Тойымбекова Ж.Б.
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы
бойынша ПҚБАИ, аға оқытушы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы мемлекетіміз бен халқымыз үшін тарихи тұрғыдан аса маңызды дүние болды.
Мемлекет басшысының ұлттық-стратегиялық және мемлекеттік-идеологиялық бағытта жазылған мақаласының өзегі – ақыл-ойдың алыбы, адамзаттың данышпаны атанған ұлы ақын, қазақтың дана тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты Абайды тану мәселесі.
Бүгінгі таңда Абай мұрасындағы адам мен қоғамның үйлесімді дамуына қатысты көзқарастар еліміз бен ұлтымыздың жаңғыруына бірден-бір жаңа серпін, тың идеялар беретін ғибраты мол мақалада ұлт болмысының үлгісі түбегейлі талданып, тұжырымдалған. Ұлы Абай ұстанымының қаншалықты ғасырдан-ғасырға дейін ескірмейтін даралықтың мәйегі екендігі көрсетілген.
Президенттің Абай туралы мақаласындағы қазақстандықтарды жаңа биіктіктерге ұмтылуға жол ашатын мақаладағы ең өзекті 10 ой ұсынылып отыр. Атап айтқанда: Абай жырларын оқуды жандандыру; Ілгерілеудің негізі – білім мен ғылымда; Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алады; «Абай – еңбекқорлықтың мотиваторы»; Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеу керек; «Егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек»; «Әлем біздің рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес»; «Әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек»; 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Аталған он ой төңірегінде Президент Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қоғамдық сананы жаңғырту ойын тереңдетуде Абай мұрасының тигізер пайдасы зор екенін, ақынның философиялық ой-тұжырымдарының рухани азық бола алатындығын баса айтты. Бүгінде Абайды жүрегімізге түйсіну үшін үлкен эстафета өтуде. Абай өлеңдерін жатқа оқу мәселесі мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті, әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып отырғаны белгілі. Осы орайда мемлекет басшысының өзекті он ойының бірінде Абайдың шығармаларын оқып, санаға сіңіруді одан сайын жандандыру қажеттігі – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі екенін тегін айтпаса керек.
Абай шығармаларындағы ғылым мен білім тақырыбына талдау жасаған мемлекет басшысы ақын тұжырымдары қазір де өзектілігін жоймағанын жазады. Осы орайда табысты келешекке қол жеткізу үшін ХХІ ғасыр дағдысын бойға сіңіре отырып, ғасыр талабына сай келетін жаңа технологияларды дамытып, оларды жүзеге асыру әр педагогтың міндеті.
Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – өнер және тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді. Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор.
Сондай-ақ, президент Абайдың қазаққа үнемі сыни көзбен қарауының себебін «Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді» деп пайымдайды. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет. Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес, яғни Абайша айтқанда, Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап, Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап. Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп, Жіберсем, өкпелеме, көп жамандап».
Ақынның өзі өмір сүрген ортадағы кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі – әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеуі еді. Абай ұлтының кемшілігін қанша сынаса да қазағын-халқын төрге жетелеуді мақсат тұтқан. Мемлекет басшысының «Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы» деп, ой қорытуы да жоғарыдағы ойлардың түйіні.
Мақалада мемлекет басшысы Абайды «өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы» деп те сипаттайды. Расында да ақын жастардың еңбекке баулынбай, дүниенің оңайына қызығушылығы үлкен дерт деп санайды да «Сегіз аяқ» атты атақты өлеңінде:
Егіннің ебін,
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде деп жұртшылықты еңбекке үгіттейді, бұл адал өмір сүрудің, бақытқа жетудің негізгі шарты деп қарайды. Бәріміздің бала күнімізден жатқа білетін
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де – бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!» деген өлеңі де еңбекшілдік ұраны секілді әсер қалдыратын. Осы ойды 37-қарасөзінен де табамыз. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Яғни, байлықтың қасиеті сонда, оның рақат-қызығын сол игілікті жасаған адам ғана емес, айнала төңірегі, қоғам да бірге көруге тиіс дейді. Осы философиялық ойлары дамыған елдердің мәдениетін, жалпы рухани әлемін көркейтіп жатқан қаржы көзінің бірі – демеушілік, яғни меценаттыққа шақыратындай. Бүгінде мемлекетіміздің қолдауына ие болып отырған кәсіпкерлікке баулиды. Ұлы ойшыл білуді, тіпті ілгері басу, жоғары өрлеу, жетілу секілді әлеуметтік қасиеттерді жетілдіруде де еңбектің рөлін айрықша таныта білді. Абайдың ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі отыз үшінші қара сөзіндегі «мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп, ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай, сергек болуға үндейді. Мақтан мен масылдық психологиясынан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған.
Мақалада көтерілген тағы бір ой – Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы. Абайдағы толық адамның тұла бойын толтырар ізгі қасиеттер «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз» дейді. Аталған бес қасиет негізінен толықтықты танытатын үш қасиетті құрайды, олар – талап пен еңбек – қайратты танытса, терең ой – ақылды, ал қанағат пен рахым – жүректен туатын қасиеттер. Адам бойындағы осы үш қасиетті ерекше танып-білуге тұратын таным екенін ақын «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде де «Еңбекті сат, ар сатып неге керек? Үш-ақ нәрсе — адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – деп нақтылай түседі. Міне, осы үш қасиет ғылым-білімді игерудің құдіретті кілтін «Он жетінші сөзінде» де қайрат, ақыл және жүрек деп, осы үш бірлік адамзатты білім шыңына шығаратынын және оны ізгілікті мақсатта пайдаланған жағдайда ғана толымды адам деген мәртебеге ие болуға болатындығын ерекше атайды. Ал «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек, – деп, ойын одан сайын тереңдете түседі. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толық адам.
Елімізді өркениеттілікке жеткізетін, ел экономикасын дамытатын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасын дамыған елдер қатарына қосылуға мүмкіндік жасайтын жастарды тәрбиелеу немесе кемел адамды тәрбиелеу қазіргі заман еншісіндегі ұлы қызмет екенін әрдайым есімізде ұстағанымыз абзал. Себебі Абай шығармаларының әр сөзіне үңіліп қараған жан одан үлкен ғибрат, өнеге, ұлы сабақ алары сөзсіз. Әрқайсымызға Абайды тану – мұрат, ол шыққан шыңға шығу – парыз.
Қорыта айтқанда, Абай шығармаларын жас ұрпақ бойына ана сүтімен сіңіруге, қадір-қасиетін түсіндіруге әрбір қазақ, өз ісінің шебері-педагогтар атсалысуымыз керек. Сонда ғана ақын мұрасы – халқымыздың сарқылмас асыл қазынасы болып қала бермек.