Сабданбекова Гульмира Темиртасовна,
Павлодар облысы Баянауыл ауданы
Лекер жалпы негізгі білім беру мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.
Мектепті – білім мен тәрбиенің орталығы, ал мұның ең маңызды тұлғасы – мұғалім деп бағалайды. Мұғалім мамандығын – мәңгілік деп атайды. Адамзат өзі өмір сүргеннен бері әрдайым оқып-білуге, өз тәжірибесін жас ұрпаққа таратуға, өмір тәжірибесімен санаса, мақсаткерлік тұрғыда меңгертуге талпынады. Мұғалім – болашаққа ұмтылған жеке тұлғаны қалыптастырушы. Түптеп келгенде, қоғам мұғалімдерге ерекше жауапкершілік жүктейді.
Мұғалім еңбегінің ерекшелігі – ол қоғам мен өскелең ұрпақ алдындағы сарапшы болуында. Оның баламен үнемі қарым-қатынаста болуымен және рухани араласуымен сипатталатынында. Сондықтан, мұғалімнің жалпы мәдениетінің жоғары дәрежеде болуы оның интеллектуалдық мүмкіндігі, ой өрісінің кеңдігі, рухани байлығы, педагогикалық процесті тиімді ұйымдастыруға зор ықпал жасайды.
Тұңғыш педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» демекші, жоғарыда айтылған жақсы қасиеттерді бойына жинап, шағын ауыл мектебінде өзіммен бірге қызмет атқарып жүрген мұғалім жайында айтпақпын.
Намазова Анар Мәдениетқызы – Баянауыл ауданы білім бөлімінің Лекер жалпы негізгі білім беру мектебінің география және тарих пәні мұғалімі. Ол 1976 жылы Лекер ауылында дүниеге келіп, осы мектепті бітірген. Бірінші санаттағы тарих және география мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Отбасында төрт бала тәрбиелеп отырған аяулы ана, сүйікті жар.
Оқушылардың сабаққа деген ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыру мақсатында сабақтарын әрдайым түрлендіріп, шәкірттерінің жүрегіне оңай жол таба білетін, шығармашылықпен еңбек ететін ұстаз. 2012 жылы түлектері тарих пәні бойынша білім департаменті тарапынан өткізілген бақылау қорытындысында 80%-дық білім сапасын көрсеткен.
Өз пәнін жетік білетін, оқытудың жаңа әдістері мен білім беруді шебер үйлестіретін ұстаз 2014 жылы аудан мұғалімдері арасындағы пәндер олимпиадасында жүлделі ІІІ орынды иеленді. Ал, оқушылары: Қабдолла Саийда пәндер олимпиадасында география пәнінен ІІ орынға, Мүрсәлім Ләззат тарих пәнінен І орынға, Бейбіт Айнара жүлделі ІІ орынға ие болды. 2015 жылы аудандық пәндер олимпиадасында тарих пәнінен Жұмақан Мадина жүлделі ІІ орынды иеленді. 2017 жылы «Аудандық Бекмаханов оқуларында» Бейбіт Айнара «Сұрақ-жауап» секциясында І орынды жеңіп алды.
«Білімге деген ынталанушылық – ой еңбегінің қайнар көзі, сондай көздерді көбірек ашу, бөгетсіз саулатып ағызу, өркендету өнері – мұғалімнің бойына біткен қасиет болуы керек» деп, Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, Анар Мәдениетқызы оқушыларға білім мен қатар, олардың зерттеушілік қабілеттерін шыңдап жүрген ұстаздардың бірі. «Тарих пен география сабақтарында оқушылардың шығармашылығын жаңа технологиялар арқылы дамыту» мәселесін жүзеге асыру мақсатында оқушылардың іздену, зерттеу қабілеттерін дамыту бағытында нәтижелі жұмыс атқарып жүрген ұстаз.
2015 жылы «Лекер ауылының демографиялық жағдайы» тақырыбы бойынша дайындаған оқушысы облыстық ғылыми жобалар сайысында жүлделі ІІІ орынға ие болды. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» аясында өткен облыстық мұғалімдер арасында өткен ғылыми жобалар сайысында Анар Мәдениетқызы жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Анар Мәдениетқызының өз жұмысына деген жауапкершілігінің және ұйымдастыру қабілетінің жоғары екендігі байқалып, мектеп ұжымы оны директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындады. Анар Мәдениетқызы өз жұмыс тәжірибесінде тәрбие процесін бақылауға аса зор мән береді. Алдымен, олардың ішінде оқушылардың білім, білік, дағдыларын тексеру, олардың ой-санасының дамуын, бейнелей ойлануға қабілеттілігін, олардың дүниетанымдық және әлеуметтік белсенділігінің қалыптасуын тексеріп отыруды көздейтін күрделі процесс. Екіншіден, сабақтан тыс уақыттағы жұмыстың әдіс, амалдарын анықтауға тиіс екендігін ұдайы басшылыққа алып отырады.
Мектеп ішінде болып жататын түрлі сабақтан тыс барлық іс-шаралардың басы-қасында үнемі Анар Мәдениетқызы жүреді. Әрбір шараны алдын-ала жоспарлап, оның жоғары деңгейде өтуін қадағалап және қорытындылап отырады.
Әрине, бұл істерді жүзеге асыру, мұғалім шеберлігіне тікелей байланысты. Бұл орайда белгілі орыс педагогы К.Д.Ушинскийдің: «Бәрі мұғалімнен, бәрі де мұғалімге байланысты» деген сөздері ойға оралады.
Анар Мәдениетқызы – қазіргі күнде игілікті істер жолында таныла білген білімді де ұлағатты ұстаз, өзінің мінез-құлқымен, қарым-қатынасымен, іс-әрекетімен, адами қасиеттерімен шәкірттері мен әріптестеріне үлгі болып жүрген тәжірибелі маман.