Home » Мақалалар » Елімізде білікті исламтану мамандарын даярлаудың маңыздылығы артты

Елімізде білікті исламтану мамандарын даярлаудың маңыздылығы артты

Елімізде білікті исламтану мамандарын даярлаудың маңыздылығы артты

Бүгінгі күнде еліміз үшін дінаралық тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтау маңыздылығы артуда. Дін қоғамдық сана формасы және әлеуметтік институт ретінде қоғам мен адам өмірінде нақты қызметтер атқарады.

Зайырлы қоғамда діни білім беру мазмұны – әлемдік және дәстүрлі діндердің құндылықтарын ғылыми және зайырлы тұрғыдан зерделеу мен діни танымды қалыптастыру. Соңғы уақытта көптеген зайырлы мемлекеттер жоғары білім беру жүйесінің дін саласы мамандарын даярлауда исламтану негіздерін оқытуды қолға алуда. Біздің мемлекетіміз де көш соңынан қалар емес. Діни білім беру саласында «Дінтану» мамандығын оқытудың 20 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасы меңгеруші А.Д. Құрманалиеваның бастамасымен 2014 жылы «Исламтану» жаңа мамандығына лицензия алынып, зайырлы мемлекетіміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын жан-жақты түсіне білетін және білімі мен білігін нақты асыратын болашақ мамандар оқытылуда. Кафедра – өз қызметкерлерінің озық көрсеткіші арқылы мемлекетіміздің «Дінтану», «Мәдениеттану» және «Исламтану» мамандықтары бойынша кадрлар дайындауда жетекші орталығы болып табылады.

Зайырлы мемлекетте исламтану мамандығын оқытудың міндеті білім алушылар дүниетанымына зайырлы мәдениеттік ұстанымды, гуманистік және рухани-адамгершілік негіздерді бекіту. Исламтану – ислам жəне оның қағидаларын, тарихын, мəдениетін, мұсылман халықтарының құқықтары мен исламға қатысты қоғамдық-саяси ұйымдарға, діни-құқықтық жүйелерге, мектептерге байланысты өткені мен бүгінін оқытатын ғылыми білімдер жүйесі. Исламтану ғылым ретінде ислам туралы деректерге, рухани құндылықтар мен оны ұстанушылардың бағыт-бағдарларына қызмет етеді. Исламтанушы мұсылмандық сенім-таным мəселелерімен, діни-саяси қозғалыстарды оқып-үйренумен шұғылданады. Мұсылмандық құқық, дəстүрлер, тұрмыс-тіршілік, мұсылман халықтарының материалдық жəне рухани мəдениетін зерттейді, мұсылман философиясының маманы болып саналады, исламның өркениеттік (институционалдық жəне құндылықтық) өлшемдеріне маманданады. Ислам негіздерін оқытудың артықшылығы: ислам дінінің стратегиясы мен құндылықтарын ұстанатын халықтардың әлеуметтік-мәдени және рухани-адамгершілік өмірінің қасиетті және зайырлы аспектілерін тану; діни сана-сезімнің, рәсімдік тәжірибе мен менталитет ерекшеліктерін меңгеру.

Ел саясатының бәсекеге қабілетті дін қызметкерлерін даярлаудағы түпкі мақсаты – елде ұлтаралық және конфессияаралық қатынас мәдениетін орнату, діни экстремизм мен фанатизмге қарсы күресе білетін құзірет қалыптастыруды жүзеге асыру. Дін мен қоғам арақатынасын, діни құндылықтардың ұлттық бірлікті сақтаудағы орны мен рөлін зерделеу әрқашан өзекті болып қала бермек. Еліміздің қоғам өмірі мен адамаралық қатынасты тұрақтандыру ісі дін саласы мамандарына үлкен жауапкершілік жүктері сөзсіз.

Нұрзат МҰҚАН
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,
«Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының
аға оқытушысы, PhD,
Бақытгүл Өтегенқызы Байгазиева,
исламтану мамандығының 1-курс магистранты
www.kaznu.kz

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.