Home » Балабақша » «Балапаным, биік ұш» дейтін әр ата-ананың құлағына алтын сырға

«Балапаным, биік ұш» дейтін әр ата-ананың құлағына алтын сырға

 «Балапаным, биік ұш» дейтін әр ата-ананың құлағына алтын сырға

Балаға берілетін тәрбие мен білімнің негізгі және алғашқы фундаментін қалайтын мектеп емес, балабақша десем сенесіз бе? Біраз уақыт қипақтап, күмәнмен қарайсыз-ау…

Бірақ бүгін Наурызбай ауданында орналасқан №172 бөбекжай-балабақшасына бас сұққанда көңіл кілкітіп, көмей кептер сауалдың тегеуріні тартылды. Анығын айтсақ, «қабырға сөйлейді»,  «тұзды шахта», «баланың ұсақ және ірі моторикасын дамытуға арналған ойыншықтар», «мобильді кітапхана», «сенсорикаға арналған түрлі-түсті ойындар», «тамаққа арналған лифт», «театрландырылған бұрыш», «тыныштану зонасын» көріп, бұл балалар қандай бақытты деген деген ойға қалдым…

Иә, №172 бөбекжай-балабақшасы 2012 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінде 370 балаға тәрбие мен білім үздіксіз берілуде. Әсіресе жаңа заманның технологияларын пайдалана отырып, ұлттық құндылықтарға баулитынын естіп, қуанышымызды жасыра алмадық. Балабақшалардың басым көпшілігінде мультипликациялық фильмдерге телміртіп қойса, бұл жақта ертегілерді тәрбиешілердің өзі қойып, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырады.

  

Және балабақшада балалардың бір күні екіншісіне мүлдем ұқсамайды. Яғни нақты жоспармен жүреді. Мәселен, сағат 8:00-ден бастап балабақша жұмысы басталып кетеді. Жаттығады, жуынып-шайынады. Жуыну барысында міндетті түрде тістерін жуады. Әр балаға арнайылап тұзды су алдарына қойылған. Бес уақыт тамағы қарастылған, кіші топтан бастап тәртіпке үйрету мақсатында кезекшілікке қояды, сосын оқу іс-әрекеттері басталады. Оқу іс-әрекеттері әр топта әр күні, әрқалай өтеді. Музыкалық, спорттық секциялары, психолог, логопед, дефектологпен арнайы жұмыстар жүргізіледі. Күніне 2 рет серуен ұйымдастырылады. Серуеннен кейін балаларды ән, би, күй, көркемсөз өнеріне баулиды.

   

Бала тәрбиелеуде 38 жылдық еңбек өтілі бар, 172 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Айман Айтмұханбетқызы: «Біздің балабақшада италияның бала тәрбиелеу технологиясында қолданылатын «қабырға сөйлейді» жобасы бар. Қазір бала тұрмақ, ата-ананың өзі қазақ тілінде жұтаң сөйлейді, гаджеттің да әсері баршылық. Содан болса керек, балалардың тілдері кеш шығуы үлкен мәселеге айналды. Ал «қабырға сөйлейді» технологиясы арқылы балабақшаға кірер кезде немесе қайтып бара жатқанда балалар өз еріктерімен қабырғадағы ойын түрлерімен ойнап, сөйлеуге бейімделе бастайды. Жалпы, біз 2 жастан бастап балаларды қабылдаймыз. Ана сүтінен шықпаған, горшоққа отырмайтын, қасық ұстап, киім киюді білмейтін балаларға бәрін үйретеміз. Соңында балапандарымыз 42 әріпті меңгеріп, ән, би, күй әлеміне құлаш сермеп мектеп баспалдағын аттайды», — дейді.

    

Айтпақшы, аталған бөбекжай Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына негізделген озық тәжірибені тарату балабақшасына жатады. Және ең ғажабы, балаларды тегін асық пен ханталапай ойындарына баулитын арнайы сабақтары да бар. Қысқасы, баланың жеке басының аман-саулығына ғана емес, тәлім-тәрбие мен білім-ғылыма мән беретін ұлттық құндылықтарды ту еткен бұндай балабақшаға балаңды беру – өмірден джекпот ұтып алғандай әсер қалдыратын шығар, сірә?! «Балапаным, биік ұш!» дейтін әр ата-ананың құлағына алтын сырға болсын…

 

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.