Сапалы білім-елдігіміздің кепілі
Қазақстанның білім берудегі басты мақсаты — көшбасы мемлекеттердің қатарындағы елдердің білім беру жүйесіне кіру. Бәсеке үдерісінде адам ресурсын сапалы дамытудың маңызы өте зор, сондықтан нарықтық экономикаға бейімделген бәсекеге қабілетті, жаңа заманда жаңаша ойлайтын, кәсіби құзыретті жеке тұлғаны дайындау шарт. Білікті маман даярлау – жоғары мектептің біртұтас құрамдас бөлігі, оның негізгі субъектісі ЖОО оқытушысы болып табылады. БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму.Тұрақты даму мақсаттары концепциясының 4 бөлімі -сапалы білім екен алға тартқым келеді. Елімізде де білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана биікке шығатынымызды ескерсек, бұл мәселе ұдайы назарда болуы тиіс. Бүгінде мұғалімдердің біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын жақсарту жолдары бірізділікпен жүйелі жолға қойылып келеді.Осы жайттарды ескере отыра, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті қылмыстық құқық,қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушылар құрамы сапалы білім беру мақсатында аянбай еңбек етуде. Жастарға сапалы білім беру, ғылыми бағытын айқындау, жаңашыл идеяларын қолдау біздің басты міндетіміз. Жастардың мамандықты дұрыс таңдауы, сапалы білім алуы — өзекті мәселе. Себебі, еліміздің дамуы, өсіп-өркендеуі жастардың мамандық таңдауына, өзі таңдаған кәсіпке деген ынтасына, алған біліміне байланысты және осы мәселеге ерекше көңіл бөлген жөн. Білім берудегі басты мақсат – елдің ертеңі үшін қызмет ететін білімді ұрпақ тәрбиелеу. Әр мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуының тағы бір көрсеткіші – әлемдік тәжірибеге сүйенген білімді маман даярлаумен тығыз байланысты. Осы орайда Мемлекет басшысы өз сөзінде шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының, соның ішінде Қазақстанға аса қажетті техникалық бағыттағы оқу орындарының филиалдарын ашу туралы айтқан сөзі – жастардың елден тыс кетпей-ақ, сапалы білім алуына жол ашатын тың жаңалық.
Жаңа Қазақстанды құрсақ деген арманымыздың түп тамыры саналы ұрпаққа сапалы білім бере отырып, ұлттық бағыттағы құндылықтарымызды бойларына құя білу арқылы асқаралы мақсаттарға жетеміз. Сапалы білім беру – бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз.
Берсугурова Л.Ш
Шарипова А.Б
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті қылмыстық құқық,қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының оқытушылары