Home » Жаңалықтар » Жас келсе іске…

Жас келсе іске…

    «Сөзіне қарай кісі ал, Кісіге қарап сөз алма»,- деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, бүгін де сөзі мен ісі келісті адам ғана құрмет пен мақтауға лайық. Көрген көзге нұрын сыйлап, еңбегінің нәтижесі айналасын қуантып  және жасалған жұмысының өзгеге пайдасы  тиіп жатса керемет емес пе?!

Осы орайда, Нұр-сұлтан қаласы, Сарыарқа ауданында орналасқан №65 мектеп-гимназиясына, «Бір күн» жобасы аясында табан тіредік. Қайнаған қызу тіршіліктің ортасына дөп келдік. Басына ақ бантик байлаған қыз бен үстінде ақ көйлегі бар ұлды көріп, бір сәтке балалығымның бейнесі елестеді. Әрмен қарай қадамдай келе, арбаға таңылған әппақ аруды көрдім. Өмірге деген барлық наламды көз алдыма бір жүгіртіп, шүкірме келдім.

Алдымыздан мектеп директоры Нұргуль Жақсыбекқызы кезікті. Сұхбат жүргіздік. Сөзіне сүйсіндім. Тек сөзі емес ісіне тәнтті болдым. Білім ошағында бүгінде 3200 оқушы тәлім алады. Оның 110 оқушысы арнайы білімді қажет етеді, арбаға таңылып, армандарына асығып, бір үміттің барына сенеді.  Ал, 117 оқушы есту қабілетінен айрылып, өмірді сүйіп, тек жүрегімен естиді, сезеді. Білім мекемесін біраз араладық. Бір арба түгілі бір адамның өзі қымтырыла, қыстырыла міңгесетін жедел сатыға көз түсті.  Нұргуль Жақсыбекқызы осы жылы жаңа, оқушыларға қолайлы жедел сатылардың салынатынын алға тартты. Оқушылардың жағдайын жасап, бір жыл көлемінде мектепті басқарып отырған басшының атқарып жатқан жұмыстарын сөзге тиек етпеу мүмкін бе?!

№65 мектеп- гимназиясы 2010 жылдың қыркүйегінен бастап пайдалануға берілген. Жалпыға ортақ білім беретін ошақта «инклюзивті білімді» қажет ететін оқушылар мен есту қабілеті нашар балалар тәрбиеленіп келеді. Ең асылы, мектеп қатарындағы өзге оқушылар сияқты аттестат алуларына мүмкіндік бар. Яғни, болашақта өзі қалаған биіктен көрінуге бірінші қадам осы мекемеден басталмақ. Аталмыш мектептің басшысы, сонымен қатар арнайы білімді қажет ететін балғындарға арнап үйірмелер ашуды жоспарлап отыр: «Олар арбаға таңылды екен деп, білімнен басқасынан оқшаулау дұрыс емес. Бойларында талант, ісінде әр неге икемі бар. Неге сол болмысты дамытуға ықпал жасамасқа?!»,- деп сөзін түйіндеді.

Иә, бәріміз пендеміз ғой, періште көкте ғана. Алайда, жүрегіміздегі әппақ әлемді сөндіріп алмасақ екен. Мектеп ұжымына шын көңілімнен толағай табыс емес, жемісті күндер тіледім.

Диана НҰРБЕКҚЫЗЫ
BILIM AINASY
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.