Home » Мақалалар » География сабағында инновациялық әдістерді қолдану

География сабағында инновациялық әдістерді қолдану

Омаров  Омиргалы Мухабылович
Астана қаласы әкімдігінің
№89 мектеп-лицейі ШЖҚ МКК
география пәнінің мұғалімі

XXI ғасыр – жаңашылдықтың заманы. Әсіресе, білім беру саласында бүгінгі заман талабына сай ұстаз болу үшін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін, озық технологияларын, инновациялық педагогикалық технологияларды игеру маңызды. Оқытудың жаңа технологиясының қалыптасуында ақпараттық технологияның қарқынды дамуының рөлі ерекше. Қазіргі заман ақпараттық технологиялар уақыты. Осыған байланысты білім беру саласында басымдық ақпараттық технологияларды пайдалануға беріледі. Бұл туралы өзінің баяндама сөзінде Н.Ә.Назарбаев та айтып өткен: «Адамзат үшін XXI ғасыр – жаңа технологиялар ғасыры болмақ, ал осы жаңа технологияларды жүзеге асырып, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру – бүгінгі жас ұрпақ, сіздердің еншілеріңіз… Ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында».

Ол негізінен білім беру саласында жаңаша ойлайтын, ақпараттық технологияларды меңгерген, инновациялық үрдістерге ілесетін, заманауи шешім қабылдайтын, жаңа тұрпатты педагогты қажет етумен тығыз байланысты.

Себебі, әлемдік білім беру кеңістігіне ұмтылыстар, қоғам дамуындағы қалыптасып отырған жаңа жағдайлар, тыңнан туындаған мәселелер, өзгеріп жатқан өмірге бейімделу қажеттігін туындатып отыр. Жаңа реформалардың пайда болуы жаңа әдістерді  және оқу үдерісін ұйымдастырудың тиімді технологияларын іздестіруді талап етеді.

Адам ойының, ойлауының биік өресін ғылым мен техника дамуының деңгейі арқылы көруге болады. Себебі техниканың әртүрлі озық түрлерін пайдалана отырып адам өз мүмкіндіктерін жан-жақты аша алады, оны қолдана отырып дамытады. Әлемдік деңгейдегі мүмкіндіктерге қол жеткізіп, сыни ойлау қабілеті де артады.

Сондықтан да жаңа кезеңге аяқ басқан еліміздің бет-бейнесі білімі арқылы өлшенбек. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламсында еліміздің білімін дамытудың стратегиялық бағыты айқындалған болатын. Бұл бағдарламаның идеясы білімді трансляциялау және инновациялық мүмкіндіктерді білім беру үрдісіне енгізу. Осы идея жаңартылған білім мазмұнында көрініс тапты.   Бүгінгі білім беру жүйесінде өмірлік мәселелерді шеше алатын, оқу-тәрбие процесін жаңа инновациялармен түрлендіретін, практикаға бағытталған педагог қажет. Ол кез-келген білім алушымен коммуникацияға түсе алуы қажет. Интеллектуалды рессурстарды нәтижелі қолдану педагогтар мен білім алушылардың бәсекеге қабілеттілігін көрсететін негізгі фактор екені белгілі.  Бұл тенденция әлем елдерінінің дамуымен тығыз байланысты. Себебі, көптеген әлем елдері білім индустриясын трансляциялау мен оны қолдануға негізделген экономикаға көшті. Сондықтан да білімнің дамуына еңбек нарығының сұраныстары әсер етуде. Осындай күрделі процесстер білім индустриясын өзгертуге өз септігін тигізуде. Сондықтан да білім беру үрдісінде инновациялық әдістер мен технологияларды қолдану өзекті мәселенің біріне айналды.

Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі адамзаттың жағдайы инновациялық технологиялардың дамуымен тығыз байланысты  екенін айта келе, білім беру үрдісінде жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін арттыруды тапсырды. Бұл міндеттер Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің баяндамаларында жалғасын тапты.

Қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелердің бірі – география сабағында жаңа инновациялық технологияларды енгізу болып табылады. География пәні – өзіндік ерекшелігі бар әрбір оқушыны қызықтыра білетін, тылсым ғажайып сырға толы тән. География пәнінің тағы бір ерекшелігі – оқушылар өздігінен ізденіп білім дағдысын толықтыруға, қосымша мәліметтер жинақтауға, сөзжұмбақтар құрастыруға, рефераттар даярлауға, интернет жүйесін қолдануға, слайдтар жасауға үйренеді.

