпыған дертке бейжай қарай алмаған бүлдіршіндер, барлық тұрғындарды үйде қалуға шақырады. Олар өздері тұратын тұрғын үйдің пәтеріне үндеу жазып қалдырған:
— Біз пәтерлеріміздің есігіне «Үйде бол», «Қауіпсіздікте бол», «Мен үйдемін, сен де үйде бол» деп жазып, іліп қойдық. Бәлкім, ересектер мен өзге де балалар мұны оқып, үйде қалғанымыз дұрыс деген ойға келер, — дейді балалар.
Оқушылар бұл идеяларын әлеуметтік желіде бөлісіп, оқырмандар тарапынан қолдау тауып та үлгерді. Алдағы уақытта олар #үйдеқал науқанын жандандырып, дәрігерлерге арнап челлендж бастауды мақсат етіп отыр.
Қазіргі сәтте бірлігі ажырамаған, ынтымағы жарасқан еліміздің тыныштығы үшін жұқпалы індетпен күресуде алдыңғы шепте жүрген дәрігер қауымына қолдау ауадай қажет, мұны түсінген оқушыларымызды біз мақтан тұтамыз!
Сандуғаш Кожина,
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп»
«Назарбаев Зияткерлік мектептері»
дербес білім беру ұйымы филиалының
баспасөз хатшысы