Мақсаты: балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, қуаныштарын үлкендермен бөлісуге, мейірімділікке тәрбиелеу. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен кеңірек таныстыру, әртүрлі ұлттық ойындар арқылы баланың тілін дамыту, мерекелік көңіл-күйлерін көтеру.
Зал іші мерекеге сай безендірілген. Көңілді музыка әуенімен балалар залға кіреді.
Жүргізуші:
Армысыңдар, халайық!
Бармысыңдар, халайық!
Наурыз тойын жұп жазбай,
Жылда қарсы алайық!
Мереке Наурыз жыл басы,
Наурыз тойы құтты болсын!
Дендерің сау болсын!
Аман-есен болайық!
— деп бүгінгі Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз келді, алақай!» атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Наурыз – мұсылман қауымының ұлттық мейрамы. Наурыз – жыл басы. Наурыз – ұлыстың ұлы күні. Наурыз – күн мен түннің теңелген күні, мал төлдеп, адамның аузы аққа тиген күні, яғни «ақ түйенің қарны жарылған күн». Бұл күні ата-аналар мен әжелеріміз үй-үйді аралап, наурыз көжеден дәм татады, баталар береді.
Ән: «Наурыз»
Жүргізуші: Жарайсыңдар, балалар, ендеше кезекті тақпақтарға берейік:
Кәусар:
Нұр Наурыз шырай беріп тірлігіме,
Айналдың бар қызықтың тірлігіне,
Сен келсең талым көктеп, тұма тұнып,
Тазарып жүре берер бұл дүние.
Наурыз төбе тыңдаңдар, шың тыңдар,
Ай да тыңдар, аспандағы Күн де тыңдар.
Бір де тыңдар жылғыз қалып оңаша,
Мәз-мейрам боп тойлап жүрген мың тыңдар.
Иса:
Наурыз – жауын, Наурыз – сән
Әсем әуен, сазды ән.
Қыз, бозбала қыдырған,
Жасыл желек, көк аспан.
Наурыз – самал, Наурыз – таң.
Қалың орман ұйқысынан оянған,
Сағынышпен қауыштырған жұптарды,
Жылдың басы, он екі айда тоғысқан.
Аяулым:
Қазағым, Наурызың құтты болсын,
Көтерген шаңырағың биік болсын.
Тілектері ұлтымның қабыл болып,
Жақсылығын бір Алла иіп тұрсын.
Наурыз тойы – ақ батаның бастауы,
Береке мен бірліктің жалғасуы.
Жеті түрлі қасиетті дәмменен,
Байтақ елдің бір толады астауы.
Алихан:
Наурыз тойым, Наурыз тойым.
Құтты болсын, халайық!
Қане, достар, қане, достар,
Шырқап әнге салайық.
Көктем келді, балақай,
Жасарады жер, алақай.
Наурыз тойын тойлайық,
Әсем әнге салайық.
Балаларға Наурыз мерекесіне арналған слайд көрсету.
Би: «Қамшы».
Дархан:
Наурыз тойы – салтанат,
Наурыз тойы – мархабат.
Әр жүректен ән тарап,
Шаттанады шартарап.
Қыс өтіп, қар еріп,
Шырайлы жаз жетіп,
Шаруаның кенелген
Мейрамы ежелден —
Құтты болсын, әз Наурыз!
Динара:
Наурыз келіп, көктем сазы білінер,
Ойнап-күлген жас балалар жүгірер.
Жаңа жылы қазақ деген ұлы елдің,
Наурыз ай шаттық пенен нұр берер.
Гүлі шығып дала жайнап құлпырған,
Далам қандай тамаша еді ән тұңған.
Босап жатыр далам бүгін терлене,
Баурайынан қары кетіп құрсанған.
Жанель:
Наурыз әлем, Наурыз құс,
Сұлу дала, сағым түз.
Самғай ұшқан қарлығаш,
Аққу қаздар мамық төс.
Наурыз дала, наурыз гүл,
Тентек сезім, үнсіз гүл,
Ақ қайыңның аясында айқасқан,
Балуан білек, қыпша бел.
Ойын: «Сақина салмақ»
Мөлдір:
Жыл басы — Наурыз мереке,
Ақ нұрға әлем боянды.
Наурыз тойы береке
Тіршілік жаңа оянды!
Жылдың басы – Наурыз,
Жердің басы – Наурыз.
Мерекеге арналсын
Бүгінгі жыр — әніміз.
Қарақат:
Наурыз тойы тамаша,
Наурыз тойы жаңаша.
Табиғат та тамаша,
Тамылжып тұр жараса.
Наурыз келді сан құрып
Жасарып жаңғырып.
Құлпырды жер мен көк
Мейірім таң күліп.
Нұрбек:
Наурыз тойы – жыр, аңыз
Қызыл думан мереке
Қызық думан құрамыз,
Күн әкелген жыл керім.
Күллі дүние жайдары
Желкілдетіп гүлдерін.
Жер анамыз жайнады
Наурыз – шаттық әніміз.
Би: «Домбыра».
Тақпақтар:
Ән: «Дастархан»
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, бүгінгі «Наурыз келді, алақай!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Келесі Наурыз мерекесінде аманшылықта, саулықта кездесейік. Қош, сау болыңыздар!
Калидуллина Райса Мәдениетқызы
№2 «Жанар» балабақшасы,
№10 «Аққайық» МАД тобының тәрбиешісі,
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы