Home » Ашық сабақтар » Ілмек бізбен тоқу технологиясы

Ілмек бізбен тоқу технологиясы

Сабақтың мақсаты:

Білімділігі: тоқыма өнері туралы мағлұмат бере отырып, ілмек бізбен тоқуға үйрету.

Дамытушылығы: оқушыларды жинақылыққа, ойларын тұжырымдай білуге, тиянақтық пен әсемдікке үйрету.

Тәрбиелілігі: бастаған жұмысты жауапкершілікпен, шыдамдылықпен, ұқыптылықпен орындауға үйрету.

Сабақтың түрі: аралас сабақ

Сабақтың көрнекілігі: тоқыма бұйымдарынан көрме, интерактивті тақтамен

жұмыс, схема, слайд.

Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру кезеңі.

а) сәлемдесу

б) оқушыларды түгендеу

                             ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.

  1. Қандай қолөнерін түрлерін білеміз?
  2. Тоқыма өнері дегеніміз не?
  1. Тоқуға арналған құрал-жабдықтарды ата?
  2. Іліп тоқуға арналған иірімжіп түрлерін білесіңдер?

ІІІ. Жаңа сабақ

Тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан, ең алғаш киімі мен үй жабдығының негізі болған қадірменді өнер. Бұл тамаша өнер қазіргі талап тілектер тұрғысынан жалғастырып, тұрмыспен бірге ұласа дамып, одан сайын жетіліп, адамдарды сұлулыққа, әсемділікке жетелеуде. Адамдардың тұрмыс халдері үнемі өрлеуіне сай олардың мәдени тұрмыстық тілектері өсе түсуде. Сондықтан да әр адам киген киімінің қазіргі сән үлгісіне сәйкес бола отырып, қайталанбас әсем ерекшелігін, даралығын таныта білуге тырысады. Міне, осыған орай бізге көмекке келген өнердің бірі – тоқыма. Тоқымамен айналысқанда адам жеке басына аса қажет нәрсені жасау үшін тоқымайды: осы тоқу үстіндегі түрлі түсті бояулар әлемінің үйлесімділігін, алуан түрлі сән үлгілерін таңдап, түрлі тоқу әдістерін меңгеруі адамның талғамын, шеберлігін, ой-өрісін жетілдіріп, көркемдікті сезіну қабілетін дамытады. Соған орай, тоқу өнері басқа да істер сияқты үйренуді, ізденуді қажет етеді. Қазақ қолөнершілері тоқу ісіне көбінесе жүннен иірілген жіптерді пайдаланған.

Іліп тоқуға арналған иірім жіп түрлері:

Зығыр, мақта иірімжібі, мохер, жүн иірімжібі, ангор, кашемир, альпак, вискоза, фасонды иірім жіп.

Тоқыма тоқу үшін таза жүннен, мақтадан, вискозадан, синтетикадан, жүн мен синтетикадан аралас иірілген жіптер пайдаланылады. Сондай-ақ бұрын пайдаланылған жіптерді де тарқатып, қайта қолдануға болады. Ілмекпен тоқу үшін кез келген жіпті пайдалануға болады, жүннен, мақтадан иірілген немесе жібек жіптер, т.б.

Жүн – жануарлардан алынатын табиғи материал. Оны қазақ халқы мыңдаған жылдар бұрын іске асырған. Қой, ешкі, қоян, түйе жүндерінен жіп иіріп, мата өндіруге, тоқыма, кілем, алаша тоқуға қолданған. Қой жүні – күзем және жабағы жүніне бөлінеді. Қойдың қозысынан алынған жүнді қозы жүн деп атайды. Қой жүнін қырқып алған соң, оны жуып кептіреді де, сабауға дайындайды. Жүнді сабау технологиясына сабау мен тулақ құралдары қажет. Содан кейін жүнді тарақпен тарап, қолмен түтеді.

Ұршық – жүнді қолмен иіруге арналған негізгі аспап. Бұл — қарапайым аспап, әр елдің ұршығының сыртқы қалпы өзінше ерекшеленеді. Қазақтың ұршығы 30 см шамасында, сабы конус тәрізденіп келеді. Ең жуан жеріне сақина кигізілген. Оның ішкі тесігінің диаметрі — 2, 5 мм, ал, сыртқы өлшемі — 30мм.

 

Тоқыма үшін қажетті құралдар:

  1. Біз.
  2. Жіп

Біздің өзі әрқалай бөлінеді. Мысалы:

  1. Қарапайым сым темірден жасалған біз. Бұл көбінесе шұлық тоқуға, мойын орағыш тоқуға, баскиім, т.б. тоқуға арналған. Оны қазіргі таңда пластмассадан, ағаштан, бамбуктен, сүйектен жасауға болады.
  2. Екі басы сым темірден жасалған, ортасына түтікше пластмасса кигізілген қарапайым біз.
  3. Ілмек біз. Аты айтып тұрғандай іліп тоқуға арналған біздің бір түрі. Ілмек біздің әр түрлісі болады. Мысалы ата-бабаларымыздың бұл бізді қойдың кәрі жілігінің басындағы кішкентай бөлініп шығатын сүйегінен жасаған. Ал қазіргі заманда арнайы сауда орындарынан сатып алуға болады. Бұл бізді қолданғанда жуан жіптерді жуан ілмек бізбен, ал жіңішке ілмек бізбен тоқу керек. Әдетте үстіге киетін киімдерді бостау иірген, ал дастарқан, салфетка, сумка сияқты заттарды ширақ иірілген жіппен тоқиды. Бөлшектерінің сыртқы пішіні үлгімен есепке сәйкес шалуды қосу, қысқарту, сирек те жиі тоқу арқылы жасалады.

Тізбек бірнеше үлпілдек шалудан жасалған, тізбектер алғашқы қатар тоқылуға тиіс бар бұйымның бастапқы негізі болып саналады. Ілмектің ұшына бір шалу жасайды да жіпті ілмекке орап, алғашқы шалудың ортасына өткізіп алады. Осылайша қайталана береді.

Ілмекпен тоқуда негізгі элементтері – бос шалу, біріктіру бағаншасы, шалмасыз бағанша, шалмалы бағанша, екі шалмалы бағанша, үш шалмалы бағанша, төрт шалмалы бағанша, пико, жарты бағанша және т.б.

 

Ілмек бізбен тоқу кең тарап, тоқу арқылы жасалған бұйымдар жоғары бағаланатындықтан әр түрлі басылым беттерінде шеберлер өзінің өнерін көрсету үшін ілмек бізбен тоқудың шартты белгілерін ойлап тауып, сол арқылы халыққа белгілі бір бұйымды тоқу әдісін көрсетеді.

Шартты белгілер.

о- үлпілдек шалу. + жай шалу.

— -қысқа шалу. + — 1 бос жіп қосылған шалу.

Жай шалу – ілмекті тізбектегі 3 шалудың алдынан артына қарай өткізеді. Содан соң ілмекке жіпті орап, оны ілмектегі екі шалудан өткізіп алады.

Бос жіп қосылған шалу. Бағананың (шалудың) биіктігін көтеру үшін оны бір не бірнеше бос жіп қосып тоқу керек ілмекке жіпті орап, бұрынғы қатардағы не тізбектегі 4 шалудан өткізеді де, оған қайта жіп орап, 1 шалуды тартып шығарады жіпті қайта орап, оны ілмектегі шалумен бос жіптен (2шалудан) өткізеді, жіпті тағы орап, оны да соңғы 2 шалудан өткізіп алады. Ал ілмектің ұшында әрқашан бір шалу қалып отыру керек.

Тоқыма үшін қажетті құралдар:

  1. Біз, жіп, біз түрлері, бес біз, екі басы сым ілмек біз, ортасы түтікше

пластмасса біз.

Қауіпсіздік ережесі:

  1. Жұмыс орны жақсы жарықтандырылған болуы керек.
  2. Орындық арқасы сүйеніп, тік отыру қажет.
  3. Тоқу кезінде арқасы бар орындықта басты сәл иіп отырады.
  4. Ілмекбіздің ұшы қауіпсіз, шектелген болуы керек.
  5. Тоқып жатқан жайма бүлінбеуі үшін және қолда иірімжіптің қиқымдары қалмас үшін тоқып бастағанда және аяқтағанда қолды жуу керек.
  6. Жұмыс соңында барлық құрал-жабдықтар жәшікке жинап салу керек.
  7. Ілмекбізді қорабымен алып жүру қажет.
  8. Сарамандық жұмыс жүргізу:

«Ілмекбізбен іліп тоқу»

Жоғарыда мысалға келтірілген тоқу элементтерін пайдаланып, тоқып үйреніңдер. (Бос шалу, бос шалу тізбегі, орам, біріктіргіш бағанша, шалмасыз бағанша, шалмалы бағанша, екі шалмалы бағанша.)

V. Жаңа сабақты бекіту

1.Иірімжіптің қандай түрлерін білесіңдер?

2.Салыстырмалы түрде ең берік иірімжіпті атаңдар.

3.Сапасы және түсі әр түрлі талшықтарды араластыру жолымен алынатын қандай иірімжіпті білесіңдер?

4.Иірімжіп зат белгісіне қарап ұсынылған ілмекбіздің номерін қалай білуге болады?

VІ. Бағалау

VІІ. Үйге тапсырма: гүл тоқып үйрену

Сулейменова Бакшагул Балтиновна

Әлихан Бөкейхан атындағы №76 ЖББОМ

Технология пәнінің мұғалімі

Қарағанды қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.