Home » Мақалалар » Көркем еңбек пәнін оқытудың  инновациялық тәсілдері

Көркем еңбек пәнін оқытудың  инновациялық тәсілдері


Кенжегалиев Мендихан Наурызбаевич
Ақтөбе қаласы, №10 жалпы орта білім беретін
мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі

Көркем еңбек пәнін оқытудың  инновациялық тәсілдері

Мектеп қабырғасында көркем еңбек пәнін оқыту үлкен шеберлікпен қоса, жаңашылдықты қажет етеді. «Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөз алтын» демекші, болашақ он саусағынан өнер тамған тұлға қалыптастыру  —  көркем еңбек пәнінің мұғалімінің басты міндеттерінің бірі. Оқушылардың қолөнер жасаумен, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасай оқыту — заман талабы. Көркем еңбек сабақтарында шығармашылық жоба жасау оқушының эстетикалық талғам деңгейін дамытып қана қоймай, дүниетанымын да арттырады. Жас жеткіншектерді өнерге баулу танымын арттырып, ақыл — ой қабілеттерін жетілдіреді. Қиял әлеміне еніп, ұшқыр ойлы болып қалыптасады. Бала қиялын шарықтатып, арман — мақсатының өресін биіктетуде, шығармашылыққа жетелеуде  көркем еңбек пәнінің рөлі зор. «Бұлақ көрсең, көзін аш!» демекші, біздің, көркем еңбек пәні мұғалімдерінің  ұстанымы  —   өнерді сүйген өрімтал жастардың ептілігін қалыпқа салып, шығармашылығын дамыту.

Жоба жасауға баулудың инновациялық тәсілдерінің бірі  АКТ-ны пайдаланып, алдын ала макетін жасаудан басталады. «Өнеріне қарай — өрнегі, тірлігіне қарай — тірнегі» демекші, оқушыларға жоба жасаудың жоспарын құруды үйреткеніміз абзал. Ең алдымен, қандай макет жасайтынына таңдау мүмкіндігін берген жөн.

Біз үшін жаhандануға, өркениетке ұлттық ерекшелігімізбен, ұлттық құндылықтарымызбен қадам басу маңызды. Мысалы, ұлтық құндылыққа баули оқыту мақсатында сазбалшықтан құмыра жасау, ағаштан сандық жасау, киіз үй макетін жасау секілді бірнеше жоба жасауды ұсынуға болады

Таңдауына қарай оқушыларды 5-6 оқушыдан 3 топқа бөліп, АКТ арқылы көлемі мен өлшемін ескерте отырып, құмыра, сандық, киіз үй макетін жасауға бағыттаған дұрыс. Жоба макетін оқушылар алдымен, теориялық тұрғыда, слайд арқылы қорғайды.  Содан соң жобаға қажетті материалдарды жинақтап, сыныптан тыс уақытта өз топтарымен талдап, жасауға кіріседі. Оқушыларға бұйымдарды барынша табиғи  материалдардан жасағаны әлдеқайда тиімді болатынын ескерткен де жөн.  Сыныптан тыс уақытта бас қосып, шығармашылықпен айналысқан оқушыларды ой сергіту мақсатында ұлттық ойындарды, шахмат ойнатуға  да болады. Қажет кезінде ойнау арқылы ойланып алған  оқушыларымыз одан әрі шығармашылықпен қызыға айналысады. Бұл да —  мұғалімнің шеберлігін қажет ететін әрекет түрі.

«Өнерлі қол —  бақытқа жол» демекші, балалар мектеп жасынан өнердің құндылығын танып өссе, келекшегі үшін алмаңдамасы хақ. Өнерге жаны жақын,  дарынды да талантты жастарды қалыптастырудағы еңбегіміз жемісті болғай!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.