Аулбекова Айсұлу Камалжанқызы,
Астана қаласы
«Дарынды қыз балаларға арналған
«Білім-инновация» лицей-интернаты» КММ
11 сынып оқушысы
«Білім-инновация» лицей-интернаты» КММ
11 сынып оқушысы
Менің болашақ мамандығым
«Тәуелсіз, егеменді» деген сөзді түсіну оңай сияқты. Бірақ Тәуелсіздік алған елдің тәуелсіз азаматтарының ойы жыл өткен сайын өзгеріп, үлкен буын ағалардың кей пікірімен келіспей қалатынын естігенде «бүгінгінің жастары ешнәрсенің байыбына бармайды» деген сөзді жиі естисің. Қате айтсам дұрыс жеткізе алмағандығымнан шығар. Тәуелсіз мемлекет еркін ойлай алатын, әлемді өзгерткісі келетін, жаңашыл ойлай білетін, әлем таныған жастармен гүлденіп көркейеді емес пе? Еркін елде біз дүниеге келдік. Көк ту, Елтаңбамыз, өз теңгеміз, ұлттық киіміміз, салт дәстүр, әдет ғұрпымыз, туған елге, жерге деген сүйіспеншілігіміз, сезімдеріміз барлығы қадірлі…
Сыныпта тыныштық… Қазақстан тарихы сабағы арасында Ұлы Абайды, Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіпті, қолына найза ұстап елін қорғаған батырларды, дүниежүзілік соғыста жанын берген жауынгерлер жайлы, әр нәрсенің басын шалып тарих пәнінің ағайы сабақ беріп тұр…
Арасында біздің киген киіміміз, сөйлеген сөзіміз, тіпті айтқан пікірлеріміз тарихқа қосылып жатқандай. Өзі өмір сүрген кезеңде барлығы ұстазын сыйлай білген, тек ұстаз көрсеткен ғана жолмен жүрген, артық сөйлемеген, күндіз-түні оқудан бас алмаған бала болған…
Сол заманда барлығы үкіметтің қолында, халыққа жағдай жақсы жасалған, тегін тамақ, жылы баспана, бай, кедей деген ұғым болмаған, зейнеткерлерге уақытымен зейнетақы тағайындалынған. Ұстаздарға ерекше құрмет көрсетілген, ауыл болып сыйлап, баласына қатты сөз айтса да, ата ана тек ұстазды тыңдаған деген сынды сөздер айтылды. Ал кейіннен …
Алғаш тәуелсіздік алған тоқырау жылдары талай ұстаз ала дорба көтеріп, қаламын тастап, қаладан тауар тасуға көшкен. Білікті мамандар өз еңбегіне сай қаражат ала алмаған, құрметке бөленудің орнына «құрбандыққа шалынғандар» көп болған екен. Сөзін жалғастыра түсті:
«Бүгінде ата анасының ақшасына сенетін, білімді де сатып алуға болады дейтін жастар көбейді. Тағылым тәрбиені, қолындағы телефоннан алатын, қысқа ойлайтын, беттен алатын шәкірттеріміз көп», — деп көзілдірігін көтеріп қойды. Ішімнен бір дауыс «ағай, Сіздікі қате!» деп айтқысы келді. Бірақ қырық жылдық тәжірибесі бар, екі дәуірді көрген, ұлағатты ұстаздың ойын өзгерту мүмкін емес екенін білемін. Ішінде Тәуелсіз еліміздің болашағына деген, жастарына деген сенімсіздігі тағы бар.
Менің бала кезімнен армандап айтып жүрген, болашақта танымал әртіс боламын деген ойым өзгере бастағандай… Мен ұстаздыққа «қызыға» бастадым . Неге?… Бағаға сенетін емес, шәкіртінің әр ойын бағалай білетін, қиялдап айтатын дүниесін «шетелден көшіріп» алды демейтін, қорқып емес, сыйласа жүріп құрметке бөленетін, жаңа заманның жетістігін жете түсінетін жан болғым келді. Болашақ барлық технологияларды меңгерген, ақпараттарға бай, бірнеше тілде еркін сөйлейтін, өзі қызығатын дүниені мамандығына айналдыра алатын, үлкендердің нұсқауымен емес, жан жүрегімен мамандығын мақтанышына айналдыра алатын жастардың қолында екенін білсе деймін.
Өзіндік үні, мәртебесі бар Қазақстанның бір кірпіші болып қаланғым келеді. Халық атынан сөйлей алатын, сөзін құлақ салып тыңдайтын шәкірттері бар, мемлекеттің бағыт бағдарына үлес қоса алатын тұлға болып қалыптасқым келеді. Біз солардың қатарынан болуымыз керек.
Арманыма қол жеткізіп ұстаз атансам шәкірттеріме талап қоярдан бұрын, талғамдарын тануға тырысармын…
Ойларымен бөлісуге, пікірлерін айтуға уақыт бөлетін едім, өнер мен білімді қатар алып жүруге жағдай жасар едім. Болашаққа сеніммен қарайтын, білім жолында өркендеудің жаңа жолын іздейтін , ұлттық идеяны сақтап, тарихи мұра, құндылықтарды сөзбен емес үлгісін көрсететін үлгі болар жанға айналсам деймін. Ұстазына қарап «менде ұстаз боламын» деуге, ұстаздың пікіріне қарап «қатесін жөндеп» дұрысы осы ғой деп өз ойыңды іске асыру үшін ұстаздықты мамандығыңа айналдыруға болады екен. Жастарға сену керек деген ой ішімде шыға алмай бұлқынып жатқандай… Бұл қазіргі жаңа заманның ұрпақтарының үні…
Жақсы ұстаз болу көп сөзде «орынсыз ақыл» айтуда емес, шынайылықта. Барлық істе көптің көзімен қарап, ортақ «қағидаларға» сүйенбей жасөспірімдердің, жастардың көзімен қарауға үңілу сияқты… Құзіреттілікке емес, еркіндікке жол ашылса екен. Ниетін жөндеп, ойын дәлелмен өзгертуге жұмыс жасалса ғой. Мен өз елімнің болашағын осымен байланыстырғым келеді. Біз бақытты, тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Біз үшін қолынан келгенше жағдай жасап жатқан өсіп өркендеу жолындағы елімнің бір керегіне үлес қосу – менің борышым.