«Игі істің басы – тіл, тәрбие басы – тіл» деп, Махмұд Қашғари айтқандай, бүгінгі нарық заманы бізден бәсекеге қабілетті болуымызды, дамыған отыз елдің қатарынан көрінуіміз үшін білімді де озық ойлы азаматтарды тәрбиелеуімізді талап етеді.
Әлемдегі жоғары дамыған елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да – сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал, ана тілін жақсы білмейінше, сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмаймыз.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә.Назарбаев Қазақстандағы тілдердің үш тұғырлылығы туралы ойды алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясында айтқан. 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі – жаңа Қазақстан» Жолдауында Елбасы «Тілдердің үш тұғырлылығы» — «Триединство языков» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды ұсынды. Елбасының 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында 2020 жылға дейінгі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты жоспарын айқындап берді. Елбасының бұл жоспары Қазақстанның әлемдік дағдарыстың қашан аяқталуын күтпей өзіндік даму стратегиясын алдын ала белгілеуі деп айтар едім. Президентіміз тек экономиканы ғана емес, сонымен қатар ғылым мен білім, денсаулық сақтау салаларын барынша дамытуға көп көңіл бөлгендігін ерекше атап өтті. Осы Жолдауда білім мен ғылымның модернизациясын жалғастыру қажеттігін меңзеді.
Үш тілділік жөніндегі сөз Елбасымыздың «Тілдердің үш тұғырлылығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар – қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі» деген салиқалы үндеуінен бастау алған болатын.
Ағылшын тілі – бүгінгі заманымыздың, ақпараттық технологияның, компьютер технологиясының кілті деуге болады. Бүгінгі әлемде мыңдаған адамдар шетел тілін, соның ішінде ағылшын тілін жұмыста немесе оқуда пайдаланады және ана тілі ретінде меңгереді. Қазіргі заманда ағылшын тілі «21-ғасырдың» халықаралық бизнес, қазіргі ғылым мен технологиялар тілі мәртебесіне ие болды.
Ағылшын тілін оқып-үйренеміз деушілердің саны күннен-күнге көбеюде. Бұл, сайып келгенде шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін мектепке дейінгі мекеме қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарында оқыту әдістемесіне жаңа бетбұрыстар қажеттігін туындатады. Қазіргі уақытта ағылшын тілін меңгерудің талабы жоғары болғандықтан, ағылшын тілін тереңдетіп үйренуге арналған арнайы мектептер, гимназиялар, колледждер көптеп ашылуда. Үш тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі ең басты қажеттілік.
Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ол – әлемдік бизнес тілі, мемлекеттік тіл – ұлт тілі. Мемлекеттік тілде сөйлеу – әрбір Қазақстан азаматының борышы. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білу керек. Иә, расында да ағылшын тілі қазақ жерінде өз үстемдігін жүргізе алмайды. Қазақстанда тек қазақ тілі ғана билік құра алады. Ағылшын тілі – қазақ жерінің жаңа әлемге ашар есігі. Үштілділікті үрейлі кейіпте елестететін кейбір адамдар «мұны ең соңғы өлу деп те қорқатындығын» жасырмаймыз. Жоқ! Біз өзге тілдерден қорықпауымыз керек. Керісінше, сол тілдерді пайдалана отырып, өзімізді өзгелерге таныта білуіміз қажет.
Әлемдік ғаламдандырудың өткізгіші, ғаламдандыру тілі болып танылған ағылшын тілін білу – ағылшын тілді елдермен тиімді байланысқа түскен, әлемдік деңгейде өз орнын ойып тұрып ала бастаған Қазақстан үшін қажеттілік. Ендеше, аталған компоненттерден тұратын, яғни, қазақ, ағылшын, орыс тілі қатысқан үштілділі сөйлермендерді дайындау – кезек күттірмейтін мәселе. Мәселені түбегейлі шешу үшін Қазақстанның жоғары оқу орындарында ағылшын, қазақ тілінен маман болып шыққан қазақтілді қазақ және басқа ұлт өкілдерін үштілділікке ыңғайлап қайта дайындаудан өткізіп, оларға «үш тілдің маманы» деген құжат табыс еткен жөн.
Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда 98 американдық пен 81 ағылшын тұрады, американдықтардың 78-і ағылшынның, 71-і өз ұлтының тілін меңгерген. Бұл күллі тұрғынның 1 пайызын құрайды. Ұлт деңгейінде алсақ, ағылшын тілін меңгергендердің тең жартысын жергілікті қазақтар құрайды. Басқаша айтқанда, ағылшын тілін меңгерген қазақ саны – 53 743, бұл – ұлт арасындағы үлкен көрсеткіш және күллі қазақтың 0,7 пайызы деген сөз.
