Home » Мақалалар » Ы.АЛТЫНСАРИННІҢ КІРМЕ СӨЗДЕРДІ ҚОЛДАНУЫ

Ы.АЛТЫНСАРИННІҢ КІРМЕ СӨЗДЕРДІ ҚОЛДАНУЫ

Амандаулетова Актолкын Кайрхановна
№28 жаратылыстану-математика
бағытындағы  мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші.
Орал қаласы
Бұл мақалада Ы. Алтынсарин еңбектеріндегі кірме сөздердің қолданылуы, шығармаларда кездесетін шет тілдердің элементтері туралы ғана әңгіме етілген.
В этой статье обсуждаются  использование ключевых слов и элементы иностранных языков, найденные  в произведениях Ы. Алтынсарина.
This article discusses the use of keywords and elements of foreign languages ​​found in Y. Altynsarin’s writings.
Кілт сөздер: кірме сөздер, сөздік құрамы, байырғы сөздер, орфографиясы жатық, фонетикалық вариант, лексикалық құрамы, ана тіліміздің ішкі ресурстары, жазба әдебиетімізге батыл енгізілді.
Ыбырай еңбектерінің бәрі – өлеңі болсын, әңгімелері болсын, аудармалары болсын – жалпы халықтық тілде жазылған. Қазақтың халықтық тілін жете меңгерген Ыбырай оның сөздік қорын өз шығармаларында жете пайдаланған. Ыбырай шығармаларының сөздік құрамы сан алуан. Ол өз еңбектерінде де тек қазақтың байырғы сөздерін ғана пайдаланып қойған жоқ, ана тіліміздегі кірме сөздерді де жатсынбай пайдаланып отырды. Олардың кейбіреуі қазіргі тілімізге жетіп, өзіміздің байырғы сөздерімізбен тең түсіп отыр да, кейбірі ескіріп, сөздік құрамнан шығып қалып отыр. Сайып келгенде, Ы.Алтынсарин шығармаларынан талай замандардан бері қарым-қатынас жасау, пікір алысуда үнемі қолданылып келген байырғы төл сөздер де, аз да болса жергілікті халықтың сөйлеу тілінде кездесетін ерекшелік те, басқа тілден енген сөздер де кездесіп отырады. Біз бұл мақалада Ыбырай шығармаларында кездесетін шет тілдердің элементтері туралы ғана әңгіме етпекпіз. Ыбырай қолданған сөздік құрамның бір сыпырасы – араб-иран тілдерінен енген сөздер.
Ұлы Қазан төңкерісіне дейін қазақ тіліне араб-иран тілдерінен бірсыпыра сөздер енді. Олардың ішінде әр түрлі салаға қатысты сөздер бар: сауда-саттыққа, дінге, оқу, өнер-білімге байланысты сөздер т.б. Алайда Ыбырайдың тілінен араб-иран элементтерін кездестіргенмен, қазақ сөздерін фонетикалық жағынан дұрыс бере алмайтын болғандықтан, араб алфавитінен бас тартқанын білеміз. Қазақ тілінің тазалығын сақтауға шақырды, түсініксіз сөздері көп татарша сауаттандыруға ашық түрде қарсы болды. Өзінің қазақ тілінде жазған еңбектерінде оғаш, түсініксіз көрінетін сөзін кездестірмейсіз десек, артық айтқандық болмас еді. Мысалы, оның шығармаларында қолданылған араб-иран сөздері қазақ тіліне әбден сіңісіп кеткен, орфографиясы жатық, қазақ халқына жалпы түсінікті сөздер.
Ыбырай шығармаларындағы араб-иран тілдерінен енген сөздерді жеке-жеке топтауға болар еді. Олар – оқу-ағарту ісіне байланысты сөздер: Мысалы, кітап /қх, 32/, әдет /қх, 53/, қағаз /қх, 3/, сурет /қх, 4/ т.б. Айта кететін бір жайт, қазақ тіліндегі ұстаз сөзі (шығу төркіні арабтан) Ыбырай еңбектерінде бастан-аяқ ұстат түрінде беріліп отырады. Мұның себебі осы сөздің («ұстаз») парсы тілінде Остад деген фонетикалық вариантта да айтылуынан болуы тиіс.
