Home » Мақалалар » Ұлының ұлы болу

Ұлының ұлы болу

Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№102 жалпы білім беретін мектептің
Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қасым Олжас Мейрамұлы 

          Мұрат Әуезов – үлкен интелектуал. Сөйлеп кетсе қара сөзге дес бермейтін шешен. Совет заманында ол мінберге сирек көтерілетін. Сақтықтан. Ал КСРО құлағаннан кейін Мұрат кібіртіктеуді білмеді. Шын жүйрік шаршы топты көрсе арқаланады. Сол мінезі бірде Бішкек қаласында байқалады. Аталмыш қалада интеллектуалдық дода екі күнге созылады. Нәтижесінде, қазақ шешені Мұрат топ жарады. Аталы сөзге тоқтаған айтқыштар ақырында Әуезовтің аузына қараған. Мұрат Мұхтарұлы – болмысынан әдебиет, мәдениет насихатшысы. Ол шалқар біліммен терең талғампаз. Кез келген әдеби құбылысты бағалағанда былайғы жұрт байқамайтын қырларын көре қалады. Басқаша бағалайды. Бүгінде Мұқаң «Мұхтар Әуезов қорын» басқарады. Қор жазушы мұрасын насихаттауда қыруар жұмыстар атқарды. Атқарып та келеді. Тұңғыш рет ұлы жазушының ата-тегін  тарих қойнауынан тартып дәлелдейтін шежіресі жасалып, жарық көрді. Кеңес заманында 4 аудармашы қатысып, ұлтымыздың ұлы эпопеясы «Абай жолы» қайта аударылды. Бұл ұлан-ғайыр жобаны айтып сөз шебері Анатолий Ким жүзеге асырды. «ЖЗЛ» сериясымен  Мәскеуде «Трагедия триумфатора» атты кітап және «Қазақфильмде» осы аттас ұлы жазушы өмірінен деректі фильм түсірілді. Екеуінің де авторы мәскеулік профессор Николай Анастасеев. Ұйымдастырушысы – Мұрат Әуезов. Бүгінде қор Мұхтар Әуезов мұрасын жинастыру, насихаттау жұмыстарын одан әрмен жүргізіп жатыр. Алда Әуезов мұраларын шетел тілдеріне қайта аудару жұмыстары тұр. Осы қордың бір алқа мүшесі ретінде Мұрат Мұхтарұлы атқарып жатқан осынау жүйелі жұмыстар көрген сайын алашшыл алып Әуезовтің Мұраттай ұл тәрбиелеп соңына қалдыра білгеніне таңырқамай отыра алмаспыз. Алыптың алыптығы соңында тек қана әдеби мұра емес, адами мұра қалдыра білуімен де ерекшеленеді екен. Әрбір айтқан сөз, басқан қадамы қалың қазаққа өнеге болған алашшыл алып Әуезов соңында Мұраттай мұрагер қалдыра алмаса не болар еді?! Ұлы тұлғаның тұлғасына, алға қарайтын алашшылдығына онда біз кәдімгідей күмән келтірген болар едік қой. Сөз жоқ, тұлға тұтастығына сына түскен болар еді… Абыз Әуезов мұны да бізден бұрын білсе керек, ойласа керек… Ең болмаса бір ұлы ата жолын қуса екен деп армандаса керек. Бозбала Мұратты қолынан жетектеп алып, МГУ-дің Шығыстану факультетіне  беруі сол арманнан туындағаны көрініп тұр. Ұлы Әуезов өмірінің соңғы жылдарында Ресейдегі миллиондаған қазақтың өзінің ұлттық мәдениетпен белгілі халқының  болмысын «Литературная газета»  бетінде қабырғасы қайыса жазған екен. Студент Мұраттың Мәскеуде құрған «Жас тұлпарының» ең алғашқы құрған сапары да сол Ресейдегі қазақтар тұратын облыстар болғаны белгілі. Бұдан біз «Жас тұлпар» ұйымының құрылуын Әуезов аманатын орындаудан бастағанын көреміз. Яғни қазақ мәселесімен, оның ішіндегі шетелдегі қазақ мәселесімен айналысудан бастағанын көреміз. Бұл ұлы жазушы жүрегін ауыртқан мәселе екенін айттық. Кешегі зұлмат жылдары әлемге тарыдай шашылған қазақ тағдыры алашшыл алып азаматтың түн ұйқысын талай төрт бөлген. Өйткені Алаш азаматтығы мен тұтастығы Әуезов арманы еді. Алашшылдар арманы еді… Сондықтан олар ел тұтастығы, жер тұтастығы, тіл тұтастығы, дін тұтастығы жолында бастарын бәйгеге тікті. Бастары кеткен алашшылдар болашақ үшін жас Мұхтарды аман сақтауды ойлады. Бұл жас талант алдағы заманға алаш арманын айту үшін керек деп білді. Әуезов осы аманатқа адал болды. Дүниеге «Абай жолын» әкелді. Сондықтан «Абай жолы» – бүгінгі ұрпаққа кешегі қазақ құндылығын төкпей-шашпай жеткізген алыптар аманаты. Ең алдымен, алаштың ұлан-ғайыр бай тілінің аманаты. Өйткені, қазақ тілі қазақ тұтастығының  кепілі. Әуезовтей алашшыл алыптың Мұраттай перзенті алаш тілін білмеуі мүмкін емес еді. Білмесе, онда бұл сөзсіз тарихи тұлға тұтастығына мін болар еді. Алайда, тегіне тартқан текті ұл әке атына кір жұқтырмады. Мектепті, жоғары оқу орнын орысша бітіргеніне қарамастан ол көпке созбай қазақ тілі мұхитында құлаштап жүзетін болды. Бұл да әкеден қалған өнеге, адасқандарды ұлттық тұтастыққа, тілдік тұтастыққа үндеудің бір үлгісі еді.

Қоғам қайраткері, ойшыл, зияткер, мәдениеттанушы Мұрат жазған кітаптар соншалықты көп емес. Бір айтарымыз: Мұрат Әуезов аузынан шыққан лебіз, қаламынан туған ойлар ешқашан елеусіз қалған емес. Олар жоғалып кетпей, құнарлы топыраққа түскен дәндей, тыңдармандар санасында тамыр салып,  бүрленіп, гүлденіп отыратын. Сирек те болса, қоғамымызда жоқ емес, Мұрат Әуезовтей ойшыл да эстет, алашшыл тұлғаның арамызда бір ғибраты… және басты ғибраты осы деп білеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Егемен Қазақстан» газеті 2013 ж №43-47, 6 бет Смағұл Елубай «Тектілік» мақаласынан
  2. Мұрат Әуезов «Ділім» кітабы Жібек жолы 2018 ж

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.