Тәрбиешінің ең басты формалары оның балалармен мазмұнды қатынасы, жан-жақты іс-әрекеті, қоғамдық өмірдің құбылыстарымен танысуы, балаларға арналған шығармалармен, суретшілер туындыларымен танысу негізінде іске асады. Мұндай мақсатқа бағытталған тәрбиешілік жұмыс еңбексүйгіштікке, ізгілікке, ұжымдық және елжандылық бастамасында тәрбиелеуге, көп дүниені өз қолымен жасай алуды және жасалған дүниеге қуана білуге, үлкендер еңбегінің нәтижесін бағалауға тәрбиелеуге мүмкіндік жасайды. Балаларда ортақ пайдалы жұмысты істеуге тырысу, бірге ойнау, бір нәрсемен шұғылдану, ортақ мақсат қою және оны жүзеге асыру ісіне өздері қатысуға талпыныс пайда болады. Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу.
Мектепке дейінгі білім беру мен оқытудың мемлекеттік стандартына сай балаларға коммуникативтік-тілдік құзіреттілікті басшылыққа ала отырып, ауызша қатынастың алуан түрлі құралдарын ана тілінде және басқа да тілдерде қарым-қатынас пен өзара іс-әрекет құруды пайдалануға, тілдің қажетті лексикалық және грамматикалық құралдарын талдау және оларды ойындарда, сөздік шығармашылықта және іс-әрекеттің басқа түрлерінде пайдалануға мүмкіндік береді; үш тілді меңгеруіне жол ашады.
Адам бала кезінен қалыптасады. Мектепке дейінгі жастан бастап баланың болашақ тұлға, өз елінің азаматы ретінде негізі қаланады. Ұстаздардың алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – Отанға, туған елге, туған жерге, өз халқына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.
Үштік тілге үйрету сабақтарын құру және оны оқыту мағынасын іріктеу кезінде бірқатар ұстанымдарды ескеру қажет. Басты ұстанымның бірі – тәрбие мен оқуды бірыңғай үрдіске біріктіру. Бұл «Тіл дамыту үштілдік сабақтардың негізгі мақсаты ретінде ғана болады» дегенді білдіреді. Алайда сабақта шешілетін міндеттер бұл мақсатпен шектеліп қалмайды.
Қазақ тілі – әлеуметтік, рухани-адамгершілік, эстетикалық тәрбиенің қайнар көзі. Балалардың сөйлеу мүмкіншіліктерінің дамуы барысында қазақ тілін оқыту мен тәлім-тәрбие берудегі рөлі күн сайын арта түсуде. Үш тілді сөздерді, сөйлемдерді, диалог, монолог үлгілерін механикалық қайталай беру жолын емес, жалпы белсенді түрде сөйлеу арқылы үйрету керек. Тіл үйренуде ойындардың пайдасы зор. Ойын балалардың тілді үйренуге деген сенімін оятады. Рөлдік ойындарда барлық балаларға бірдей рөл тиеді де, бір-бірімен міндетті түрде қарым-қатынасқа түсіп сөйлеседі. Балалалар белсенді жұмыс істеп, бір-біріне жәрдем беріп, жұмыстарын мұқият тыңдап, өздерін және бір-бірін бағалайды, ал тәрбиеші бағыттаушы болады.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлы Мұхтар Әуезовтің аталы сөзі ең алдымен ата-ана мен мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілері, ұстаздар қауымына арнап айтылғандай.
«Үш тілдік патшалығы» сериясы өзінше өрнектелген. Ол сіздердің сәбилеріңізді бір мезгілде үш тілде (қазақша, ағылшынша және орысша) ауызекі сөйлеудің әліппелерін игеруге жәрдемдеседі. Бұл серияның кітаптарын жасау біздің мемлекетіміздің мемлекеттік қазақ тілімен қатар ағылшын және орыс тілдерін үйренуге бағыттайтын саясатына сәйкес.
Балабақшада үш тілдік мәселе – өте орташа бағада. Тіл мамандары өз лауазымдық міндеттерін, мүмкіндіктерін толыққанды жұмсамауда. Неше түрлі тақырыптық іс-шаралар ұйымдастыру, дидактикалық ойындарды үнемі қолдану, ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастырып, балалармен қосымша жұмыстар жүргізілуі керек. Тіл – қатынас құралы. Ендеше «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ана тілі, орыс тілі, ағылшын тілін үйрету – азаматтық борышымыз.
Дуйсеналиева Маншук Оралбайқызы,
«Ақ желкен» бөбекжайының директоры,
Батыс Қазақстан облысы,
Теректі ауданы, Федоровка ауылы
Қолданылған әдебиеттер:
«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» №3-2006, «Егемен Қазақстан».