Үй тұрмысы мен шаруашылыққа байланысты енген сөздер:
Мысалы, жақұт:
«Елге кек, жұртқа намыс іс кез келсе, Жақұттай шығушы едің көзің жайнап». [1, 76-бет].
Жауһар: «Балдағы жауһар сап алтын» [1, 69-бет]. Сол сияқты базар /қх, 38/, орамал /қх, 4/, мүлік, мал, қызмет /қх, 27/ т.б.
Саяси-әкімшілік жұмысына байланысты енген сөздер: арыз /қх, 12/, әкім /қх, 31/, өсиет /қх, 11/, куә /қх, 98/, хабар /қх, сөз басы/ т.б.
Діни ұғымдарды білдіретін араб-иран сөздері: құдай /қх, сөз басы/, тауба /қх, 4/, намаз /қх, 3/, алда /қх, 9/, бата /қх, сөз басы/, дуа /қх, 52/, ораза /қх, 77/, қазірет /қх, 43/, медресе /қх, 34/, шайтан /қх, 53/, дін /қх, 3/, иман /қх, 3/, мырза /қх, 19/, муфти /қх, 43/, пұл /қх, 46/ т.б. Бұлардың ішінде кейбір сөз Ыбырайда қазақ тіліндегі дәстүрлі қолданылуынан өзгешелеу жұмсалған. Мысалы, күна деу орнына Ыбырай гүнә дейді: «Бір төре осындай іспен гүнәлі болып, әлгі айтылған қазаны берерге тұрғанда, гүнәлі төренің жас қыз баласы әкем үшін жауап беремін деп, мәлім болды.[1, 3-бет] Ыбырай бұл сөздерді, негізінен, дінді сынау, оның халыққа зияндығын айту үстінде қолданған. Ал бұл сияқты ислам дініне байланысты қазақ тілінде біраз уақытқа дейін пайдаланылып келген сөздер Ыбырай шығармаларына ғана тән емес, сол кездегі баспа беттерінен шығып жүрген еңбектер болсын, ауыз әдебиеті болсын, ауыз-екі сөйлеуде болсын бәріне тән құбылыс еді. Көп жағдайларда Ыбырай оларды сол кездегі надандықты келеке етіп, оны әшкерелеп отырудың құралы еткен. Бұл сөздер қазір заманы өтіп, тілімізде пайдаланылмайтын немесе сирек ұшырасатын архаизмдерге айналып отыр.
Ыбырай лексикасының құрамында бей- (би)- префикстері бар араб-иран сөздері де кездеседі. Бұл префикстер сөз құрамында қолданыла-қолданыла келіп, әбден сіңісіп кеткен. Мысалы, беймаза, бейшара, бейнет, бейнетқор т.б.
«-Сонда қазы қасындағы муфтиге айтты: — Осы екі қыдырынды тіленшілер екінші рет келіп беймаза етеді…» [1, 43-бет], бейшара қатынның қолы-басы жара, қан, үстіндегі киімін айырып тастапты, өзінің әлі күнге денесі жып-жылы екен [1, 55-бет] «… өз бейнетіммен тапқан бір-екі пұлға нан сатып алып жесем де, бойыма сол тамақ болып тарайды …» /«Қ.Х.», 46-бет/ «Екеуі де өзіме белгілі ақкөңіл, бейнетқор адамдар еді» [1, 58-бет].
Ыбырай шығармаларында заттық, мекендік, кеңістік ұғымында, әр түрлі мағынада қолданылатын сурет /қх, 3/, әлем /қх, 4/, дүние /қх, 65/, мекен /қх, 25/, әбірет /қх, 1/, райыс /қх, 12/, рақым /қх, 9/, рақат /қх, 79/, назар /қх, 1/, мұрат /х, 12/, сәулет /қх, 43/, әзиз /қх, 94/, реуішті /шылау, қх, 43/ сияқты сөздер жиі ұшырап отырады. «Олай болса, шырағым, ол кішкентай жәндіктер саған әбірет…» [1, 1-бет].