География пәнінде табиғат жағдайындағы құбылыстар мен заңдылықтарды, түрлі процестерді өз көздерімен көріп таныса алады. Сонымен бірге электронды оқулықты пайдалану арқылы оқушының шығармашылығын дамытып, іскерлікке, өздігінен білім алуға баулимыз.

Заманауи ақпараттық құралдармен және инновациялық әдістермен жұмыс істеу білім алушыларды ұқыптылыққа, нақтылыққа, берілген тапсырмалардың нәтижелі орындалуына, басты мәселеге назар аудара білуге, дұрыс шешім қабылдай алуға тәрбиелейді.

Ақпараттық технология ұғымын ғылыми айналымға енгізген ғалымдардың бірі В.М.Глушков «ақпараттық технология-ақпарат өңдеумен байланысты ұғым» — деп дәлелдеген.

Қазақстандық ғалым С.М.Кеңесбеков «Білім беруді ақпараттандыру білім беру саласының теориясы мен практикасына ақпараттық -коммуникациялық технологияны жан-жақты пайдалану және оқыту мен тәрбиеде оның психологиялық-педагогикалық мүмкіндіктерін қолдану үрдісі» -деп  айтқан болатын

Ақпараттық технологияларды қолдану оқушылардың төмендегі мүмкіндіктерін ашады:

  • Коммуникациялық қабілеттерін дамыту;
  • Ақпарат көздерімен жұмыс жасау;
  • Шығармашылық қабілеттерін дамыту;
  • Оқу үдерісіне белсене қатысу;
  • Оқу мотивациясын арттыру;
  • Ақпараттық қоғам жетістіктеріне жақындау.

Белсенді оқу қызметі оқудың уәжінен, мақсаты мен шартынан және нәтижесiнен құрылады. «Инсерт», «Миға шабуыл», «Топтық пікірталас»,  «Блум сұрақтары», «Кластер», «Синквейн», «Рөлдік ойын», «Шатастырылған логикалық баулар» т.б. белсенді әдістер пәнге деген қызығушылықты оятады. Инсерт әдісі аналитикалық ойды дамытады, материалды толық меңгеруге мүмкіндік туғызады. Бұл әдісті гуманитариялық бағыттағы сабақтарда  қолдануға болады. Оқылған мәліметті   түртіп  алу жүйесі бойынша   таным түсінігін  қалыптастырады. Жаңа материалмен таныса отырып, түртіп алу арқылы мәлімет жинайды, саралайды, бағалайды. География сабағында кластер құрастыру кең тараған әдістердің бірі болып табылады. Жаңа тақырыпқа болжам жасайды, не білетінін есіне түсіреді, жазады, салыстырады. Кластерлермен жұмыс жасағанда білім алушылардың еркін ойлануына мүмкіндік беріледі.  Кластерді сабақтың барлық кезеңдерінде пайдалануға болады. Ол материалды жүйелеуге көмектеседі. Ақпараттың жағымды және жағымсыз жағын анықтау мақсатында педагогикалық тәжірибиеде  «SWOT – талдау» әдісі жиі қолданылады.

Инновациялық технологиялардың бірі-SMART. Ақылды технология, ақылды оқыту, ақылды техника -деп атаса да болады. SMART- технологияның негізі Америка, Англия, Корея сияқты дамыған мемлекеттерде пайда болды. Ол ағылшын тіліне аударғанда «ақылды» деген ұғымды білдіреді. SMART технология – бұл барлық ақпаратты жинақтауға, қолайлы жұмыс мерзімдерін белгілеуге, ресурстардың жеткіліктілігін анықтауға мүмкіндік беретін заманауи тәсіл. Оның көмегімен көптеген проблемалардың алдын алып, өмір сүру деңгейін біршама жақсартуға болады. Ақпараттар легі артқан сайын кез келген қызмет түріне де сұраныс артады. Сұраныстарды қанағаттандыру үшін әрдайым стартап бағдарламалар қажет. Ал ол өз кезегінде смарт теxнологиялардың көмегімен жүзеге асырылады.

Smart оқыту ортасын қалыптастыруда назар аударатын бірқатар ұғымдар бар. Ең алдымен, Smart learning – ақылды оқыту, кибер білім алу – онлайн тәртібінде білім алу түрі, контент – ақпараттық ресурсты немесе веб-сайтты кез келген маңызды мазмұнмен толықтыру.

