Жуырда Алматы қаласы Наурызбай ауданына қарасты №200 мектеп-гимназиясында Алматы қаласы әкімінің қолдауымен «Алматы — біздің ортақ үйіміз» атты науқан аясында «Қызғалдақтар фестивальі» ұйымдастырылды. Аталмыш шараға №200 мектеп-гимназиясының ата-аналары өз үлестерін қосып, мектеп айналасына гүл отырғызу шараларын атқарды.
«Алматы — біздің ортақ үйіміз» науқаны жалпы қала бойынша 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында өткізіледі. Шараға кез-келген қала тұрғыны қатысып, өз үлесін қоса алады.
«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанының басты мақсаты – қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарау құндылығын қалыптастыру, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу, жеке экологиялық бастамаларды қолдау және оларды іске асыру үшін жағдай жасау.
Науқан барша тұрғындарды, қалалық құрылымдардың, бизнес, қоғамдық бірлестіктердің туған қаласын құрметтеуге күш-жігерін біріктіруді көздейді. Акцияға танымал кәсіпкерлер, атақты спортшылар мен эстрада және кино жұлдыздары қосылды.
Осылайша №200 мектеп-гимназиясында ата-аналардың жұмылумен өткен шара аталмыш бағдарламар аясына негізделді. Балалар халықтың болашағы, оларға тағылымды тәрбие көрсету әрбір қоғам мүшесінің міндеті деп білеміз.
Сонымен қатар №200 мектеп-гимназиясында әуесқой бокстан ҚР-ң спорт шебері, Астана Арланс сапында бүкіл әлемдік бокс сериясының чемпионы, кәсіпқой бокстан WBC, WBA нұсқалары бойынша 7 дүркін Азия чемпионы, WBO GLOBAL белбеуін иеленген тұңғыш қазақ, WBA нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионы Айдос Ерболсынұлымен кездесу өткізілді.
Аталмыш шараның мақсаты жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу, олардың рухын оятын, спортқа деген қызығушылықтарын арттыру. Айдос Ерболсынұлы өзінің спорттық жолымен қатар әр азамат қандай қабілеттерге ие болу керектігі жөнінде мотивациялық әңгімелерімен бөлісті.
Кез-келген дамушы мемлекеттерде жетістікке жеткен адамдар жастарды жігерлендіріп, олардың өсуіне моральдық және материалдық жол жасайды. Бұл біздің мемлекетіміздің де басты ұстанатын қағидасы.
«Білім айнасы»
Алматы қаласы
Дулатбек Нұрланұлы