«Түлкі айтты: — ой неғыласың батыр, жаным райыс тауып тұрмын; қырда әрі сусап, әрі ыстықтап өліп едім, апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп-тұнық суы бар екен, — деді». /қх, 12/.
Бір айта кететін жайт, Ыбырай еңбектерінде күн, ай, жыл атауларын ескіше атау (сәуір, жұма дегеннен басқа) кездеспейді.
Мысалы:
«Сәуірде көтерілер рахмет туы;
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы,
Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп,
Жайылар жер жүзіне қардың суы…» [1, 78-бет] Ыбырай шығармаларында татар, башқұрт сөздері ұшырасып отырады. Олар: орам, қышқыру, кузель, ептес. Мысалы: «Сейіт орам үстінде жүгіріп бара жатқанда, бір арбалы келіп, аңдаусыз соғып кетіп, аяғын сындырыпты» [1, 9-бет].
«Қолын қатты тигізбей.
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан, —
Сондай сорлы анаға
Қыз қышқырса керек?» [1, 99-бет] «Уай, Ерден, енді тумас сендей кузель
Ішінен Бағанылы сендей қайнап!…» [1, 75-бет].
Ауырғаным себебі, қыстың күні ауылы жақын жердегі бір ептесімнің үйіне қонаққа барып едім». [1, 29-бет]. Бұл сөздердің бәрін Ыбырай қазақ орфографиясына үйлестіріп жазған. Татарша жазылуында олар былай болмақ: урам, гузел, иптәш. Ыбырай пайдаланған осы татар сөздерінің кейбіреуі әсіресе (орам, зор, көзел) баспа бетінде болмағанмен, ауызекі сөйлеуде ұшырасып отырады. Автор бұларды қазақ тілінің айтылу, жазылу нормасына үйлестіріп беріп отыр, өйткені олар тілімізге сіңісіп кеткен сөздер.
Орыс халқының революционер-демократ ағартушылары мен ақын-жазушыларының еңбектерімен танысу, олармен жақын дос болу Ыбырайды озық идея мен алдыңғы қатарлы өнер мен мәдениетке жетелеген еді. Бұнымен өзі  рухтанып қана қойған жоқ, қазақ халқы келешегін осы орыс өнері мен мәдениетінен табады деп біліп, оларды халық арасына батыл насихаттап, таратушы да болды. Ыбырай – орысша білім алып, ол білімін өз бетімен толықтырудың арқасында, орыс тілін жақсы игерген адам. Ол жөнінде Н.И.Ильминский былай дейді: «… на складочные деньги, в которых участвовал и Алтынсарин, они выписывали много серъезных и дельных книг и журналов. Алтынсарин все это читал с увлечением и таким путем приобрел значительное развитие и знания; русским языком овладел вполне».
Ы.Алтынсарин орыс сөздерін өз шығармаларында орынды пайдаланғанын көреміз. Мысалы, оның еңбектерінен орыстың товар, ярмарка, купец, завод, портрет, приказчик, фабрика, конфета, лекарь, книга, почта, ряд, пара, солдат, закон, награда, мужик, землянка, фонарь, ящик деген сөздерін кездестіреміз. Бұлардың бәрі дерлік орынды қолданылады. Не орыс өміріне байланысты, не қазақ тілінде сол сөздің баламасы болмаған жағдайда ғана қолданылғанын байқаймыз.
Ыбырай еңбектерінде ұшырасатын орыс тілінен енген сөздердің қолданысы сан-алуан салада кездеседі екен.