Е-learning – бұл оқу үрдісін ұйымдастырудағы халықаралық стандарттар мен принциптерін қолдайтын, барлық заманауи талаптарға сәйкес келетін, электронды және қашықтықтан оқыту. Оқытудың аталмыш жүйесі білім беру саласын түбегейлі өзгертеді. Ақпараттық технологиялардың арқасында сабақ беру әдісі жаңаланып, білім беру үрдісіне қатысушылардың міндеті өзгереді. Электронды оқыту жүйесі педагог пен білім алушыға жаңа бағытты үйретеді. E-learning білім беру жүйесінің мазмұны – сандық технологияларды, құрылғылар мен бағдарламаларды пайдаланудың әр түрлі тәсілдерін қолдана отырып, студенттердің танымдық құзыретін қалыптастыруды көздейді.

Plickers – статистикалық жұмыс жасау үрдісін жеңілдетіп, білім алушылардың жауабын лезде бағалап беретін қосымша. Бағдарлама өте қарапайым технологиямен жасалған. Қолдану барысында қиындық туғызбайды. Негізгі құрылымдары: мобильді қосымша, QR-код. Бұл – студенттермен кері байланыс жасауда онлайн тестілеу жүйесі бағдарламасының бір түрі. Plickers-тің тиімділігі сонда – ол оқу үрдісін өзгертпейді. Тек студенттерді қызықтыратын бағалаудың өзгеше тәсілі ретінде ғана қолданылады. Бұл қосымшаны қолдану үшін компьютерлік сынып немесе басқа да техника қажет емес, тек қана мұғалімнің ұялы телефоны қажет. Сонымен қатар, студенттердің өзіне де қызықты, себебі сабақта бір жағынан білімді тексеру жүргізілсе, екінші жағынан жақсы көрсеткішке жету үшін өзара бәсекелестік пайда болады.

Бұл технологияның ерекшелігі – мұнда QR-кодтардың қолданылуы. Біз кез келген жарнамалардағы QR-кодтарды қосымша ақпарат алу үшін арнайы бір сайтқа сілтеме жасайтынын білеміз. Алайда бұл QR-кодтардың жалғыз қолданысы ғана емес. Бұны Plickers қосымшасының бір элементі ретінде де көре аламыз. Сабақ барысында оқытушының ұялы телефоны білім алушылардың карточкаларындағы QR-кодтарды оқу үшін пайдаланылады. Олар сабақ үстінде телефонды пайдалану маңызды емес, әр студентте жеке карточка болады, яғни оқытушы алдын-ала QR-коды бар қағаздарды таратып береді.

wordwall технологиясы арқылы мұғалімдер жаңа сабақты құрастырады. Білім беру процесінің негізгі міндеттерінің бірін шешуге көмектесетін оқу ресурсы ретінде  оқушылардың ынтасын арттыруға мүмкіндік береді. Осы ресурстың көмегімен әр баланың мүмкіндіктерін ескере отырып, интерактивті немесе баспа жаттығуларын құру арқылы оқытуды саралау мен дараландыруды ұйымдастыруға болады. Әртүрлі тапсырмаларды құрастыру арқылы мұғалім өзінің сабағын қызықты өткізеді. Викториналық сұрақтар, тест тапсырмалары, сәйкестендіру жаттығулары, ментальды карта, интеллект карта құрастыру т.б. тапсырмалар жасау арқылы білім алушының ізденуін, оқуға деген мотивациясын жетілдіреді.

ХХІ ғасырдағы білім беру стратегиясын жүзеге асыру негізінде, «Ғұмыр бойы оқып үйрену» қағидасын ұстана отырып, цифрлық білімнің заман талабы екендігін ескеріп, ақпараттандыру ғасырынан қалыс қалмай, өз білім, білік, дағдымызды қалыптастырып, бәсекеге қабілетті маман болуға барынша жағдай жасауымыз керек.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Назарбаев Н.Ә. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы. — Нұр-Сұлтан, 2016 //www.akorda.kz/
  2. Назарбаев Н.Ә. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы. -Нұр-Сұлтан, 2018 //www.akorda.kz/
  3. Аймағамбетов А.А. Отандық ғылымда жаңа серпіліс болады
    https://egemen.kz/article/233068-askhat-aymaghambetov
  4. Қазақстан бүгіні мен ертені https://qazaq1913.com/2020/08/11/aza-stan-ylymy-b-gin-

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.