Home » Мақалалар » ТӘРБИЕНІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ

ТӘРБИЕНІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ

Ботакөз Жарылғапова,
«Құрық орта мектеп-гимназиясы» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі.

«Білім негізі — бастауышта»

            Бүгінде егеменді еліміз қарыштап дамуда. Төрткүл дүниеге аты танылып, жер жаһанға өзінің мәдениетін, тілін танытып келеді. Осыдан ширек уақыт бұрын Қазақстан деген ел күллі дүниеге белгісіз болса, қазір құрлықтан ары орналасқан мемлекеттерге де белгілі. Бұл әрине біздің Мемлекет басшысының сарабдал саясатының жемісі деуге толық негіз бар.
Тәуелсіздігімізді жариялап, шекарамызды шегендеген бойда халқымыз білімге көп күш жұмсағаны жасырын емес. Себебі, егемендігіміздің шайқалмай тұрақты, әлсіремей қуатты болуы, білімді ұрпағымызға тікелей байланысты еді. Сол себептен болар зиялы ел ағалары «Білім негізі – бастауышта» деп білімді насихаттап, «білімдіге дүние — жарық, білімсіздің күні – ғаріп» болатынын айтудан жалықпады.
Қазіргі таңда өркениетті еліміздің тәй-тәй басқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеуде мектептің алатын орны айрықша. Мектеп қабырғасы білім алушы жасқа жаңа әлемнің есігін ашып беріп, рухани дүниесінің қалыптасуына негіз болады.
Сондықтан да білімнің сипаты мен мазмұны әлі күнге дейін жан-жақты талқыланып, күн тәртібінен түспей келеді. Өйткені, баланың жеке бас қасиеттері, адамгершілігі мен белсенді қалыптасуы бастауыш сыныптарда қалыптасатынын естен шығармағанымыз жөн. Бастауыш мектеп, оқушының рухани күш-қуат алып, шығармашылық қабілеттерінің ашылуына жол ашатын болғандықтан, оны жүзеге асыратын басты тұлға – Ұстаз. Тек мықты ұстаз ғана осындай ауыр жүкті алып жүре алмақ.
Қиырда ауыр нәубетті бастан өткерген дара халқымыз әрқашан да ұстаз мәртебесін көтеріп, аса жоғары қастерлеп, бағалаған. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп нақыл сөз жазып, «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп тәмсіл жазған.
Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ертеңгі ел тұтқасы десек, оларды парасатты, саналы азамат етіп тәрбиелеу – әрбір ұстаздың борышы. Бүгінгі тәлім беруші, жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, сыпайылық пен адамгершілікке бағыттап, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгертуге тиіс ойлаймын.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.