Мәдени тұрмысқа керекті зат атаулары: фонарь /қх, 53/, ящик /қх, 5/, землянка /қх, 59/, пошта /қх, 27/, канпет /қх, 28/, подрет, лекарь /қх, 27/, класс /қх, 29/ т.б. Ыбырайда кенеге деген сөз қойын кітапшасы мағынасында берілген: «Оқыған оқуымыз туралы бұл күнде ұстаттарымыз сонша разы; жаңада ең жақсы оқыған балалардың есебіне қосып, кенегесіне жазып қойды. [1, 59-бет].
Өнеркәсіпке байланысты сөздер: завот /Қ.Х., 48/, фабрика /Қ.Х., 35/.
Сауда-саттыққа байланысты сөздер: тәуар /Қ.Х., 39/, жарменке /Қ.Х., 38/, купес /Қ.Х., 61/, прикашик /Қ.Х., 35/.
Әкімшілікке байланысты сөздер: закон /Қ.Х., 45/, награт, князь, граф т.б. Бір мысал: «Рига деген қаланы жаулап алғанның соңында, Петр патса Меньшиков деген князға және Шереметев деген графка награт есебінде жаулап алған жерлерден жер беріпті-мыс» [1, 44-бет[. Қарап отырсақ, осы аталған сөздердің кейбіреуі орыс тілі арқылы басқа тілдерден енген. Мысалы: купец, приказчик, князь, граф. Бұлар қазір қазақ тілінде де, орыс тілінде де қолданылмайды, архаизмге айналып отыр.
Ыбырай шет елде ақша мөлшері мағынасында қолданылатын франк сөзін де пайдаланған. Мысалы: «Осындай жеті жылда он мың франк ақша тауып, енді бір қағаз фабрикасына кірістім». [1, 35-бет].
Бұл келтірілген мысалдардағы сөздердің көбін жазба әдебиетімізге батыл енгізіп, алғаш қолданғандардың бірі – Ыбырай. Олардың көбі Ыбырай шығармалары арқылы еніп, сонау XIX ғасырлың екінші жартысынан бері қазақ тілінің сөздік құрамынан берік орын алып келеді.
Ыбырай еңбектерінде бұл сөздердің жазылуының екі түрлі орфографиясы байқалады. Оның себебі мұнда екі түрлі жағдайда сауатты жазу жағын көздеген болуы тиіс. Мысалы, фонарь, ящик, фабрика, завод, солдат, закон, граф, князь, мужик, франк, судья сөздерін орыс тіліндегі дыбысталуы бойынша жазған да, қазақ тіліндегі жалғауларды солардың түбірінің жуан-жіңішкелігіне сәйкестендірген. (законға, фабрикаға, заводқа, мужикке, судьялық т.б.) Екіншіден, ол халық арасында айтылып үйреншікті болып кеткен орыс сөздерінің дыбысталу ерекшелігін ескерген. Яғни, ауызекі тілде қалай айтылса, солай жазған. (Жарменке, тауар, прикашик, купес т.б.) Байқап отырсақ, Ыбырай көп жағдайларда бұл сөздердің орыс тіліндегі жазылу қалпын сақтаған. Бұл – орыс тілінен ауысқан терминдерді (сөздерді) сол күйінде жазу керек деген қазіргі қағидамызға сәйкес келіп отырады.
Қорыта айтқанда, Ыбырай шығармаларының лексикалық құрамы сан алуан. Оның тіл байлығынан, негізінен, ана тіліміздің ішкі ресурстарын пайдаланғанын көреміз. Алайда оның сөздік құрамынан, орыс, татар, башқұрт тілдерінің элементтерін де кездестіреміз. Ы.Алтынсарин оларды белгілі бір мақсатта, қажетті жағдайда ғана, яғни айтылмақшы ұғымды, түсінікті білдіретін ана тілімізде балама табылмаған кезде ғана қолданған. Сүйтіп, Ы.Алтынсарин шет тілдерден енген сөздерді жазба әдебиетімізде қолдану арқылы ана тіліміздің сөздік құрамын байыта түскен.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қазақ хрестоматиясы Ы.Алтынсарин; жалпы ред.басқарған С.Садырбаев. — Алматы:  Білім, 2007

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.